«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ҚАРЫМЫ МОЛ

Өткен жылдан бастап елімізде “Өрлеу” қанатқақты жобасы жүзеге асырыла бастаған болатын. Оның мақсаты – әлеуметтік көмек көрсету жүйесін мемлекеттік қолдаудың және масылдықтың алдын алудың белсенді әдістерін кеңінен пайдалану бағытында жаңғырту. Мемлекеттен арнайы жәрдемақы алатын, бірақ жұмыс істеуге қабілеті бар адамдарды жұмысқа орналастыру, не болмаса оқыту бағдарламаларына қатыстыра отырып, әлеуметтік келісімшарт негізінде қаржылай көмек көрсетуге негізделген жобаға өңіріміздің Жамбыл, Мамлют, Тайынша, Тимирязев аудандарынан 38 отбасы қатыспақ. Ал ендігі жылы барлық аудандар жобаға тартылатын болады. Бұл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереевтің қатысуымен өткен брифингте белгілі болды.

Өңірімізде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының қатысушылары үшін 515 пәтер салынған. Жыл соңында Петропавл қаласының “Береке” шағынауданында екі жатақхана пайдалануға берілмек. Жатақханадағы 200 пәтер 29 жасқа толмаған еңбеккер жастардың еншісіне беріледі. Олардың қатарында жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анадан айрылған жетім балалар бар. Мұндай тұлғалар әскер қатарына алынса, онда жасы Отан алдындағы борышын өтеу уақытына сәйкес ұлғайтылатын болады.

Жұмыссыздықтың өткен жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға кемігендігін айтқан Асқар Сақыпкереев биыл 14 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылғандығын жеткізді. Алайда, оның төрт мыңдайы – уақытша жұмыспен қамтылғандар. Яғни, маусымдық жұмысқа тартылғандар тағы да жұмыссыздар қатарына қосылады деген сөз. Ал қоғамның ең әлжуаз тобы – мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету жоспар бойынша жүргізілуде. Екі жарым мыңнан астам мүгедек оңалту құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал кембағал жандарға нысандардың қолжетімділігі – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Өңіріміз бойынша нысандардың тек 7,6 пайызы ғана толық қолжетімді.

Ал облыс орталығы бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайын баяндаған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мереке Мұхамедияровтың айтуынша, үстіміздегі жылдан бастап Петропавлдағы емдеу мекемелеріне келетін жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің мөлшері 200 АЕК-ге дейін көбейтілмек. Сондай-ақ, қиын өмірлік жағдайларға душар болғандарға бірреттік жәрдемақы төленеді екен. Олардың қатарында төтенше жағдайға душар болғандар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер, жетім балалар, туберкулездің ашық түрімен ауыратындар бар. Мәселен, соңғыларына амбулаторлық ем алу кезінде 10 АЕК мөлшерінде бірреттік жәрдемақы төленсе, өткен аптада болған, нөсерлете жауған жаңбырдан зардап шеккен Ойқала шағынауданының тұрғындарына 70 АЕК көлемінде жәрдемақы берілмек.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp