
Мамлют ауданындағы Октябрь ауылының тумалары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, химия ғылымдарының докторлары, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматтары Еренғайып Шайхутдинов пен Зейнолла Молдахметов өздері туып-өскен, білім алған Қызылжар өңіріне келіп, ата- қонысында, оқыған мектептерінде болып, жерлестерімен қауышты.
Екі академик те бұрынғы Булаев, қазіргі М.Жұмабаев ауданындағы Чистов орта мектебін үздік тамамдаған.
Еренғайып Мәлікұлы Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы Нәзік химиялық технология институтын, оның аспирантурасын бітірген. 1975 жылы 42 жасында докторлық диссертация қорғаған. Еңбек жолын Қарағанды синтетикалық каучук зауытында ауысым бастығы болып бастап, Қазақ политехникалық институтының ректоры (қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) қызметіне дейін көтерілген. 600-ден астам ғылыми еңбектің және бірнеше жаңалықтың, 9 монографияның авторы. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, бірнеше шетел академиясының академигі. Қазақстандағы полимеризациялық химия процестерінің негізін қалаушы. “Құрмет”, “Парасат” ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Қазір Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Зейнолла Молдахметұлы Чистов орта мектебін бітіргеннен кейін Абай атындағы Алматы педагогика институтының физика-математика факультетінде оқып, жоғары білім алған. Еңбек жолын өзі оқыған Чистов орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып бастап, №1 Мамлют орта мектебінде директорлық қызмет атқарған. М. В. Ломоносов атындағы Нәзік химиялық технология институтының аспирантурасын бітіріп, 1972 жылы 39 жасында докторлық диссертация қорғаған. Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтының, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметтерін атқарған. Күрделі молекулаларды спектроскопиялық әдістер арқылы одан әрі зерттеудің негізін қалаған, Қазақстанда квантты химия мектебін алғаш қалыптастырған дарабоз ғалым. Еліміз тәуелсіздік алғанда екі елдің арасындағы ғасырлар бойғы байланыстарды үзбеу үшін Қазақстан-Ресей университетін ашты. 250-ден астам ғылыми еңбектің, 5 монографияның авторы. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі. “Құрмет белгісі”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Осы сапарларында жерлес академиктер облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың қабылдауында болып, Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Келесі күні Зейнолла Молдахметов бір кездері еңбек еткен №1 Мамлютка орта мектебінің ұжымымен, аудан тұрғындарымен кездесті, Октябрь ауылы жанындағы атақоныстары – Молдахмет қыстауына соқты, ауылдастарымен дидарласты.
Мағжан Жұмабаев ауданында әке-шешелері жерленген қорымға зиярат етіп, өздері түлеп ұшқан Чистов орта мектебінің ұжымымен, көзі тірі сыныптастарымен қауышты.
Сапар соңында қос академик облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, археология залдарындағы құнды жәдігерлерді тамашалап, БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
– Адам қартайған сайын жершіл болады деген рас екен. Біріміз – сонау оңтүстіктегі астанадан, екіншіміз көмірлі Қарағандыдан туған жерге екі жылда бір рет келіп тұрамыз. Екеуміз де 83-ке аяқ бастық. Әлі де қатардан қала қойған жоқпыз. Қайыңды өлкенің таза ауасын жұтып, жаны жайсаң адамдарымен жүздесіп, бір жасап қалған жайымыз бар. Алыста жүрсек те, Қызылжардың жаңалығына елеңдеп отырамыз. Облыс басшыларының құрметіне, шақыруларына әрқашан да ризамыз. Еліміз аман, жұрт тыныш болса екен дейміз. Біздің өңір ерекше ғой, – деді әлі де қарттыққа бой алдыра қоймай, еңселерін тік ұстайтын жерлес академиктеріміз.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.