Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Юрий Оксамитный мырзаның қатысуымен «Қазақстанда өзіне-өзі қол жұмсау жайттарының алдын алу» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Өзіне-өзі қол жұмсау – күрделі әлеуметтік мәселе. Соңғы 50 жыл ішінде әлемдегі өз-өзіне қол жұмсау жайттары 60 пайызға өсіп кетті. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын жер бетінде 800 000-нан астам адам өз-өзіне қол жұмсаудан көз жұмады екен. Суицид дүниежүзінде 10-24 жас аралығындағы балалардың, жасөспірімдер мен жастар өлімінің екінші басты себебі болып отыр. Осыған орай «ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен балалар мен жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсау және соған итермелейтін себептерге аса күрделі кешенді зерттеу жүргізді, ол үшін біз өзіне-өзі қол жұмсауды зерттеу және алдын алу саласындағы әлемдік жетекші сарапшыларды тарттық», – деп мәлімдеді Юрий Оксамитный. Зерттеу нәтижелері бойынша ЮНИСЕФ әртүрлі деңгейде және білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларда, жергілікті және орталық билік органдарында енгізу үшін бірқатар ұсыныс-кеңестер жасап, суицидтің алдын алу және жасөспірімдермен жұмыс жасайтын мамандарды оқыту шараларын дайындады. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының әкімдігімен және республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығымен бірге аталмыш бағдарлама Қызылорда облысында жүзеге асырыла бастады. Балаларға психикалық денсаулық деген не және оны қалай сақтау керек, қиын кезеңнен қалай өту керек, қауіп-қатер тудыратын мінез-құлықтан қалай құтылу керек, қайдан көмек іздеу керек екенін дұрыс түсіндіруге көмектесетін бағдарламалар жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау және қауіп-қатер тудыратын мінез-құлық көріністерін 50 пайызға және одан артық көрсеткішке азайта алады деп күтілуде. Жуық арада бағдарлама елдің өзге өңірлері үшін де қолжетімді болады.