«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛАНЫ ЖАҢҒЫРТАТЫН ЖЕТІ ҚА ДАМ жайлы салиқалы әңгіме

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласын бақылау жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Бөлебаева өңір педагогтерімен “дөңгелек үстел” басында кездесіп, Елбасы белгілеген бес институттық реформаны жүзеге асырудың нақты қадамдарын талқылады. Шараны облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова жүргізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген “100 нақты қадамның” жетеуі білім және ғылым жүйесін дамытуға қатысты. “Осы қадамдар аясында білім жүйесінде іс-шаралар жоспары белгіленді. Оның ішінде жоғары технологиялық кластерлерді дамыту, Астана қаласында “Астана бизнес кампусын құру”, 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшу, еліміздегі толық жинақты мектептерде жанбасылық қаржыландыру, “Мәңгілік Ел” аясында жаңа оқыту бағдарламаларын енгізу, мектеп стандарттарын, бағалау жүйесін жаңарту, тағы басқалары бар”, – деген Ләззат Бөлебаева осының барлығы бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша нәтижеге қол жеткізуге бағытталғандығын айтты.  

Оның айтуынша, аталмыш реформаларды іске асыруда қиындық та жоқ емес. Мәселен, негізгі бағыттардың бірі ретінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы мектептерде ағылшын тіліне көшу қарастырылған. Бұл бағыт ағылшын тілінде сөйлей алатын білікті пән мұғалімдеріне сұраныс тудырады. Сондықтан мектептерде бар мұғалімдерді оқыту, оқулықтарды, бағалау жүйесін жаңарту, “Назарбаев Зияткерлік мектептерінің” тәжірибесі бойынша критерийлік бағалауды енгізу бойынша жұмысты күшейту қажет. Бұл шаралар білім сапасын, оқушылардың функционалдық сауаттылығын жақсартуға мүмкіндік береді және біздің оқушыларымыз бен студенттеріміздің бәсекеге қабілетті болуына жол ашады. “Білім саласындағы реформаларға байланысты “Білім туралы” Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы әзірленді. Ол қазір Парламенттің қарауында. Онда 12 жылдық білім беруге көшу, стандарттарды жаңалау, студенттердің екінші курстан кейін тәжірибеден өтуі қарастырылып отыр, – деген Ләззат Бөлебаева еліміздің 63 мектебінде жанбасылық қаржыландыру бойынша апробация жүргізіліп жатқанын, соның нәтижесіне сүйене отырып, 2019 жылдан барлық толық жинақты мектептерде жан басына қаржыландыру әдісін енгізу жоспарда бар екенін айтты.

Қатысушылар мейманға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мектептерінде атқарылып жатқан жұмыстары бойынша тәжірибелерін ортаға салды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp