«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІБІ АРҚЫЛЫ НӘСІБІН ТАПТЫ

Сәбит Рақымовтың Ақжар ауданына келіп, халыққа қызмет етіп жүргеніне екі жылдай уақыт болды. Бұлай дейтінім, ол тұрғындардың қажетін дәл тауып, Талшық ауылында “Ақжар-Газ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашқан еді.

Ауыл тұрғындары тұрмыста кеңінен пайдаланатын көгілдір отынның сапасына ерекше мән беретіндіктен, олардың көңілінен шығу оңай шаруа емес. Осы орайда Сәбит Рақымов тұтынушының талабын орындады деуге болады. Екі жылдан бері ақжарлықтардың газ баллондарын толтыратын серіктестіктің қызметкерлері газ плиталарын тегін жөндеумен де айналысады. Өрт тілсіз жау екенін біле тұра, халық газ баллонын пайдаланған кезде салғырттық танытып жатады. Осы орайда “Ақжар-Газ” серіктестігінің иесі қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында аталған қызметті көрсетуді қолға алған. Қызметкерлердің бәрі арнайы оқу курстарынан өткен, аталмыш жұмыспен айналысуға рұқсат беретін тиісті құжаттары бар.  

Жастайынан тазалықты, тәртіпті сүйетін кәсіпкер үйде де, түзде де осы әдетінен айнымайды. Газ алуға келгендер мұнтаздай тазалықты көреді. “Ақжар-Газ” серіктестігінің ауласын абаттандыру, көгалдандыру жұмысы да ұмыт қалған емес. Жуырда он шақты шырша көшеттерін әкеліп отырғызды. Талшықтықтардың қажетін өтеп қана қоймай, көзайымына да айналған серіктестікте алты адам жұмыс істейді. Тұтынушыларға есеп айырысуды жеңілдету үшін арнайы терминал да орнатылған.

Заман ағымынан қалмауға тырысатын Сәбит Рақымов ертеректе Қызылту ауданының кеңшарларында, басқа да кәсіпорындарда механик, бас инженер, директордың орынбасары, директор қызметін атқарған. Бастаған ісіне бар күш-жігерімен қатар өзінің біліктілігін, кәсіби шеберлігін, зияткерлігін аянбай жұмсап, соның нәтижесін көріп жүр. Сол себепті Сәбең жұртшылық арасында сый мен құрметке бөленген.

Болат ӘМІРИН,

журналист.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp