Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында 2015 жылғы 6 мамырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бес институттық реформаны жүзеге асырудың “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын белгілеп берді. Аталмыш стратегиялық бағдарламаның 76-79-қадамдарында білім беру жүйесін жетілдіру, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептердегі оқыту стандарттарын жаңарту, басты пәндерді ағылшын тілінде оқыту, сөйтіп даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру міндеттері қойылып отыр. Былайша айтқанда, бүгінгі шәкіртке, еліміздің болашағын жасайтын өскелең ұрпаққа дүниежүзілік стандартқа сәйкес бәсекелестікке төтеп бере алатындай білім-тәрбие берілуге тиіс. Өңірлерде де осындай талаптарға жауап беретін білім ордаларын қалыптастыру қажет.
Қалай десек те, дәл сондай білім ошақтары өңірімізде әлі жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Мысал ретінде алатын болсам, мені көптен бері облыс орталығындағы қазақ-түрік лицейінің аз уақытта жеткен жетістіктері қызықтырады. Себебі, жыл өткен сайын осы оқу ордасына түссем деген оқушылардың саны артпаса, азайып көрген емес. Биыл да солай болды. Лицей әдеттегідей мамыр айынан бастап кезең-кезеңмен 7-сыныпқа оқушылар қабылдауға арналған сынақ өткізді. Жоспар бойынша биыл осы сыныпқа 50 оқушы қабылдануға тиіс. Ал сынақ тапсырғандардың саны одан бірнеше есе асып түсті.
Балаларын аталмыш оқу орнына ертіп келіп, додаға үкілеп қосып жатқан кезінде ата-аналарды сөзге тартқан едім.
Сонда Валентина Қаражігітова:
– Ресейден көшіп келсек те, ана тіліне, қазақтың салт-дәстүрін сақтап, әдет-ғұрпын ұстауға ерекше мән береміз. Ұрпағымыз ата-бабаларымызға тән сол киелі жолды алып жүрсе екен дейміз. Ата-анасыз өсіп келе жатқан немеремді осы мақсатпен бүгінгі сынаққа әкеліп отырмын. Биыл 6-сыныпты бітіреді. Оқуы жаман емес. Бірыңғай “5”-ке оқиды десем де болады. Қазіргі білім алып жатқан ошағы да осал оқу орны емес, дарынды балаларға арналған гимназия-интернат. Сонда да немеремнің бүйрегі осы лицейге бұрыла беретін сияқты. Елбасымыз ағылшын тілін де білу керек деп жатыр ғой. Лицей негізгі пәндерді сол тілде оқытады екен. Оның үстіне немеремнің әке-шешесі де ағылшыншаға жетік болатын. Соны бізден естіген бала төрт тілді бірдей меңгертетін қазақ-түрік лицейіне түсуге өзі ынта білдіріп отыр, – десе, Арман Әбдірахманова деген ана:
– Үлкен қызым осында оқиды. Орыс мектебінен келген болатын. Сабақта қазақша, мектептен шыққаннан кейін орысша “сайрайтын” қала оқушыларындай емес, лицейде оқығаннан бері өзінің ана тілінде таза сөйлейді. Қазір түрікше де, ағылшынша да, орысша да жақсы біледі. Төрт тілді бірдей меңгеруде. Күні кеше ғана Астана қаласына ғылыми жоба қорғауға кетті. Осының өзі мемлекеттік тілге аса мән берілетіндігін көрсетеді. Жиі араласатындықтан, тәлім-тәрбиеге, сапалы білім беруге де осы оқу орнында барынша көңіл бөлінетіндігін жақсы білемін. Ата-аналармен тығыз байланыс жасалады. Кейінгі бала алдыңғыларға еліктейді ғой. Осында оқып жүрген қызымның әсері де бар шығар, әйтеуір, ұлым Тайыр күнделікті сабағына барынша назар аударып, осында оқуға құштарлық білдіруде, – деп ұлын құптайтындығын аңғартты.
Мереке Жәнібеков деген азамат:
– Балам Бескөл ауылындағы “Парасат” мектебінде оқиды. Осы лицейді Беріктің өзі таңдады. Өзі осында келіп, сынақ тапсырамын деген соң бетін қайтарғымыз келмеді. Түсіп кетсе, бізге мерей. Барлық ата-ана баласының жақсы білім алып, өмірден өз орнын тапқанын қалайды ғой. Біз де солай, – деп ойын түйіндесе, Владимир Топорков:
– Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылынан келдік. Илья сондағы №2 орта мектептің 6-сыныбында оқиды. Лицейдің интернаты бар және төрт тілді бірдей меңгертеді. Біздің білуімізше, ҰБТ-дан лицей түлектері орташа 90 балдан кем ұпай алып көрген емес. Осының өзі жоғары оқу орындарына түсуге кепілдік береді. Бізге осы жағы ұнайды, – деп ағынан жарылды.
– Сынаққа ұлым Тимур Жансейітовті әкелдім. Бұл болашақтың мектебі деп есептейміз. Дәйекті білім береді. Көп тілді меңгертеді. Ол баланың келешегі үшін маңызды. Осы білім ордасын аяқтап шыққандар жоғары оқу орындарына грантпен түсіп жатыр. Шетелдерде оқып жатқандары қаншама?! Бізге керегі де сол ғой, – деді сынақ тапсырып жатқан баласын күтіп тұрған Гүлмира Жансейітова.
Атын атауды қаламаған ғылым кандидаты да лицей оқушыларының пәндік олимпиадаларда ғана емес, ғылыми жобаларды шетелдерде қорғап, оза шауып, бәйге алып жүргендерін атап айта келіп, қызының осында оқысам деген ниетін қолдайтындығын жеткізді.
Үміттерін үкілеп отырған ата-аналардың осындай жүрекжарды лебіздерін естігеннен кейін қазақ-түрік лицейінің директоры Ержан Әубәкіровпен әңгімелескен едім.
– Негізінен, біз мемлекеттік мекемеміз. Орындайтын бағдарламамыз жалпы білім беретін мектептер сияқты мемлекеттік стандартқа сәйкес келеді, былайша айтқанда, мақсат-мүддеміз де бір. Алайда, өзіміз жұмыс істейтін бағдарламаны балаларға ұсынуымыз басқаша. Себебі, бәсекеге қабілетті азаматты тәрбиелеу үшін балалардың қызығушылығын оятуымыз қажет. Бұл – үлкен проблема. Қазіргі уақытта баланы сабақтан басқаға алаңдататын интернет, теледидар, ұялы телефон сияқтылар өмірде өте көп. Міне, соларды жеңу үшін Батыстың, әлемнің ХХІ ғасырда бүкіл дүниежүзі мойындаған әдістерін қолдануымыз, оқушыларымыздың зейінін соған аударуымыз керек. Біз сол интернеттің, ұялы телефонның өзін кедергі ретінде емес, қосымша-құрал ретінде пайдаланамыз, солар арқылы сабақта жаңа ойын түрін өткіземіз. Оған интернет арқылы ұялы телефон пайдаланылады. Аталмыш ойын кез келген сабаққа сәйкес келеді. Соңғы жылдары лицейге “Жоба негізінде білім алу” әдісін енгіздік. Бұл бір жағынан “Істеп, үйрену” деп те аталады. Ол Батыста жақсы дамыған. Соңғы 30-50 жылда балалардың білім мен ғылымға деген қызығушылығы азайып кетті. Бұл жасырын сыр емес. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін қолданылатын әдіс деуімізге де болады. Балалар бір пән бойынша қысқа, ұзақмерзімді өмірмен байланысты жобалар алып, сол бойынша ізденеді, зерттейді, ғылыми тұрғыда өз ойын қағазға түсіреді. Осы жобаны жазу барысында баланың адамдармен қарым-қатынасы, сын тұрғысынан ойлау, зерделеу, зерттеу, топпен жұмыс істеу қабілеттері дамиды. Сол жобаны жазу арқылы баланың пәнге деген қызығушылығы оянады, білімді өмірмен байланыстырады, қоршаған ортасындағы, отбасындағы, оқу орнындағы проблемаларды шешеді, пәндерден алған білімдерін өмірмен байланыстырады. Бір тоқсанға, асып кетсе, екі тоқсанға жоспарланған осы жобалар арқылы өзінің жетістігіне қанағаттанбайтын, өзіне зор талап қоя алатын, өзінің ортасы мен мемлекетін жақсы көретін ынталы азамат тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз. Сонымен бірге ҰБТ мен олимпиадаларға дайындығымыз да жақсы жолға қойылған. Сондықтан облыста көшбасшымыз, – деді Ержан Бейсембекұлы.
Айтса, айтқандай, білім ошағы осыдан 4 жыл бұрын алғашқы түлектеріне өмірге жолдама берді. Содан бері лицейді 200 түлек аяқтап шықса, соның 33-і – “Алтын белгімен”, 18-і – үздік аттестатпен бітірді. Барлық түлектің 172-сі жоғары оқу орындарына грантпен түссе, тек 28-і ғана ақылы бөлімдерде оқиды. Бұл күні лицейде (7-11-сыныпта) 226 бала білім-тәрбие алып жатыр, олардың 203-і – қазақ балалары.
2014-2015 оқу жылында лицей оқушылары республикалық, халықаралық пән олимпиадаларына, жобаларға қатысып, 15 жүлделі орынды еншілепті. Мысалы, білім ордасының үш оқушысы Кореяда өткен халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, 1-ші, 2-ші және 3-ші орындарды, республикалық ғылыми жобалар байқауында екі шәкірт 2-ші және 3-ші орындарды иеленді. Алматыда Ө.Жолдасбеков атындағы ғылыми жобалар байқауында – 2-ші, Мәскеуде “Адам-Жер-Ғарыш” байқауында – 3-ші, Алматыда “Робототехника” байқауында 3-ші орындарды жеңіп алғандар да – осы лицейдің оқушылары.
Иә, осындай жетістіктерге қол жеткізіп жүрген лицейге арманы асқақ балалардың қызығуы тегіннен-тегін емес. Оны аталмыш оқу орнында оқысам деген үміткерлер санының көптігі де дәлелдеп отырғандай. Президентіміздің мақсат етіп қойып отырған оқу орны да осындай білім-тәрбие ошағы емес пе?!
Таяуда Назарбаев Зияткерлік мектебі де есігін айқара ашты. Ол да Елбасы міндетін ақтайтын оқу ордасы боларына сенім мол. Бір сөзбен айтқанда, өңірімізде үлгі аларлық мектеп-лицейлер жоқ емес, бар. Тек солардан үйрене білу керек.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
