Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының үстіміздегі жылдың 2-тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес “Мағжан Жұмабаев ауданында жергілікті бюджеттің атқарылуын және аумақты дамыту бағдарламасының іске асырылуын бағалау” бойынша бақылау шаралары жүргізілген еді.
Тексеру комиссиясы бақылауға алынған 10 нысанды тексерді. Бақылауға алынған шығыстардың жалпы көлемі – 3 506 079,0 мың теңге. Жүргізілген бақылау іс-шаралары кезінде 326 603,0 теңге көлемінде, яғни 9,4 пайыз бұзушылық анықталды. Соның ішінде 17 604,3 мың теңгенің 16 036,9 мың теңгесін қалпына келтіріп, қалғанын өтеу қажет.
Бақылау барысындағы және оны аяқтау кезіндегі есеп бойынша 2 604,6 мың теңге қалпына келтіріліп, жергілікті бюджетке 491,7 мың теңге өтелді. Қалпына келтірілмеген сома – 13 432,3 мың теңге, өтелмегені 1 075,7 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ, рәсімдерді орындау тәртібінде де 81 бұзушылық орын алса, оның жалпы сомасы – 66 888,2 мың теңге. Аталмыш бұзушылықтардың дені, яғни 93,3 пайызы мемлекеттік сатып алу бойынша болса, есеп жүргізу және есептілік – 2 849,9 мың теңге, бюджетке түсімдер бойынша – 240,3 мың теңге.
Бұзушылықтардың басым бөлігі білім бөлімінде – 249 132,0 мың теңге, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде – 20 027 мың теңге, Булаево қаласы әкімінің аппаратында –16 407,2 мың теңге.
Жүргізілген бақылау іс-шаралары қаржылық тәртіпті сақтау, бюджеттік қаражатты тиімді басқару деңгейінің төмен екендігін көрсетті. Сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының қолданыстағы тиісті заңнамалардың нормаларын сақтамайды.
2014-2015 жылдарға арналған аудан бюджетінің атқарылуын бағалағанда бюджетті әзірлеу, бекіту, нақтылау және түзету кезінде Қазақстан Республикасының бюджет жүйесінің қағидаттары жалпы сақталатындығына көз жетті.
Сонымен қатар, салықтық және өзге де міндетті төлемдердің түсуіне және атқарылуына бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның сәйкес есептеулерінсіз және негіздеуінсіз бюджеттің кіріс бөлігі нақтыланып, негізділік қағидаттарын бұзу орын алған.
Ауданның бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік заңнамаларды сақтамағандықтан, бюджеттің шығыс бөлігін жоспарлау кезінде қажетті есептеулер мен негіздеулердің болмауынан бюджеттік қаражат асыра жоспарланып, бұзушылыққа жол берілген.
Бақылау іс-шаралары демалыстар, пайдаланылмаған еңбек демалыстарының өтемақыларын өтеу үшін орташа жалақы төлемін дұрыс есептемеу, нормативтен тыс штаттық бірліктер ұстау, негізсіз үстемеақы, сәйкес келмейтін санаттар және разрядтар бойынша жоғары білімі жоқтарға, сондай-ақ, біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін қызметкерлерге жалақы төлеу сияқты еңбек заңнамасын бұзушылықтар анықталды.
Аудан аумағын дамыту бағдарламасын іске асыруды жалпы бағалаған кезде жергілікті мемлекеттік органдардың жоспарланған нысаналы индикаторларға және нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жұмыстары тиімсіз екендігі көрінді.
Бақылаудың қорытындысы бойынша Мағжан Жұмабаев ауданының бақылауға алынған нысандарының өкілдерінің қатысуымен Тексеру комиссиясының отырысы өтті. Онда анықталған бұзушылықтар мен жұмыстағы кемшіліктерді жою, сондай-ақ, олқылыққа жол берген тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде тиісті қаулы қабылданды. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар бақылау материалдары процессуалдық шешімдер қабылдау үшін облыстық қаржылық бақылау инспекциясына берілді.
Жанат ӨТЕГЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының
бөлім басшысы.