«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАНДА 144 ЕЛДІҢ АЗАМАТТАРЫ ЕҢБЕК ЕТУДЕ

Қазақстан шетелдерден жоғары білікті жұмыс күшін тартуды рәсімдеу шараларын қайта қарастырады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының аясында шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіру” тақырыбында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты ішкі еңбек нарығын қорғау мен оны отандық мамандар үшін сақтау қағидаларына, сонымен қатар жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тартуға негізделген. Бұл істе квоталау және жұмыс істеуге рұқсат беру тәртібі қолданылады. 2015 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға Үкімет бекіткен квота көлемі республиканың экономикалық белсенді тұрғындарының жалпы санының 0,7 пайызын (шамамен 63,9 мың адам) құрады. 2015 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметтерге сәйкес елімізде 144 елден келген 38 346 шетел азаматы жұмыс істейді. Оның 63 пайызға жуығы – жоғары санаттағы жұмыскерлер (топ-менеджерлер, орта буын басшылары, мамандар), 37 пайызы – білікті және маусымдық шетелдік жұмыскерлер. Қазіргі таңда көші-қон және жұмыспен қамту мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленді. Елбасы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының аясында еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында инвесторларға жағдай жасауды, АҚШ, Канада, Австралия және т.б. елдердің тәжірибесін негізге ала отырып, жоғары білікті шетел мамандарын тарту бағытындағы көші-қон тәртібін қайта қарауды тапсырған болатын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp