Петропавл қаласының жолдарында жыл басынан бері 62 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 6 адам қайтыс болып, 75-і жарақат алған.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің алаңғасарлығы жол-көлік оқиғаларының орын алуының басты себебі болып отыр. Апаттар көбінесе жүргізушінің жылдамдықты шектен асыруы, мас күйде көлік басқаруы, жолдың қарсы бетіне шығуы, жүргіншінің көше қиылыстарынан бағдаршамның рұқсат етілмеген белгісіне өтуі, тағы басқа салдарынан орын алады. Әкімшілік полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында белсенді іс-шаралар жүргізумен қатар, өңіріміздің қалалары мен ауылдарындағы көше-жол желісін жақсартуға атсалысуда. Бүгінгі таңда облыста 98 (соның 80-і – Петропавл қаласында) бағдаршам объектісінің жұмыс істеуі – соның айғағы.
– Петропавл қаласының көше-жол желісін жақсарту мақсатында 32 бағдаршам объектісін жаңарту жоспарланып отыр. Орнатылған бағдаршам объектілерінің ескілерінен айырмашылығы – олармен GPRS/GPS технологиясы арқылы байланыс жүргізіледі. Сонымен қатар, жаңа бағдаршам объектілерінде электр энергиясын барынша үнемдейтін жарықдиодты шамдар орнатылады, – дейді әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Сайлаубек Мусин.
Осындай жаңа үлгідегі бағдаршамның біреуі Жамбыл және К. Сүтішев көшелерінің киылысына орнатылды. Жарықдиодты шамдардың бір жақсы жері – оларға тікелей күн сәулесі түсіп, шағылысқан уақытта жалған белгілерді болдырмайды. Бұл жаңартылған бағдаршам объектілерінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналған уақытты кері санау белгісі көрсетіледі.
Әбілсейіт ЖОЛАУШИН,
облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасының
аға инспекторы.