
Бүгіндері республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері еліміздің барлық өңірлерінде Мемлекет басшысы ұсынған бес институттық реформа аясындағы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелерін талқылау бойынша кездесулер өткізуде. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қуаныш Асылов облыстық мәслихат ғимаратында осындай кездесу өткізді.
Кездесуді облыс әкімі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет ашып, жүргізіп отырды. Оған мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, партиялар, құқық қорғау, кәсіподақ, ардагерлер кеңесі, бизнес құрылым, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен жастар қатысты.
Қуаныш Асылов өз сөзінде мемлекеттік органдарда Ұлт жоспарын жүзеге асыруда нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және идеологиялық қолдау бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Ол “Мәңгілік Ел”, “Үлкен ел – үлкен отбасы”, “Менің елім” және басқа да ауқымды жобаларды іске асыру аясында атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.
– Барлығымыздың алдымызда “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында көрсетілген қазақстандық қоғамды жаңғырту және мемлекеттілікті нығайту, дамыған отыз елдің қатарына кіру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау бойынша зор міндеттер тұр, – деп атап көрсетті Қуаныш Асылов.
Одан кейін астаналық мейман азаматтық біртектілікті нығайтудың “Менің елім” ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, оның аясында технологиялық жобалар сериясын орындау қарастырылатынына тоқталды. Соның бірі “Қазақстан энциклопедиясы” кең көлемді интернет жобасын құру болып табылады. Бұл порталға Қазақстан бойынша 3D бейне турлары, елдің тарихы мен мәдениеті, қызықты оқиғалары және қарапайым қазақстандықтардың өмірі жайында ақпараттар орналастырылмақ. Комитет төрағасының міндетін атқарушы “Нұрлы болашақ” ұлттық жобасын, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын, тілдердің үштұғырлылығын қолдануды, патриоттық тәрбие беруді жүзеге асыру бағытындағы міндеттерді айтып берді.
Кездесу барысында сөз алған Петропавл қалалық мәслихатының хатшысы Ләззат Жалмұқанова, “Світанок” украин мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Плотко, “Қазақстан” жалпыұлттық қозғалысы облыстық филиалының жетекшісі Ерлік Мұхамеджанов, облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Сәмиева, пәтер иелері қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков және басқалар “100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы басымдықтарды ашып көрсетіп, оны іске асырудың негізгі тәсілдері бойынша пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Мемлекет пен қоғам үшін маңызды “100 нақты қадамды” жүзеге асырудағы өңіріміздің негізгі міндеттері айтылды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.