Бүгінде елімізде төрт түлігіміздің басын көбейтуге бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар қолға алынған. Солардың бірі – ірі қара санын арттыруға арналған “Сыбаға” бағдарламасы.
Бүгінгі күні аталған бағдарламаны пайдаланушылар саны бойынша Ақжар ауданы алдыңғы қатарда десек, артық айтқандық емес.
“Көзін тапқанға – табыс көл-көсір” демекші, бірнеше жыл бойы қара мал өсірумен шұғылданып, өз ісін дөңгелетіп жүрген Қулыкөл ауылдық округінің тұрғыны Қанат Азмағановтың бүгінгі тірлігі адам қызығарлықтай. Әрине, бастапқыда мал шаруашылығымен айналысуға жүрексінген. Бірақ белін бекем буып, бар қажетті құжатын жинаған Қанат Тайбасарұлы 2013 жылдың тамыз айында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның жеңілдікпен берілген қаржылық демеулеріне сүйене отырып, 30 бас асылтұқымды қара мал сатып алған.
Қанаттың мақсаты – асылтұқымды бұқалар мен жергілікті сиырларды будандастыру арқылы үш буыннан соң таза асылтұқымды мал алу, кейін оны бордақылауға жіберіп, нәтижесінде малдың сапалы етін нарыққа жөнелту.
Қолда ондаған мал ұстаған соң, әрине, соған лайықты қора жайлы болғаны жөн. Бұл орайда Қанат ауылдың теріскейінде бұрыннан бос тұрған мал қорасын аукционда сатып алған. Бүгінгі күні онда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қанатқа ағайын-туысқандары да қолдау көрсетуде. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары да туындаған мәселе бойынша жерлестеріне кәсіби кеңестерін беріп, көмектесіп отыр.
– Күзге қарай өз қаржысына салған бұл жаңа қорада Қанат Тайбасарұлы 60 бас қара мал ұстамақшы. Мемлекеттік бағдарламаның жеңілдіктерін көрген, оны өз пайдасына жарата білген Қанат алдағы уақытта олардың санын 150-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Біз өз тарапымыздан жас фермерге жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Жұмағұлов.
Болат ӘМІРИН.
Ақжар ауданы.