«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ЖАҢАРТУ НЫСАНДАРЫНДА

Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департамент “Солтүстік Қазақстан Таратушы электр желісі компаниясы” АҚ-ның жаңғырту және қайта жаңарту жүргізіп жатқан нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды. Оған мемлекеттік органдардың, “Нұр Отан” партиясы филиалының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Нысандарды аралар алдында “Солтүстік Қазақстан Таратушы электр желісі компаниясы” АҚ-ның бас директоры Александр Рейзлин 2014 жылы атқарылған жұмыстың қорытындысы және алда тұрған міндеттер жайында брифинг өткізді. Александр Анатольевичтің айтуына қарағанда, “Солтүстік Қазақстан Таратушы электр желісі компаниясы” АҚ-ның негізгі құралдарын салу, қайта жабдықтау және жаңғырту” инвестициялық бағдарламасы аясында электр желілерінің құрал-саймандарын жаңартуға 1,05 млрд. теңге бағытталып, жоспар 3,02 млн. теңгеге артығымен орындалған.  

Жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі ретінде 211 млн. теңгеден астам сомаға энергия үнемдеу бағдарламасы аясында электр қуатын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ) енгізілген. Өткен жылы Петропавл қаласында және Қызылжар ауданының орталығында (Бескөл а.) ЭКЕАЖ-нің төменгі деңгейі 3762 есептеу нүктесіне, жоғары деңгейі Қызылжар ауданындағы 3 қосымша станцияға орнатылыпты. Бұл жүйе есептеу дәлдігін арттыруға, электр қуатының сапасын бақылауға, шығынды анықтап, шектеуге, энергия ұрлауды анықтауға және электр қуатын бөлу барысының мөлдірлігін қамтамасыз етуге арналған көрінеді. Сол сияқты, энергия үнемдеу бағдарламасы аясында Петропавл қаласында 0,4 кВт. әуе желісінің 10,95 шақырым “жалаңаш” сымы ауыстырылған. Бұл мақсатқа 29,423 млн. теңге жұмсалған. Сонымен бірге Қызылжар ауданында сомасы 49,680 млн. теңгеге 5 трансформаторлы қосалқы станция жиынтығына 10/0,4 кВт. ЭКЕАЖ-ны құрастыру мен қайта жабдықтау жүргізілген.

2010 жылдан бері компанияда нормадан артық шығын жойылған. Нақты шығын деңгейі жоспар бойынша 13,44% болса, ол 2014 жылы 10,17%-ды құраған.

Былтыр инвестициялық бағдарлама аясында “Литейная“ қосалқы станциясына 110 кВт. 2 вакуумды ажыратқыш орнатылған. Ол Оңтүстік-Орал темір жолын сенімді электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз етіпті. “Булаево-Нефть” және №1 ҚС қосалқы станциялары күш беретін 10 және 16 МВА трансформаторларымен жабдықталыпты. Ол электрмен жабдықтауды жақсартуға, өткізу қабілетін арттыруға және электр қуатына жаңа тұтынушылар қосуға мүмкіндік береді.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департамент басшысының орынбасары Нелли Бабакехян аталмыш компанияның жыл сайын өз сайтында инвестициялық бағдарламаның орындалуы жайлы ақпарат беріп тұратындығын, оларға жан-жақты сараптама жасайтындығын, 2016-2020 жылдар аралығында инвестициялық бағдарламаға 9 млрд. теңге бағыттауды жоспарлап отырғандығын атап айтты. Бұл қаржы, негізінен, энергияны үнемдеуге, құрал-жабдықтарды жаңартуға жұмсалмақ.

Брифингтен кейін баспасөз турына қатысушыларға электр желісі компаниясының жаңартылған нысандары көрсетілді.

Строительный, 23 мекенжайындағы “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің таратушы қосалқы станциясындағы майлы ажыратқыштың орнына “BBITEL” маркалы 10 кВт. вакуумды ажыратқыш, қосымша ЭКЕАЖ жүйесі орнатылған. Ол есептегіш аспаптардың көрсеткіштерін белгілеп қана қоймай, соңынан тұтынушыларға шот беру үшін оларды оператордың компьютеріне бағыттайды, сол сияқты құрал-саймандардың жұмыс істеу тәртібін қадағалап, оларды қашықтықтан бақылайды.

В.Ульянов-С.Мұқанов көшелерінің қиылысындағы №234 қосалқы станцияға жаңғырту жұмысы жүргізіліпті. Биыл осындай 10 трансформаторлы қосалқы станция жаңартылатын көрінеді.

“Қызылжар су” ЖШС маңындағы (Ы.Алтынсарин к-сі) әуе желісінің 3 шақырым “жалаңаш” сымы “СИП” маркалы сыммен ауыстырылыпты. Ол “Қызылжар су” ЖШС-мен бірге “ДСР” шағынауданының 800 абонентін, қырық шақты жеке кәсіпкерлікті электр қуатымен қамтамасыз етеді. “СИП” маркалы сымға ауа райының құбылмалы жағдайы мүлдем әсер етпейді және одан электр қуатын ұрлау мүмкін емес.

– Биыл “Солтүстік Қазақстан Таратушы электр желісі компаниясы” АҚ инвестициялық бағдарлама бойынша 1,1 млрд. теңгені игергелі отыр. Оның 364 млн. теңгесі – энергия үнемдеуге, 230 млн. теңгесі – ЭКЕАЖ-ны жүзеге асыруға, қомақты қаржы негізгі құралдарды қайта жабдықтауға жұмсалады, – дейді компанияның бас директоры Александр Рейзлин.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp