«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚМАРАЛ – АУЫЛ МАҚТАНЫШЫ

Адам жаны қысылып, тәні ауырған кезде көмек қолын созған ақ халатты жандарды періштедей көретіні рас. Сырқаттың жанына дауа, тәніне шипа іздеп, ем жасап, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген дәрігерге ризашылық көңіл қашанда шексіз. Осындай ертелі-кеш еңбегін адамдардың денсаулығына арнаған абзал жандардың бірі – Ақмарал Садығұлова.

Ақмарал Дәулетқызы – Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл ауылының тумасы. Жерлестері Ақмаралдың бала кезден мейірімді, кішіпейіл болып бойжеткенін жақсы біледі. Әуезов орта мектебінің түлегі 2002 жылы медициналық колледжді тамамдап, аудан орталығындағы аурухананың балалар бөлімшесіне жұмысқа орналасты. Жеті жылдан кейін өзін білікті де білімді маман ретінде таныта білген Ақмарал Дәулетқызы жаңадан ашылған жансақтау бөлімшесіне ауыстырылды.

Ол медицина қызметкерлері күніне орай өткізілетін дәстүрлі “Жылдың үздік медбикесі” байқауының аудандық кезеңіне қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Байқаудың облыстық деңгейінде де аудан намысын қорғап, алдынғы қатарлардан көрінді.

Денсаулық – адамның баға жетпес байлығы. Гиппократ антын қабылдап, біліктілік танытып қана қоймай, жауапкершілік және жанашырлық қасиеттерімен дараланып жүрген Ақмарал сияқты жандар – ауыл мақтанышы. “Медицина кәсібі – мамандықтың асылы” деген сөздің астарын сондай мамандық иесін жолықтырған кезде анық түсінесің.

Тоғжан ӘМРИНА,

журналист.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp