«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОСЫДАН ОТЫЗ ЖЫЛ БҰРЫН…

1985 жылы Мәскеу қаласында болған Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалі ерекше маңызға ие тарихи шара еді. Оның өткеніне биыл 30 жыл толып отыр.

Фестивальға әлемнің 157 елінен 2 мыңнан астам өкіл қатысты. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының жастары да болды. Делегация 41 адамнан тұрды. Онда облыстың комсомол белсенділері топтастырылды.

Фестивальдың ашылу салтанаты 27 шілде күні Лужники стадионында өтті. Стадионға 100 мың адам жиналды. Түрлі түсті жалаулар, жүздері риясыз күлкіге толы жастар фестивальдың көркін ашты. Айтулы шараның әр күні мазмұнды өтті. Сол кездегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері фестивальдағы барлық шараларға қатысу үшін 3 айдың өзі аздық етеді деп айтқан болатын.  

Онда біздің жастар достық пен татулықты паш етіп, шетелдіктерге еліміздің өнерден кенде еместігін байқатты. Интернационалдық клубтарда Латын Америкасы, Азия, Қытай, Корея және тағы басқа елдердегі жастардың өмірлері туралы кездесулер, пікірсайыстар өтетін. Жастар бір-біріне кәдесыйлар тарту етіп, сүйікті кітаптарымен алмасты. Біз сол күндері Иосиф Кобзон, Лев Лещенко, Муслим Магомаев және тағы басқа белгілі әншілердің өнерін тамашаладық.

Ойын-сауыққа қоса пікірталас барысында өз еліңнің мүддесін қорғап қалуға тура келген сәттер де аз болмады. Мәселен, сол кезде Латын Америкасының жастары қазақ халқының салт-дәстүріне, ұлттық өнеріне қызығушылық танытқаны есімде.

Әсіресе, ашық пікірсайыс барысында талас-тартысқа бармасақ та, Польша елінің жастарымен кездесу қиын басталды. Бірақ мәселенің түйіні оңай шешілді, ән мен күй екі ел арасындағы жастардың көңіл күйін көтерді. Сахнаға өзім шықтым. Домбыраны шертіп отырып, поляктардың халық әндеріне ұқсас украин әндерін орындап шықтым. Әндер поляк жастарын тебірентті. Ән мен күйдің құдіреті қос делегация өкілдерінің арасында мағыналы әңгіменің өрбуіне түрткі болды.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жастарды ол кезде бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен татулық үшін күрес біріктірді. Бұл жайт қазіргі таңда да өзекті.

Темірғали ӘБІЛМӘЖІНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp