«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАЙЫННАН АЛЫСТАП БАРАМЫЗ-АУ…

Біз – туысшыл, бауырмал халықпыз. Табиғатымызға тән, қанымызға сіңген, тәрбиемен бойымызға қалыптасқан осы мінезіміз-ақ бізді өзгелерден ерекшелейді. Тегімізді мықты, қанымызды таза қылған әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз еңсемізді биіктетпесе, аласартпайды.

Соңғы кезде осы бір туысшыл мінезімізді өзіміз әжуалап: “Жөн сұраса кетсе, қазақтар бір-біріне туыс болып шығады”, “Мың кісі шақырып, той жасаймыз. Дарақымыз”, – дейтін болдық. Бұл туыс болудан қашқан түріміз. Ағайыннан бойды аулақ ұстап, ортамызды тарылтуға тырысамыз. Жөн сұрасқанның қандай сөкеттігі бар?! “Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс” деген ата-бабамыз үшінші рет жүздессе, туысындай құшақ жайған. Мың кісі шақырып, той жасағанның қандай жаманшылығы бар?! Бұл – ағайын-туысыңның көп болғандығының көрінісі, өрісіңнің кең екендігінің бір белгісі. Осылай кейбір мәселелердің байыбына бармай, бетін қалқып мін тағуға, тереңіне бойламай, сын айтуға бейімделіп бара жатқан жоқпыз ба? Бұл бірте-бірте санамызды да улауда.  

Қасиетті Құранда: “Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы”, – деп бұйырады. Дініміз осылай десе, діліміз не дейді? Ата-бабаларымыз: “Өле жегенше, ағайынмен бөле же”, “Бауыр шырын, бас тәтті. Ағайынмен ішкен ас тәтті”, “Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір”, “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер”, “Қырық рулы елміз, қарға тамырлы қазақпыз”, – деп өткен. Оралхан Бөкейдің “Ардақ” деген әңгімесінде: “…туысынан ат құйрығын кесіскендер тек ағайынның ғана жан жарасы ма, иісі қалың жұрттың басын оңдырмай торлаған айықпас бұлты ғой”, дейтін тұсы бар.

Басымызды торлаған осы айықпас бұлт уақыт өткен сайын қоюланып барады. Жат түгіл, жақынына жылылық танытпайтын, кейде, тіпті туыс-туғанын танымайтын ұрпақ өсіп келеді. Бұл іштей іріп-шіруге апарып соғады.

“Біздің әулет үш ағайынды атадан тараған ұрпақтан құралған. Атамның інісінен тараған немере әпкем екеуміз егіз қозыдай бірге өстік. Сол себепті үнемі бірге жүретінбіз. Құрдастарымыздың туған күніне, би кешіне барсақ, ата-анамыз өзімізден бір жас кіші інімізді ертіп жібереді. Іні болсадағы, ағамыздай бізді қорғап жүреді. Бірде үшеуміз би кешіне бардық. Жолда інімнің бір танысы кездесіп, ол сонымен сөйлесіп тұрып қалды. Біз әрірек барып, тосып тұрдық. Сол кезде қасымызға бейтаныс жігіт келіп, танысуға ниет танытты. Жігіттің ту сыртынан жан ұшыра жүгіріп келе жатқан інімді көзім шалды. Жанымызға жете бере, бірден бейтаныс жігітке: “Жиен, мына қыздар сенің нағашы қарындастарың болады”, – деп таныстыра бастады. Бақсақ, әлгі жігіт атамыздың кіші інісінің қызының немересі екен. Жігіт болып қырындамақшы болған жиен сасып қалды. Ыңғайсыз жағдайдан кейін би кешінен тезірек кетуге тырыстық. Інімнің сол кездегі есті қылығына риза болдым. Бірақ бойымды үрей биледі. Осы оқиға есіме түскен сайын туыстарды білмегеннің соңы қасірет екенін сездім. Сол күннен кейін ата-анамнан қай жақта қандай туыстарымыз бар екенін сұрай бастадым. Кейде ата-аналарымыз да салғырттық танытып, “Есейген соң туыстарын танып алар”, – деп арқаны кеңге салады” деген еді бір танысым.

Осы әңгіме мені ой тереңіне жетеледі. Ата-бабаларымыз туыстық қатынасты үзбеу үшін әмеңгерлікті де ұстанған ғой. Айдың, күннің аманында туысынан теріс бұрылғандарға “жетімін жылатпаған, жесірін жатқа бермеген” қазақтың әмеңгерлік салтының мәнін түсіндіргің келеді. Қайнағасы келінін, іні жеңгесін нәпсінің жетегінде кетіп, еріккенінен алмаған. Бұл да ұрпақтың қамы. Анасымен жат жерге кеткен ұл да, қыз да уақыт өте келе шыққан тегін ұмытады, өз бауырларын танымайды. Ал бұл жұмыр жер дөңгелек болса, тау мен тау кездеспесе де, адам мен адам кездесері анық. Арға дақ түсірер, сүйекке таңба салар жағдайлар орын алса, бұған кім кінәлі? Ата-бабаларымыз бұл қасіреттің жолын осылай кескен. Бүгінгі қоғам мұны ойламайтын сыңайлы. Ойнап жүріп от басқан қыз-жігіттер “қателіктен” туған шаранадан бас тарта салады. Ал келіннің соңынан кеткен баланы барлығы бірдей іздей бермейді. Осының барлығын ойлаған кезде кәдімгідей қиналасың. Адамның өмір сүруіне ауа қаншалықты қажет болса, туыстық қатынасты сақтау да соншалықты маңызды. Ұядағы ұлдың да, қиядағы қыздың да ұрпағы бір-бірін танып өскен дұрыс. Ұрпаққа жеті атасын жаттатумен шектелмейік. Аталарымыздың атын жатқа айтқанымызбен, олардан кім тараған, қазір қайда, танисың ба, араласасың ба деген сұрақтарға жауап бере алмай күмілжиміз. “Әкем жағынан туыс. Бірақ қалай туыс екенін білмеймін” деген ұятты сөзді орта буынның талайының аузынан естісек, жастар жағы: “Туыстардың бірі шығар”, – деп иықты қиқаң еткізе түсіреді. Қазір біз үшін туыс – ата-ана, бірге туған бауырлар. Уақыт өте келе мұның да аясы тарылар. Туысты түгендемек түгіл, бір қалада тұрса да, ата-анасына жылына бір рет қана баратын еуропалықтар салған сара жолға түсеріміз анық.

Туыстардың басы тойда да емес, өлім-жітімде ғана қосылатын бұл заманда көңіл айта отырып, танысады, жылап отырып, жөн сұрасады. Аңғарасыз ба, уақыт өткен сайын ұлтымызға тән құндылықтарымыз жойылып келеді. Дін, діл тұрғысынан жұтап барамыз. Бұлай тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қала берсек, ұлтымыздың болашағы бұлыңғыр болмай ма? Ойланайық, ағайын!

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp