Облыста жыл басынан бері орын алған 409 өрт оқиғасы салдарынан он адамның өмірі қиылып, тағы он жетісінің денесін түрлі дәрежедегі күйік шалды. Тілсіз жау 55 млн. теңгеден астам шығын келтірді.
Облыс орталығының Комсомол көшесіндегі жер үйдің ауласында күтпеген жерден өрт шықты. Оттың тұтануына отызға таяп қалған қала тұрғыны себепші болды. Ол ашық тұрған жанармай бөшкесінің аузына сіріңке тұтатқан. Соның салдарынан денесінің 20 пайызын күйік шалған азамат қалалық ауруханаға жеткізілді. Осындай жағдай “Борки” саяжай қоғамында да болды.
Ал Есіл ауданының Бұлақ ауылында тұратын 27 жастағы азамат үйдің ауласында дәнекерлеу шамымен қойдың басын үйітіп жатып, абайсызда беті-қолын күйдіріп алды.
Оқиғаларды сараптау барысында барлық өрттің 75 пайызы тұрғын үй секторларында орын алатыны анықталды. Көпшілік жағдайда өрттің шығып, адамдардың түрлі дене жарақаттарын алуына және өмірлерінің қиылуына олардың абайсыз әрекеттері себеп болады.
Петропавл қаласының Мир көшесіндегі бесқабатты тұрғын үй от құшағына оранды. Өрт бесінші қабаттағы екі бөлмелі пәтердің балконынан шыққан. Ол туралы хабар түсісімен жедел қимылдаған №3 өрт сөндіру бөлімінің мамандары оқиға орнына жетті. Тілсіз жауды ауыздықтау кезінде осы подъезде тұратын 12 тұрғын (оның екеуі бала) сыртқа шығарылды.
Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына үйде ата-аналарының қарауынсыз қалған бес және сегіз жастағы балалардың отпен ойнауы себеп болған. Абырой болғанда балалар дін аман. Алайда, тілсіз жау үйдің жиһаздарына, терезе жақтауларына айтарлықтай зақым келтірді.
Өрт сөндіруге жеке құрамның тоғыз маманы мен үш техника жұмылдырылып, олар жарты сағаттың ішінде тілсіз жауды ауыздықтады.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бас маманы.