«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бұл «құлдық сана» емес, «сақтық сана» болуы мүмкін…

«Құлдық сана» туралы айтқанда билік пен халық арасын ажыратып алу қажет. Оның өзінде «орыс факторынан» ажырағысы келмейтін биліктің кейбір қадамы «құлдық сана» емес, «сақтық сана» болуы мүмкін. Мұны ескеруге тиіспіз.  Құлдық сана  өзіне деген сенімсіздіктен туындайды. Ендеше,  сенімсіздік – құлдық санаға апаратын төте жол, бірақ әлі құлдық сана емес. Бұл – бі­рін­ші себеп. 

Екінші себеп − мемлекеттік құрылым­нан туындайды. Біз төменнен бастап жоғарыға дейін сайланбалы билік жүйесін қалыптастыра алмай келеміз бе, қалай?! Барлық деңгей тағайын­далады. Ал, ол болса, қоғамды коррупция ықпалында қал­дырады. Қызметке орналасу адамның қарымына қарап емес, тамыр-таныстықпен, кейде, қызметті «сатып алу» немесе «лобби» арқылы жүзеге асады. Соның әсері­нен біздегі әр деңгейдегі кейбір мемлекеттік қыз­метшілер (өкінішке қарай, ол қатарға мұғалімдер де еніп тұр) біліктілік пен мемлекетшілдіктің орнына, жағымпаздық пен  көзсіз бағыныштылықты басшылыққа алуға үйренді. Өйткені, ол «мінез» өзде­рінің «тағдырын шешетін» жоғарыға ұнайды емес пе? Ал, мұның қазақша аты − «ләпбай». Міне, мен сондықтан да «құлдық сана» көрінісін «ләпбай» деп ата­ған едім. Әрине, «ләпбайшы» − құл емес, бірақ − оған даяр адам.  Дегенмен, билік «ләпбайшылармен» билігін баянды ете алмасын біледі. Сон­дықтан, уақыт өте келе, олар «ләпбай» қағидатын шектеуге мәжбүр болады. Себебі, «ләпбай» жүрген жерде өтірік пен көз­бояушылық қатар жүреді. Үшінші себеп деп «діни факторды» алар едім. Қазіргі соқыр сенімге негізделген дін идеологиясы «құлдық сананы» туындатушы фактордың біріне айналып барады. Ал, менің жаныма «жаратылыс» мағынасында айтылатын «Тәңірдің ұлы», «Тәңірі жаратқан» деген көне қазақ дүниетанымы әлдеқайда жақын. Өйткені, қазақ ұлты бүкіл қазаққа тән қазақы болмысын: қазақ ұлтының ділін құраушы «ер-батыр», «жігіт», «ақсақал», «ана», «бауыр-қарындас» және сол секілді көптеген асыл ұғымдар мен түсініктерді сол тарихи замандарда қалыптастырды. Өзіміз көріп отырғандай, онда «құлдық санаға» ешқашандай орын жоқ! Яғни, бұдан «Қазақ – ұлттық намысы бар халық. Ол жетімі мен жесірін қорғай алған, тентегін тезге сала алған» деген қорытынды туады. Мінеки, содан кейін қазақ халқын «құлдық санадағы» деуге кімнің аузы бара алады?!.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
публицист, философ.

(«Ақиқат» журналы, №7, 2015 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp