Облыс әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенованың төрайымдығымен өткен кеңесте үш мәселе қаралды. Алдымен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық қатынастарды нығайтудағы рөлі туралы әңгіме қозғалды. Ол жайында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов хабарлама жасады. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары өңірде құрылған қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру қажеттігін атап көрсетті. Сонымен қатар, Новоапостол шіркеуі діни бірлестігінің конфессияаралық және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі қызметі жайлы сөз болды.
Жат ағымдардың әсеріне қоғамның осал топтары тез еліктегіш келеді. Осы мәселенің алдын алу мақсатында облыс бойынша ақпараттық-насихат топтары құрылғанды. Олардың деструктивті діни ұйымдардың іріткі салуына жол бермеу ісінде атқарар қызметі елеулі. Кеңес отырысы барысында Аққайың және Мамлют аудандарының діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі ақпараттық-насихат топтарының жұмысы талқыланды. Елді мекендердегі ақпараттық-насихат топтары жұмыссыз жүрген жастармен, жазғы лагерьлерде демалып жатқан оқушылармен кездесулер өткізген. Бұл ретте Анархан Дүйсенова жат ағымдардың зияны туралы ата-аналарды да ақпараттандыру тиімді нәтиже беретіндігін атап айтты.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.