«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАНК ОМБУДСМЕНІ АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, кейде қаржыландырушы институт пен тұтынушылар арасында қайшылықтар туындап жатады. Өйткені, банктің келісімшарттарында өмірдің барлық құбылыстары ескерілмейтіндіктен, екіжақты міндеттердің орындалуында кедергілер көп болады. Сондай түрлі жағдайларда мәселені соттың қарауына жеткізбей, банк омбудсменінің қызметі арқылы шешу елімізде 2011 жылдан бері қолға алынған.

Өткен жылы “Нұр Отан” партиясы мен банк омбудсмені арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осыған байланысты өңірлік нұротандықтардың шақыртуымен еліміздің банк омбудсмені Ерсерік Сийрбаев екінші рет іссапармен облыс орталығына келіп, қаржы институттарының қызметтеріне қатысты реніштері бар бірнеше банк тұтынушысын қабылдады. Банктер мен тұтынушыларды ымыраға келтіру үшін жұмыс істейтін омбудсмен бұл күні 5 азаматтың өтінішін тыңдап, оның екеуіне журналистердің қатысуына рұқсат етті. Қабылдауға дейін Ерсерік Сийрбаев екінші деңгейлі банк филиалдарының басшыларымен пікір алмасып, олармен 2004-2009 жылдары банктерден ипотекалық несие алған тұтынушылардың қарызын қайта қаржыландыру бойынша мемлекеттік бағдарлама төңірегінде әңгіме өрбітті.  

– Ұлттық банк проблемалық кредиттерге бөлінген қаржыны екінші деңгейлі банктерге берді. Бүгінде банктер өздерінен қарыз алғандардың өтініштерін қабылдап, жұмысқа кірісті. Қазіргі уақытта бағдарламаға қатысты көптеген сауалдар туындауда. Кеше Көкшетауда болған кезімде назарыма біраз мәселелер ұсынылды. Сондықтан сіз және біз болып жұртқа бағдарламаның мазмұнын терең түсіндіруіміз керек. Бұл шараны жүзеге асыру үшін Үкімет 130 миллиард теңге бөліп отыр. Бағдарламаның шектеулі жақтары бар. Мәселен, ол ипотекалық құжаттың жылдық көрсеткішіне немесе пәтердің аумағына байланысты. Сондықтан айтылған өтініштердің барлығы қабылданып, тіркеліп, тұтынушыға оның мүмкіндіктері мен бөгеттері жайында толықтай түсіндірілуі керек. Керісінше, болған жағдайда азматтардың сенімсіздігі артады. Сондай-ақ, Ұлттық банк филиалдары жанынан екінші деңгейдегі банктер кейін қайтарған өтініштерді қайта қарайтын арнайы комиссия құрылды. Банк тұтынушыларының өтініштерін біздің институт кездесулер және “bank-ombudsman.kz” сайты арқылы тыңдайды және көмектеседі, – дейді Ерсерік Даменұлы.

Ұлттық банк филиалының тұтынушылар құқығын қорғау бөліміне биыл банктерден 73 қарыз алушы өтініш білдірген. Оның біразын ведомостволық мекеме өзі шешсе, қайсібіріне тісі батпаған. Алайда, кейбір мәселелерді көп болып қолға алса, олардың шешімді жолын айқындаудың мүмкіндігі бар екенін осы жолғы қоғамдық қабылдау тағы бір дәлелдеді.

Мәселен, Екатерина Никулина “Банк Хоум Кредит” қаржы институты филиалынан 2013 жылы 420 000 теңге несие алып, отбасылық жағдайына байланысты қарызын уақтылы өтей алмай, төлемі өсіп кеткеніне шағымданды. Омбудсмен Ерсерік Даменұлы банк тұтынушысының шағымын тыңдап, жағдайға қаныққан соң адами тұрғыдан алған кезде жалғызбасты анаға жанашырлықпен қарау керек екендігін түсінетінін, алайда банктің тәртібі мен талабына сай бұл мәселені тек сотқа шағымдану арқылы шешуге болатынын айтты. Қабылдауға жазылған екінші азамат өзінің қуанышымен бөліскелі келіпті. Любовь Гонтарь 2007 жылы ипотекаға үй алып, екі жылдан кейін айсайынғы белгіленген төлемді кешіктіріп жеткізуіне байланысты банктің үстемеақысын көбейтіп алған. Нәтижесінде қарызының айлық төлемі 90 мың теңгенің үстіне шығып, жағдайы қиындап кетеді. Банк тұтынушысы “Нұр Отан” партиясының өңірлік филиалы мен Ұлттық банк филиалының араласуымен ипотекалық несиесін қайта қаржыландыру бағдарламасы негізінде он жыл мерзіммен айлық төлемін 20 мың теңге етіп құжаттап алғанына риза.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp