Бедел – өте ықпалды рухани құбылыс. Адамдар беделдінің соңынан еруге дайын. Бедел күш көрсетуді, үгіттеуді екінші орынға сырып тастап, үлгі-өнеге мен абыройды бірінші кезекке шығарады. Халық беделді басшының соңынан ерсе, жас ұрпақ беделді педагогтардың сөзіне құлақ түреді. Бедел – тұлғаға берілген қоршаған адамдардың әлеуметтік бағасы. Қазір беделді жасауға имиджді жасау да көмекке келуде. Имиджеология саяси ғылымның бір саласына айналып отыр.
Десек те, бүгінгі қоғамда шын бедел бар және қолдан жасанды жасалынатын жалған бедел бар. Нағыз дұрыс тәрбие шын бедел бар жерде ғана мүмкін. Жасанды беделге ден қою жастардың өмірлік ұстанымдарын бұзатын қауіпті құбылыс. Кеңес Одағы кезінде коммунистік идеология жалған бедел жасауға құмар болды. Қоғамды өтірік пен жалғандық жайлап алды. Кеңес Одағының аса зор ресурстары бола тұра күйреп қалуының түпкілікті себебі жалған сөйлеу, шындықты бұрмалау мен жастарды жалған беделдер арқылы тәрбиелеуге байланысты. Өкінішке қарай, осы жалғандық бүгінгі Қазақстанда да орын алуда.
Жас бала адал, еңбекқор, шыншыл адаммен тәрбиелік қатынаста болса осы ізгілікті салаларды қабылдайды. Өтірікті, өсекті, жалған сөйлеуді, әділетсіздікті ұстанған адамдарды көріп өссе, солардың жаманшылықтарына үйір болады. Нағыз бедел еңбекқорлықта, әділеттілікте, шыншылдықта ғана ықпалды болады. Сондықтан жас баланы қоршаған ортасындағы моральдық-психологиялық атмосфераның ізгілікті құндылықтармен толғаны абзал. Беделді тәрбиешілер ізгілікті құндылықтарды өмірлік қағидаттарына айналдыра білген жақсы адамдар. Қоғамда жақсы адамдар көп болса, оның дамуы баянды, жақсылығы көп болады. Мұндай қоғамда адами құндылықтар басым болып, қайшылықтар, қайғылар мен өкініштер аз болады.
Қазақстандағы тәрбие жұмысы адамгершілік идеологиясы ұғымының төңірегінде жинақталуы керек деп білеміз. Адамгершілік идеологиясының тірегі Абайдың сыншыл көзқарастарына негізделген «кемел адам», «толық адам» концепциясы, Шәкәрімнің «шын адам» концепциясындағы «ар ілімі» бола алады. Абай, Шәкәрімнің гуманистік идеялары әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қ.А.Иассауи сияқты отандық ойшылдардың және әлемдік адамгершілік идеяларының озық үлгілерімен байытылады.
Әлемдік ізгілікті ойдағы «барлық байлықтар мен игіліктер тек қана адал, тиімді, белсенді еңбекпен ғана келеді» деген қағида үстемдік құрғаны абзал. Қоғам таза, адал еңбекпен толыққанда ғана имандылық үстем болады. Имандылық арлы адам болудың негізі екендігі белгілі. Иманды қоғам ұлттық салт-дәстүрлерге сүйенетін қоғам. Әке – әке, шеше – шеше, бала бала болуы шарт. Әке – асыраушы, басқарушы. Шеше – отбасының иесі, баланың тәрбиешісі. Бала – ата-анасына көмекші, олардың айтқанын орындаушы. Міне, осындай қарапайым шындықтардың қызмет етуі отбасының нығаюы үшін ең қажетті нәрсе. Отбасы құндылықтарының мызғымас маңызы туралы Қытай ойшылы Конфуцийдің ұстанымдарын пайдалану абзал.
Сайын БОРБАСОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университеті
О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор.
(«Айқын» газеті, 2015 жылғы 31 шілде).
