«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИНА – ДҮБІРЛІ ДОДАНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Петропавл қаласында облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында “Bala Turkvizyon-Қазақстан ” халықаралық балалар әні байқауының іріктеу кезеңі өткізіліп, өңірлік жеңімпаз анықталды. 8-13 жас аралығындағы балғындарды тоғыстырған аталмыш дода Қазақстан жастарына білім, ғылым және мәдениет салалары бойынша қолдау көрсетіп келе жатқан Әлия Назарбаеваның “Жандану әлемі” қорының бастамасымен жүзеге асуда. Қор вокалдық жағынан дарынды балаларға қолдау көрсетумен қатар, еліміздің кішкентай тұрғындарына арналған қазақ тіліндегі жаңа әндерді жарыққа шығарып, оларды насихаттайды. Жаңа әндер жазылған дискілер республикамыздың мектепке дейінгі мекемелері мен мектептеріне таратылатын болады.

Түркі тілдерінде шырқалатын әндерді насихаттайтын халықаралық бірегей байқауға үміткерлер саны көп болды. Бірақ, жүзден жүйрік шыққан біреу ғана. Ол – Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылының 11 жасар тұрғыны Дина Диярат.  

Жеңімпаз көпбалалы отбасынан шыққан, 4 жасынан бастап ән салып, 5-ке толғанда алғаш рет сахнада өнер көрсеткен. Ол әзірге кәсіби вокалмен айналыспайды. Ұстазы Нұрболат Жанай өнерлі қыздың болашақта биік белестері бағындыратынына сенімді. Байқауда бағы жанған Дина Жанар Дұғалова, Алтынай Жорабаева сияқты елімізге есімдері танымал әншілерді үлгі тұтады. Енді Дина Диярат тамыздың 13 күні Алматыға барады. Ол жерде жас өнерпаз 2 апта “Жұлдыздар үйінде” кәсіби мамандар мен тәлімгерлерден сабақ алады. Танымал өнер майталмандарынан шеберлік сабағын алғаннан кейін Дина Түркияның Стамбул қаласында өтетін “Bala Turkvizyon” байқауының гранд-финалында Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын жеңімпаз болу үшін жарысқа түседі.

– Мен өзім осы жерде туып-өскем, сондықтан да жерлестерімнің арасында өнерсүйер ұл-қыздардың көп екенін көріп, қуандым. Өңірлік жеңімпазбен алдағы уақытта жоспар бойынша жұмыс істеп, жеңіске қол жеткізу үшін қолдан келгенше аянбай еңбек етеміз,–дейді ол. Динаның тәлімгері және продюсері Әділхан Макин.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Вадим Мударисов.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp