“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы үстіміздегі жылғы 6 айда сомасы 718,8 млн. теңгенің 189 жобасына қаржылай көмек көрсетті.
Аталмыш қоғамның облыстық филиалы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының “Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту” атты екінші бағыты бойынша аудандық жұмыспен қамту орталықтарының тізімімен нысаналы сипатта кредиттер берумен айналысады. Кредит өз ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру үшін 5 жылға дейінгі мерзімге 3 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде беріледі. Бағдарламаға қатысушылар шағын кредитті мерзімінен бұрын өтесе, 54 айға 6 пайыздық сыйақымен 5 млн. теңгеге дейін екінші рет кредит ала алады. Үстіміздегі жылы 6 айда 182,0 млн. теңгеге 84 жоба қаржыландырылды. Жыл соңына дейін 610,4 млн. теңгенің жобаларына кредит беру жоспарланып отыр.
Біздің филиал “Агробизнес – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру үшін бірнеше бағдарламаны қаржыландырады.
Оның біріншісі – “Ырыс” бағдарламасы. Ол асылтұқымды сүтті сиырлар мен қажетті техника сатып алуға арналған. Аталмыш қаржы 11 пайыз сыйақы ставкасымен 7 жылға дейінгі мерзімге 60 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде беріледі. Бір атап өтерлігі – сыйақының 7 пайызы мемлекет тарапынан демеуқаржыландырылады, сонда қарыз алушы сыйақының 4 пайызын ғана өтейді.
Жыл басынан бері сомасы 109,2 млн. теңгеге 3 сүт фермасы құрылды, 210 сүтті бағыттағы асылтұқымды қашар, сүт саууға арналған құрал-жабдық, ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
“Сүт қабылдау қосындарын құру және дамыту” бағдарламасы бойынша сомасы 27,4 млн. теңгенің кредитіне 5 сүт қабылдау қосыны ашылды, олар сүт тасымалдауға арналған арнайы көліктермен және салқындатқыш-танкерлермен толықты.
Сонымен бірге “Мурабаха” бағдарламасы бойынша биологиялық активтерді сатып алуға бір қарызгерге 33 мың АҚШ долларына дейін 48 айға 11 пайыздық сыйақымен кредит беріледі. Жыл басынан бері 7 кәсіпкер 49,7 млн. теңгенің қарызын алды.
“Кәсіпкер” бағдарламасы бойынша 18 жобаға 71,9 млн. теңгенің қолдауы көрсетілді. Көктемгі дала жұмыстары мен орақ науқанын өткізуге арналған “Егінжай” бағдарламасы бойынша бөлінген 330,0 млн. теңге көлеміндегі қаржы толығымен игерілді.
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 959 әлеуметтік сала және ветеринария мамандарына тұрғын үй сатып алу үшін 1,8 млрд. теңгенің кредиті берілді, биыл жыл басынан бері 42 маманға 114,3 млн. теңгенің қолдауы көрсетілді.
Барлық жобалар “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның кепілзаттық саясатына сәйкес өтімді кепілзатты қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады. Қаржыландырылатын жобалар нысаналы болып табылады, сондықтан олар тиісті құжаттармен расталады және қоғамның филиалдарында тексеруден өткізіледі.
Кредиттеуге байланысты толық ақпаратты “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы мамандарынан, сол сияқты www.fad.kz сайтынан алуға болады. Филиал Петропавл қаласы, Е.Букетов көшесі, 31“А”, 2-қабат мекенжайында орналасқан. Байланыс телефоны: 8(7152) 46-51-48.
Айдар ТӨЛЕЕВ,
“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ
облыстық филиалы директорының орынбасары.