Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген “Үлкен ел – Үлкен отбасы” жобасы Қазақстан халқының бірлігін нығайтатын қосымша құралға айналады. Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз конференциясы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Анатолий Башмаков:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық жобалары мен акциялары “100 нақты қадам” Ұлт жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Жүргізіліп жатқан жұмыстың барлығы реформаларды қолдау мақсатын көздейді, – деді.
“Қоғамдық келісім” республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ғазиз Телебаев өз кезегінде “Үлкен ел – Үлкен отбасы” ауқымды жобасының мақсаты – жалпықазақстандық бірегейлікті қалыптастыру екендігін, алға қойылған міндеттерді орындауға азаматтық қоғам өкілдерін – үкіметтік емес ұйымдарды, жастар қозғалысының белсенділерін тарта отырып, үлкен нәтижелерге жетуге болатынын атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жобасы аясында өткізілетін іс-шаралар қатарында “Қазақ халқына және бір-біріне алғыс білдіру күні”, “Қайырымдылық керуені” акциясы, “Жібек жолындағы әңгімелер” конференциялары және басқалары бар. Ғазиз Тұрысбекұлының пікірінше, олардың әрқайсысы Қазақстан халқын топтастыра түсуге ықпал ететін болады.
(Өз тілшіміз).