Бүгінгі күні Қазақстанның алдына қойып отырған басты мақсаты – әлемдегі мықты дамыған отыз елдің қатарына қосылу. Адамзат баласы дамып-өркендеудің үлкен бір шыңына жеткендей болатын ХХІ ғасырда алға жылжу қай ел үшін де, соның ішінде Қазақстанға да маңызды. Сондықтан мемлекеттілігімізді нығайтып, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызу мақсатында “100 нақты қадам” Ұлт жоспары әзірленіп, ол көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр. Осы орайда бірқатар азаматтардың пікірін тыңдаған едік.
Сайран ХАМЗИН,
Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:
– “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде мені кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру жайы толғандырады. Аталмыш реформада азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасуды төменгі лауазымдардан бастау керек делінген. Кез келген бөлімшенің болашақ басшысы қарамағындағы мамандардың міндетін атқара алатындай біліктілігі мен тәжірибесі болуы керек. Тек осы кезде сапалы және жылдам жұмыс істеуге, әр іске жауапкершілікпен қарауға қол жеткізуге болады.
“Кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру” реформасына мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылардың біліктілігі мен атқарып отырған лауазымына сәйкестігін қадағалайтын межелік бақылау жүйесі енгізілмек. Үш ай сайын жүргізілетін бақылау барысында сынақтан өткенде және мемлекеттік басқару салаларындағы жұмыс істеген кезінде көңілге түйгендері назарға алынады. Бұл белгілі мерзім ішінде өзінің атқаратын міндетін түсінбеген қызметкерлерді орындарынан алуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, кез келген деңгейде сауатты, білікті және шығармашыл маман, жоғары дәрежелі менеджер жұмыс істеуі керек.
Аталмыш реформада мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын олардың жұмыстарының нәтижесіне қарай көтеруі жайлы айтылды. Сондай-ақ, өз міндетін жылдам және сапалы орындаған қызметкерлерді көтермелеу жүйесі әзірленбек. Осының барлығы мемлекеттік қызметшілердің талпынысын арттырары сөзсіз. Бұл – құптарлық шешім.
* * *
Татьяна ЛЕБЕДЕВА,
Солтүстік Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру өңiрлiк орталығының директоры:
– Ұсынылып отырылған реформа бізді кәсіби мемлекеттік аппарат құруға міндеттейді. Осыған орай заңнамалық базада орын алар өзгерістер әр мемлекеттік қызметші әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуын талап етеді. Бұл – әр мемлекеттік орган оқу, біліктілікті арттыру, қайта даярлауға басымдық беру қажет деген сөз. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру өңiрлiк орталығы 53 оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Біз сабақтарды өткізуге заңнамалық базада орын алып жатқан өзгерістерді түсіндіріп, міндеттер мен оның басымдығын айта алатын мемлекеттік қызметтің кәсіпқой, тәжірибелі мамандарын шақырудамыз. Біздің орталықта сараптамалық бөлім ашылды. Аталмыш бөлім мемлекеттік қызметке үміткер жастармен жұмыс істейді. Оқыту барысында түрлі әдістемелер пайдаланылып, тестілеуден өтіп, білім мен біліктілігі қандай деңгейде екендігін көрсететін анықтама әзірленеді. Сараптамалық бөлім республика бойынша тек біздің орталықта ғана бар.
Менің ойымша, әр адамның ішкі түйсігінде жауапкершілік сезім болуы тиіс. Егер мемлекеттік қызметші болса, ол Елбасының тапсырмасын орындау үшін уақытында біліктілігін арттыруы қажет. Мен мемлекеттік қызметшілерді оқытуда кадр қызметі бізбен тығыз қарым-қатынас орнатқанын қалаймын.
Сауалнаманы жүргізген
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.