Тәуелсіз еліміздің қолданыстағы Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз күні өткен бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл қазақстандықтар үшін де, біздің мемлекетіміз үшін де қуанышы мол саяси оқиға болды. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Ата Заңымыз біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Осы жылдар ішінде тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес, егемен елдердің қатарына қосылып, алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына көтерілдік. Құндылықтарымыздың негізін бұлжытпай орындаудың нәтижесінде тұғыры берік, туы биік мемлекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді паш еттік.
Конституция – біздің еліміздің бірлігінің, тұтастығының кепілі. Елбасымыз атап көрсеткеніндей, Ата Заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде өткізілген референдум егемен еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды.
Елімізде қазіргі таңда 140 этнос пен 46 діни қауымдастық өкілдері келісім мен достықта өмір сүруде. Осы негізде басты конституциялық қағидаттар: бейбітшілік пен тұрақтылық, бүкіл халық игілігі жолындағы экономикалық даму қамтамасыз етіледі. Халықтың бірлігі, бұл ең алдымен, мемлекеттік институттардың мызғымастығы. Бұл мақсатқа Конституцияның арқасында қол жеткізілуде.
Мемлекеттің қалыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғырту жағдайында жоғары биліктің әлсіз болуға құқығы жоқ. Барлық мәселелер біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара ықпалдастығы туралы қатаң конституциялық қағидаттары негізінде шешіледі. Елімізде заңдылықтың үстемдігін қамтамасыз етуде Конституциялық Кеңес маңызды рөл атқарады. Оның қызметі қазақстандық заңнамалардың Негізгі Заңның рухы мен әрбір әрпіне сәйкестігінің сенімді кепілі ретінде қаралады. Конституция қоғамның демократиялық әлеуеті өсуінің сенімді негізі болуда. Бұл көпэтносты халыққа, оның тілдері, діндері мен мәдени қажеттіліктері туралы қамқорлық. Негізгі Заң Қазақстанның сыртқы саясатының басты қағидаттарын: теңдестірушілікті, салиқалылықты, достастық қатынасты, көпвекторлықты орнықтырды. Конституциямыз барлық адамдардың теңдігін, құқықтарының біркелкілігін қамтамасыз етеді.
Біздің еліміз Ата Заң аясында тарих үшін аз жылдың ішінде әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан, саяси тұрақтылық берік қалыптасқан, іргесі мықты, ірі мемлекет ретінде дүниежүзіне танылды. Мұның бәріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, алысты болжайтын кемеңгер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығының, салиқалы саясатының, бүкілхалықтық референдумда қабылданған еліміздің Конституциясының әділдігінің нәтижесінде қол жеткізілуде.
Сонымен қатар, Конституция дегеніміз – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, билік органдары жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң. Конституция бүгін мемлекетімізді мекендейтін халықтардың бейбіт өмір сүруінің кепілі болып отыр. Ата Заң аясында Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, әр-түрлі этнос өкілдерінің бірлікте өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуы жөнінен үлгі болып отыр. Еліміздің Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстанның қанат жаюы жолындағы бірден-бір серпінді сенім, әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата Заңы, айшықты құжаты. Ол мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, барлық заңдардың бастауы болып табылады. Конституцияда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ, билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалған. Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың құқықтық қайнар көзі ретінде танылады.
Сонымен қатар, Конституциямыз – елдің басты саяси құқықтық құжаты. Заңға бағыну – тәртіпті сақтау, ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер бар. Сол қасиеттер қоғам дамуына негіз болады. Өз Отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы борышын орындауы болып табылады.
“Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ”, – деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы.
Әділет КӘКІМЖАНОВ,
облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот кеңсесінің
меңгерушісі.