Өңірімізде туып, елі үшін өзегін талдырып, өнері мен білімін халқының бақытты болашағына арнаған ерлердің есімдері ұрпақ үшін өшпес өнеге. Солардың бірі – бүкіл ғұмыры мен қызметі ізгілікке толы Жұмағали Тілеулин. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақтың ақжүрек, адал ұлдарымен бір қатарда, жаңа өмір, ұлт теңдігі, тәуелсіздік ұранымен өскен азамат туралы білетін сияқтымыз, бірақ оның жарқын бейнесін танытатын туындылар саусақпен санарлық. Туғанына үстіміздегі жылы 125 жыл толып отырған қайраткер туралы қолда бар деректермен бөліспекпін.
Алашорданың көрнекті қайрат-керлері сапынан ойып тұрып орын алған Жұмағали Тілеулин ақын Бақытжан Қанапиянов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, көрнекті көсемсөзші, көкшетаулық Сарбас Ақтаев, алаштанушы, профессор Зарқын Тайшыбай, жергілікті өлкетанушы, еңбек ардагері Қайролла Мұқанов сынды азаматтардың қаламынан туған мақалада әр қырынан көрінген. Оның қызметі туралы, қуғынға ұшырап, жазықсыз жапа шеккендігіне дәлел мұрағат құжаттары да баршылық.
Солардағы ортақ арна – Жұмағалидің осы солтүстік өлкеде қазақ арасынан шыққан алғашқы денсаулық сақтау мамандарының бірі, арнайы мұғалімдік білім беру ісін ұйымдастырушы, өлке тарихы және мәдениетінің жанашыры, көсемсөзші ретіндегі қызметі.
Жұмағали Тілеулин 1890 жылы Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Шұқыркөл деген ауылда дүниеге келген. Зерттеуші Сарбас Ақтаевтың дерегіне қарағанда, Жұмағали Абылай ханның жасағын бастаған бәсентиін руынан шыққан Айтбай батырдың ұрпағы. Әуелі өзі туған ауыл мектебінде сауат ашады, содан кейін Көкшетаудағы орыс-қазақ мектебінде білім алып, Омбы қаласындағы “Орталық фельдшерлік мектеп” аталған арнайы медициналық оқу орнын тамамдайды. 1908 жылы Қызылжарға мұғалім болып Міржақып Дулатов келгенде, алдынан шығып, бірінші танысқан кісі Жұмағали Тілеулин екені Жақаңның қызы Гүлнәр апайдың естелігінен мәлім. Мектепте алғаш назарын аударып, ақындығымен көзге түскен шәкірті – Мағжан Жұмабаев. Бұл таныстық үшеуі үшін де әрі бақ, әрі сор болды.
Қызылжардағы таныстық достыққа, одан ортақ дүниетанымға, тағдырға ұласып барып, үш қайраткердің де ұлты үшін жазықсыз жапа шегіп, құрбан болуы тегін емес. Ресейде самодержавие құлап, Омбыда берекесіздік орын алғанда, әлдебіреулердің жаласымен тұтқынға түскендер де – осы Мағжан мен Жұмағали.
Сарбас Ақтаевтың айтуынша, Ж. Тілеулиннің Қазақстаннан тыс жердегі ғылым-білім қайраткерлерімен, солардың ішінде мысалы, түркітанушы В. Гордлевскиймен достық қарым-қатынасы Омбыда оқып жүргенде-ақ басталса керек. Аты аталған ғалымның бастамасымен Мәскеудегі Лазарев Шығыс тілдері институтының (кейін Мәскеу Шығыстану институты) профессоры А. Веселовскийдің құрметіне “Шығыс жинағы” шығарылып, Гордлевский қазақ жерінің атауларына ынта қойып, жас дәрігер Ж. Тілеулиннен “Сарыарқа” деген сөздің орыс тіліндегі аудармасын сұраған.
Оған Жұмағалидің берген жауабы: “Сарыарқа” деген атау арқылы қандай тауларды айтпақшы болған деп сұрапсыз. Сарыарқа тау емес, ол бүгінде Ақмола, Семей және Торғай облыстарын алып жатқан қазақ өлкесінің беткей бөлігі. Жазық дала. Бұл жерді қазақтар: “Сарыарқа” немесе “Сарыарқаның даласы”, – деп атайды”, – деген мәтінімен сабақтасады.
Қызылжардағы Мағжан бастаған талапты қазақ жастары Троицкіде шыға бастаған алғашқы қазақ журналы “Айқап” пен Орынбордағы “Қазақ” газетімен үзбей хабарласып, жазғандарын бастырып тұрған. Оған “Айқаптың” алғашқы сандарының бірінде жарияланған “Жас туғандарыма” деген өлеңі айғақ. Өлең дәстүрлі ғақлия үлгісінде өріліп, жастарды жаман әдеттен жерітіп, жақсы істерге еліктіруді көздейді.
Ж. Тілеулин мақалаларының тақырыбы да алуан түрлі әлеуметтік өмір салаларын қамтиды. Айта кету керек, жас өскін қатары ержетіп, қалыптасып келе жатқанда, Алаш қайраткерлерінің бесаспап болғанына таңғаласыз. Себебі, олар аз еді. Сол санаулылар ғана замана көшін бастап, ұлт жүгін белдері қайысқанша көтеруі керек еді. Солардың маңдайына жазылған қилы, қайғылы жағдайдың бәрі Жұмағалидың да басынан өткен.
Ол өзінің “Баспасөз” атты мақаласында болашақты барлауда, бірдің білімін мыңның игілігіне айналдыруда баспасөздің, жазба, баспа әдебиеттің маңызын айта келіп, былайша ой тербейді: “Кешегі өткен орыс жұртының данышпаны Лев Толстой күллі жан иесіне бір көзбен қараған, қай жерде жәрдемсіз қалған жан болса, қаламымен соны қорғаған. Мечников деген асып туған зор дәрігер бар. Неше түрлі аурулардың тегін ашқан адам. Оның тапқан дәрісін бүкіл адам баласы пайдаланып жүр. Бұлардың мұндай пайдалы жұмыстарын жұртқа танытатын – баспасөз”.
Мерзімді баспасөзді азаматтық борышын ақтаудың құралы деп түсінген жас маман бірде өз мамандығы бойынша қалам тербеп: “Денсаулық кепілі – тазалық, денсаулықтың негізі – тән саулығы”, – деп жазады. Айтқан сөзін жан-жақты ашып, терең зерттейді.
“Ат үстінде көрген түс”, “Мейірімді төре” атты сюжетті, көркем әңгімелерінде атақоныс, бабалар мекені, жер мәселесін сөз етеді. Насихат пен үгіттің заманауи әдістері мен тәсілдерін, амалдары мен құралдарын қазақ халқының көзін ашуға жұмсауға ыждаһаттанады.
Кейіпкеріміздің саяси-қоғамдық қызметі оның ІІ бүкілқазақ съезінде “Алашорда” құрамына сайланып, бүкілресейлік құрылтайға Алаш партиясының атынан ұсынылған кандидаттар тізіміне енуімен-ақ жоғары бағаланды.
Жұмағалидың Қызылжар мен Омбыдағы беделі, саяси күрестегі көсемдері мен серіктері арасында оны табанды қайраткер, халық мүддесіне адал, байсалды да батыл күрескер ретінде танытқан. Айталық, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш көсемдері Белорус жерінде бейнет көріп, майданның қара жұмысындағы қаракөз бауырларымызбен бірге күн кешіп жүргенде Ресейдегі патшаның тақтан тайғанын біле сала, елге жеделхат жолдап, сүйінші сұрағандардың кімдер екенін білсек, Жұмағали Тілеулиннің де тарихтағы орнын анықтар едік.
Жұмағали сол беделінің арқасында Қызылжарда 1917 жылы 14 сәуірде Петропавлдың уақытша уездік атқару комитетінің құрамын өзгерту туралы мәселе қараған жиналыста болды. Оған қала сыртындағы қазақ ауылдары және орыс селоларының өкілдері қатысты.
Жиналыста Ресей патшасы тақтан түскенімен, уақытша үкімет жергілікті билікті жұртшылыққа бермей жатқандығына наразылық білдіріп, уездегі билік әлі де офицерлердің, казак әскерлерінің қолында қалып отырғаны, сайлаусыз құрылған билік құрамына шаруалар мен қазақ ұлтының өкілдері шақырылмағаны айтылды.
Осы жиналыста уездік кеңес деп аталатын басқару органының құрамы қазақтармен де толықтырылды.
Петропавл уездік атқару комитетінің төрағасы болып диқан-шаруа Николай Бычков, оған орынбасарлыққа қойма меңгерушісі Быков пен ұсақ қарыз инспекторы Медведев, хатшылыққа 33-полктің солдаты Одушев сайланды. Осы жиын үстінде уездік атқару комитетінің мүшелігіне қазақтардан Ғалиасқар Қуанышев пен Жұмағали Тілеулин сайланды.
Жаңарып, қайта толықтырылған атқару комитетінің бұл құрамы да қазақтарға теңдік бере қоймағандықтан, 1917 жылғы 4 маусымда Петропавлда уездік қазақ комитеті жеке билік органы ретінде дербес бөлінді. Оның төрағалығына Ғалиасқар Қуанышев сайланды.
Орталығы Қызылжар болып, кең-байтақ Есіл өлкесі – Қазақстанның солтүстігі жаңа құрылған Қазақ автономиялы советтік республикасы құрамына берілгеніне қуанған ұлт зиялылары губерниядағы мемлекеттік, мәдени-шаруашылық құрылысына белсене кірісті. Ақмола губерниялық оқу бөлімі 1922 жылғы 1-ші қарашадан бастап Петропавлда қазақ мұғалімдерінің курсын ашатын болды. Оны ұйымдастыру Жұмағали Тілеулинге тапсырылды. 5-ші қараша күні Қызылжарда оқыған қазақ азаматтары бас қосып “Қазақша 3 жылдық мұғалімдер курсын” ұйымдастыру мәселесін талқылады. Мұрағат құжаттарын зерттеу нәтижесінде Қызылжардағы қазақ педагогикалық техникумының ашылған уақыты 1922 жылдың 27 қарашасы екендігіне көз жеткізілді.
Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссариаты жалпы білім беретін мектептер мен педагогикалық техникумдар үшін авторлар жасақтап, оларға лезде қазақ тілінде оқулықтар жазуды тапсырғанда, Жүсіпбек Аймауытов “Дидактика”, Мағжан Жұмабаев “Педагогика” және “Қазақ тарихы мен әдебиет танытқыш”, Хайретдин Болғанбаев “Жалпы тарих” оқулықтарын жазуға тиіс болды. Ал Жұмағали Тілеулинге “Мектеп оқушыларының гигиенасы” деген кітап тапсырылды.
Ал енді келесі бір мәліметте Мағжан Жұмабаевтың “Педагогикасы” 5 мың данамен, Ж. Тілеулиннің “Денсаулық” деген атпен шыққан оқулығы 3 мың данамен басылып шыққан. 1924 жылы қазақ педагогикалық техникумын басқарған Жұмағали Тілеулин “Гигиена” деген оқулық жазып, бастырды. Бұл шығармадан өзге еңбекқор маманның қолынан “Жұқпалы науқастар”, “Қотыр” еңбектері туған.
Қазақ педагогикалық техникумы әуелде екінші басқышқа 17 бала қабылдаған болса, соның сегізі 1925 жылы оқу бітіріп, қолына құжат алды. Қызылжар педагогикалық техникумы өз бауырлары мен қандастарына қазақ тілінде, ана тілінде сабақ беретін алғашқы 8 мұғалімді қатарға қосты. Ерлікке пара-пар осы еңбегі үшін ғана Жұмағалиға ұрпақтары разы емес пе?!
Өмірлік позициясы айқын, халық денсаулығы үшін жан сала еңбектенген Жұмағалидың аймақтағы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырудағы, мекемелерді маман қызметкерлерімен толықтырудағы ізі сайрап жатыр.
Бүгінде “Сталиндік зұлмат” деп аталып жүрген Кеңес заманындағы саяси қуғын-сүргіннің жан түршігерлік науқандары қазақ зиялыларының басына ерте-ақ, 1922 жылдың күзінен бастап үйіріле бастағанын айтпасақ болмайды. Сол жалған жалаға негізделген ауыр соққы Қызылжардағы Мағжан мен Жұмағалидың басына ертерек тигендей. Өз арамыздан шыққан шала сауатты шолақ белсенділер “тап күресі” дегенді желеу етіп, кеңес өкіметі мен компартияның майлы шелпегінен үлес алып қалмаққа ұмтылып, қандастарына жала жабудан тайынбады.
Кеңес өкіметі тарапынан ресми түрде жария кешірім жасалғанымен, Алаш қозғалысына қатысып, қазақ халқының тәуелсіз мемлекетін құру жолында күрескендер, жаңа, советтік құрылысқа қарсы деп айыпталды. Олардың қатарында Жұмағали Тілеулин де бар.
Мұндай ауыр айыптаудан кейін не болатыны түсінікті еді. Облыстық “Солтүстік Қазақстан” (Ол кездегі атауы “Ленин туы”) газетінің 16 тамыздағы санына Жұмағали Тілеулиннің ақталмақ болып жазған жауабы басылды. “Басқалармен бірге менің де атыма ауыр күнә тағылыпты. Қылмыс істеді депті. Колчак өкіметі кезінде мен Петропавл қалалық Земство билігінің құрамына сайландым. Дәрігерлік-санитарлық бөлімді басқардым. Қазақ большевиктерінің өліміне еш қатысым жоқ. Ал Жұмабай Нұркиннің өліміне келсек, ол Петропавл уезі Пресногорькое болысында кеңес қызметінде жүргенде ауырып (безгек ауруы), өз үйінде өлді”, – делінген.
1922 жылы Мағжан өлеңдерінің жинағын ақын Бернияз Күлеев құрастырып, алғысөз жазып Қазанда басып шығарғаны, 1923 жылы белгілі қаламгер және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың алғысөзімен Мағжан ақынның үшінші кітабы Ташкентте басылып шыққаны мәлім. Осы үшінші жинақтың тағдыры марғасқа Мағжанның басына қара бұлттың ерте-ақ үйірілгенін, оның тілектес досы Жұмағалиды да қоса ала кеткенін кім біледі?
Қазақстанда алашордашыларды қуғындау науқаны 1928 жылғы күзден басталып, одан әрі жалғасты. Соның алғашқы легінде қара тізімге іліккендердің бірі Жұмағали Тілеулин еді. Оған “Осы ұйымға басшылық еткен” деген айып тағылған.
Ж. Тілеулиннің тергеу қағаздарын қарап отырып, қалай жауап алғанын көруге болады. Мысалы, 1930 жылғы 15 шілдедегі жауабын хаттамаға Жұмағали өз қолымен жазыпты. Орысша сауатында мін жоқ. Ескі интеллигенттерге тән дағдымен маржандай сұлу жазады.
Дана халқымыздың “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген сөздері Жұмағали Тілеулин сияқты адал ұлдарына арналған болса керек. Нағыз ұлт зиялысы, халық бақыты үшін күрескен қайраткер, қалам қуаты күшті көсемсөз шебері, ғалым, білікті маман десек – бәрі бір адамның бойынан табылатындығына таңдана алмаспыз. Бүкіл саналы өмірін туған елінің, қасиетті Қызылжарының мәдени-ағарту, денсаулық сақтау саласына арнаған тұлғаның аруағын тірілтіп, есімін келер ұрпақтың жадында жаңғыртатындай белгі арнаудың жолын іздейік.
Сәуле МӘЛІКОВА,
облыстық мұрағаттың
директоры.