«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАМ ӨЛКЕСІНДЕГІ СӘБИЛЕР ТАҒДЫРЫ

Шам өлкесіне шетелден келіп, соғыс алаңында қанға бөккен әкесінің мәйітін құшақтап жатқан бір баланы көз алдыңызға келтіріңіз. Өзінің де бет-аузына қара қан қатқан. Нәр татпай, асқазаны шұрылдап, өлген әкесінің қасында көз жасын көл қылып отырғанына бірнеше күн болды. Қасына келіп, маңдайынан сипап: “Жүре ғой! Мен сені жуындырайын, тамағыңды берейін. Киіміңді ауыстырып ал. Сосын балалармен ойнай ғой”, – дейтін анасы да, басқа жақын-туыстары да көрінбейді. Жан-жағында қирап жатқан үйлер, әр жерде қасқыр тиіп кеткен қойдай қырылып жатқан өліктер.

Бұл әлі балағатқа да толмаған бала. Көзіндегі жасы құрғап кеткен. Дауысы да шықпайды. Тек бала жүрегін сыздатып, ішін түйреп, өзегін өртеп, шыдатпай тұрған бір ащы зары бар. “Әке! Әке! Тұршы! Ояншы! Мені ауылға апаршы! Мен ауылды сағындым. Апам мен әжеме барғым келеді. Менің қарным ашты. Шөлдедім. Тұршы, әке, тұршы! Енді мүлде оянбайсың ба?”.

Міне, талай уақыттан бері Шам өлкесінде күн сайын қайталанып жатқан оқиғалардан шағын ғана көрініс. Шам өлкесінде қазір қантөгіске, қатыгездікке, қиянат пен көз жасына толы ауыр бір тіршілік тауқыметі толассыз жүріп жатыр. Ғаламтор бетінде жарияланып жатқан қиянаттардан жаның түршігеді. Көзі жәудіреп, үрпиіп, үркіп тұрған кішкентай қызды бір содыр қолындағы қарумен ата салды. Енді бір бала қираған ғимарат бетондарының астында ыңырсып жатыр. Тағы бірі жанына батқан жарасын ауырсынып, көз жасын төксе, енді біреулері өлген ата-анасын құшақтап, еңіреп отыр. Үлкендер қыршын кеткен жүздеген баланың мәйіттерін жинаумен айналысуда. Жаппай қырғынның құрбанына айналған балалардың денесінде саутамтық жоқ. Басына оқ тиген, ішек-қарыны ақтарылған, бір немесе екі көзінен айрылған, аяқ-қолы сынған балаларда есеп жоқ. Әр жерде еңіреген балалардың “Құтқарыңдар!” деген жан айқайы естіледі. Тағы бір жерде бетперде киген адам бейнесіндегі “хайуандар” өз балаларына адамның басын кесуді үйретіп жатыр. Қысқасы, “Ислам халифатын құрамыз” деген содырлардың жасап жатқан зұлымдықтарын санап тауысу мүмкін емес.

Күн сайын жүздеген адам көз жұмып, мыңдаған жан жазықсыз жапа шегіп, қырғынға ұшырап жатыр. Кейбір деректер бойынша 2011 жылғы 25 наурыздан бүгінге дейін бұл жақта 70 мыңнан астам адам өмірмен қош айтысқан. Күн өткен сайын бұл сан артуда. Шам елінің бейбіт тұрғындары: “Біз де мұсылманбыз ғой. Көмектесіңіздер!”, “Төбемізден бомбалардың қалай жауып жатқанына қараңыздар!”, “Бізді қырып жатыр, бірақ қолымыздан ештеңе келмейді”, – деп, көз жастарын төгуде. Кейбір ақылды сәбилер: “Бізді өлтіретіндей біз сендерге не қылдық”, – деген сөздерді айтады. Міне, Шамдағы сәбилердің күнделікті өмірі осылай өтуде.

Ойлап көріңіздерші, осындай әрекеттер мұсылмандыққа жата ма? Адамзат баласының бақыты үшін жіберілген мейірім дінінің қай қағидасында осыншалық қатыгездікке рұқсат берілген? Осындай тірлігімен өздерін мұсылман санап жүргендер: “Шынында, мүміндер бір-біріне бауыр” деген аятты оқығанда алдына жан салмайды. Олар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) “Мұсылман бір бүтін дене секілді, бір жері ауырса, соның себебімен өзге ағзалары да қиналады” деген хадисін қай беттерімен айтады?

Білімсіз, надан шейхсымақтардың жалған пәтуасына сүйеніп, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған содырлар өздері де өліп, өзгені де өлтіріп әлек. Бейнематериалды көріп отырып, бейкүнә балалардың жаны қалай қиналып жатқанын сезерсіз. Сіз де бірге жыларсыз. Бірақ амал нешік, жазықсыз перзенттерді осындай күйге ұшыратып отырған содырлар бұл істерін Исламға балауда. Олар үшін бұл зорлықтар Алла жолындағы ұлы жиһадқа жатады. Олардың пікірінше: “Жандарыңмен және малдарыңмен Алла жолында күресіңдер” деген қасиетті аяттың мағынасы осы. Өздеріне ыңғайлап, қысқартып, монтаждалған аяттармен дәл осындай уағыз айтылуда. Тіпті, арақ ішіп, есірткіге мас болса да, намаз оқып, ораза тұтпаса да, оларға жұмақ дайын деп ұғынады. Шындығында солай ма?

Аңдасаңыз, күн сайын намаз оқыған кісі кемінде қырық рет “Аррахманир рахиим” – “Алла аса мейірімді, рақымды” деген аятты оқиды. Әр кездескен адамға “Әссалам!” деп бейбітшілік пен тыныштық тілейді. Дініміз Ислам адам түгіл, малға зәбір көрсетуді құптамайтын мейірімге тұнып тұр. Екі дүниенің ең ардақты тұлғасы, Алла Елшісін (с.ғ.с.) де Жаратушы Иеміз: “Біз сені ғаламдарға мейірім жаршысы етіп жібердік” деген аятымен таныстырады. Алла Тағала: “Менің рақымым барлық нәрсені түгел қамтиды”, – деп бұл дүниеде мейірімнің рөлі қандай екенін айдан анық баян етеді. Ардақты адам былай тұрсын, небір жыртқыш аңдардың өзі жас төліне мейірім шуағын төгіп жүргенін көреміз. Осының бәрін ұмытып, қолына қару алып, жас, кәрі, бала, әйел демей, адам қырумен айналысып жүргендер бұл Исламның қай жағында жүргенін ойлап көрдіңіз бе? Жаратқан Иесі туралы еш болмаса титімдей түсінігі бар адам “Аллаһу әкбар!” деп адам өлтірер ме еді? Балалар мен әйелдерді жоғарыда айтылған қиянаттарға душар етер ме еді?

Бұл дүниеге келгендегі асыл мақсатымыз – Алланы тану, оған құлшылық ету. Адам баласын түп-түгел мейірімге, тыныштыққа, бейбіт өмірге шақырып тұрған Алланы танитын адам мұндай қанішерлік істерге бара ала ма? Жоқ. Иә, жер бетіндегі адамзат түгел мойындайтын бір ақиқат бар, ол – балалар қоғамның болашағы екендігі. Балалар жер бетіндегі ең қымбат, ең тәтті қазына саналады. Бірақ неге бүгінде қаншама балалар көздері жәутеңдеп жетімдер үйінде отыр? Неге жер бетінде миллиондаған жас балалар ата-анасының мейірімінен ада, қарны аш, киімі жыртық күй кешіп жүр? Көздеріне көк шыбын үймелеп, қабырғалары көрініп, сүйектері қабысып жүрген Африка сәбилерін көргенде сау жүрек езіліп кетпей, шыдай ала ма? Ал енді осыған бүгінгі Таяу Шығыстағы соғыс алаңдарында қандары төгіліп, баудай қырылып жатқан балаларды қосыңыз. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахих хадисінде айтылғандай, “Тап-таза, пәк, мұсылман табиғатымен дүниеге келген балаларды” осыншалықты қорлауға Алла Тағала рұқсат берген бе? Әрине, жоқ. Дүние жүзіндегі қандай шейх “Балалар мына кінәсі үшін өлтірілуге лайық” деген пәтуа шығарып бере алады? Құдайдан қорқатын адамдардың ешқайсысы ондай қадамға бара алмас. Алайда, өкінішке қарай, осыған да ақылы мен білімі жетпейтін бүгінгі кейбір шейхсымақтарды үлгі тұтатын қаншама мұсылман бар.

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең маңызды, ірі сүннеттерінің бірі – балаларды жақсы көру болатын. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) балаларға деген махаббаты ерекше еді. Бір баланың жылаған даусы шықса, жанын қоярға жер таппай қиналып кететін. Намаз оқып тұрса, аналар тезірек баласымен қауышсын деп оны да барынша жылдам аяқтайтын. Ал Бужейір деген баланың ойнап жүрген жеткіншектерден оқшау, көңілсіз тұрғанын көргенде Мейірім Пайғамбары не істеп еді? Жетім баланың көңілін аулап: “Мен – әкең, Айша – анаң, Хасан мен Хусейн бауырларың болғанын қалар ма едің?” – деп ұсыныс жасаған жоқ па еді? Ауырып қалған кіп-кішкентай еврейдің баласының үйіне көңіл сұрап барған жоқ па? Сосын оған иман келтіргізіп: “Менің себебіммен бір баланы тозақ отынан сақтаған Аллаға шүкір” деп дұға еткен. Көрдіңіз бе, Исламдағы баланың рөлі өте үлкен.

Ислам шариғатында балалардың үлкендерден алатын ақылары бар. Олар: мейірім, жылы сөз, жұмсақ мінез, ойламаған жерден апат бола қалса, жәрдем көру; ішетін-жейтін ас-сумен қамтамасыз етілу; тегін білім, қоғамға, ел-жұртқа пайдалы болып өсетіндей тәлім-тәрбие алу; асыр салып ойнау, шапқылап жүгіру; белгілі бір Отанның азаматы болу, тағы басқалар. Мұның бәрі ойдан шығарылған ережелер емес. Қасиетті аяттар мен Пайғамбар хадистеріне сүйенетін нақты діни үкімдер. Үлкендер балалардың алдында осы айтылғандарды толық орындауға міндетті. Оны орындамаса, күнәһар болады. Мойнымызда осынша міндеттер тұрғанда балаларды қырғынға ұшырату қаншалықты үлкен қылмыс екені, айтпаса да түсінікті. Алла Тағала нәрестені ең әуелі ана құрсағында, ең бір қауіпсіз, мейірімге толы жерде жаратып өсіреді. Ол жерде жатқан бала үш түрлі қорғанмен қамтамасыз етіледі. Ал туғаннан кейін әр балаға жеке-жеке асыраушы, қорғаушы, бақылаушы, тәрбиеші ретінде ана нәсіп етеді. Жаңа туған шақалақ аузын ашса болды, анасының омырауынан аппақ, тап-таза, жып-жылы сүт емеді. Сол анаға жылаған баланы жұбатқызады, кірлегенін тазартқызады, ауырса емдеткізеді. Көрдіңіз бе, Жаратушы Иеміздің жас балаға деген назарын, мейірімін?

Ақиқатқа қарасақ, ешбір ата-ана баласының шын иесі емес. Олар баланы Алладан аманат етіп алады. Ақирет таңында ол бала үшін міндетті түрде жауапқа тартылады. Осы ақиқаттарға қарасақ, баланы шетелге апарып, қан соғыстың ортасына салу қаншалықты үлкен қылмыс, ауыр күнә екенін бүгінгі мұсылмандар анық білуге тиіс. Алла Тағала үлкендердің зорлығын көріп жүрген бейкүнә балаларды өз панасына, рақым-мейіріміне алсын. Біреулердің айтағымен ауыр күнә жасап жүргендерге Алла сана берсін. Еліміз, жұртымызда қашан да тыныштық пен бейбітшіліктің күні сөнбесін.

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,

“Асыл сөз media” шығармашылық

бірлестігінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp