Еліміздің келешегінің кемел болуы, гүлденіп, өркендеуі қазіргі жастарға, олардың білім деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Олардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара нәтижелі жұмыс істеп, еліміздің дамуына лайықты үлес қосуларына Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауы оң ықпал етуде. Мемлекет басшысының бастамасымен 2013 жылы еліміздің барлық облыстарында жастар бастамалары орталықтары құрылған болатын. Бүгінде жастардың тың идеяларының жүзеге асырылуына ықпал етуді негізгі міндеті санайтын аталмыш орталық өңіріміздің барлық аудандарында да туын тікті. Сол уақыттан бастап Жамбыл аудандық жастар бастамалары орталығы аудан өрендерімен етене жұмыс істеп келеді. Алғашқы уақытта өзім жетекшілік ететін орталықты айналып өтетін жастардың саны басым болғанымен, бүгінде түрлі мәселелерінің шешімін сұрап келетін өрендердің қатары көбеюде. Біз олардың сауалдарына жауап беріп, әлдебір ойлары, жоспарлары болса, қолдап, жетілдіруге, орындалуына ұйытқы болуға атсалысамыз. Осы жылдар ішінде жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың ауданымызда орындалу көрсеткіші жоғарылады. Жас мамандарды ауылға тартуды көздеген “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен елді мекендерде жұмысқа орналасқан өрендердің саны артты. “Жасыл ел”, “Жастар тәжірибесі” бағдарламаларын да жамбылдық жастар игілігіне жарата білуде. “Жастар тәжірибесі” жобасы аясында үстіміздегі жылы 11 түлек ауданның бірқатар мекемелері мен кәсіпорындарына жұмысқа орналасты. “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша жазғы мерзімде студенттер мен жұмыссыз жастар арасынан 50 адам Пресновка және Благовещенка мемлекеттік орман шаруашылықтары мекемелеріне жіберілді. Бұл – біз үшін екі қолға бір күрек таппай жүрген өрендерді қолдаудың жолы, үлкен серпіліс.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріне белсене атсалысуды туған өлкеміздің дамуына қосқан үлесі санайтын өрендердің қатарының қалыңдағанын байқаймыз. Олардың бойында елжандылық, отансүйгіштік қасиеттердің артып, патриоттық сезімнің қалыптасып келе жатқанын көруге болады. “Көңілді тапқыштар клубы” ойындарының жыл сайын көрермендер назарына бірнеше мәрте ұсынылып, қазақы қалжыңға шөлдеген жұрттың ықыласын басуы сөзіміздің дәлелі бола алады. Жастар уытты, астарлы әзіл арқылы тіліміздің қолданыс аясының кеңейюіне барынша атсалысуда.
Осы уақыт ішінде орталық мамандары бес жүзден аса игі іс-шара өткізді. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің алдын алуға бағытталған “Біз сапалы мемлекеттік қызметті қолдаймыз”, ауыл жастарының әл-ауқатын арттыруды көздеген “Жас ұрпақ – ел тірегі” форумы өмірдің түрлі саласында жемісті қызмет етіп жүрген үздік жас мамандардың танылуына, ынталануына ықпал етті.
Ерік САРЫМСАҚОВ,
Жамбыл аудандық “Жастар бастамалары орталығы”
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.