Тәуелсіз Қазақстанның дүниежүзіндегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына еніп, әлем кеңістігіне ықпалдасуы барлық сала бойынша кәсіби деңгейі жоғары, бәсекеге қабілетті және елдің дамуына сүбелі үлес қоса алатын білікті мамандарды, жаңалық ашуға жаны құштар жастарды даярлауды талап етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дамудың жаңа сатысына көтерілу үшін білікті мамандардың бүгінгі қоғамымызға ауадай қажет екендігін үнемі тілге тиек етіп келеді. Айтып қана қоймай, жарқын болашаққа ақыл-оймен, біліммен аттанғысы келетін жастардың өз мақсаттарын сәтті жүзеге асыруына мол мүмкіндіктің есігін айқара ашуда. Солардың бірі өрендерді дуалдық оқыту жүйесі болып табылады.
Елімізде кәсіптік-техникалық мамандықтарды таңдаушылар қатары 10 пайыздан аспай отырғандықтан, оқытудың дуалдық жүйесін енгізудің ұлттық моделін қалыптастыру, білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығы, өнеркәсіп пен оқу орындарының арасындағы байланысты нығайту – техникалық және кәсіптік білім беруде туындап отырған мәселелердің бірі. Аталмыш проблеманың нақты шешімін өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды даярлау, яғни білім берудің дуалдық жүйесі деген атпен үлес қосып келе жатқанына аз ғана уақыт болды. Жастарды дуалдық жүйемен оқыту олардың қалаған кәсіп иесі болып қана қоймай, таңдаған мамандықтарына ерте бейімделулеріне және жұмысқа машықтануларына мүмкіндік береді. Оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқытуды көздейтін бұл әдісі әлемнің көптеген елдерінде, мысалы, Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция, Англия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған мемлекеттерде табысты жұмыс істеуде. Әлем сахнасында ойып тұрып өз орындарын қалыптастырған дамыған елдердің соны соқпақтарымен, оң тәжірибелерімен алға жылжып келе жатқан біздің елімізде де, өңірімізде де аталмыш оқыту жүйесі кеңінен қолға алынып, бүгінде өз жемісін беруде. Мұны өткен жылмен салыстырғанда саны екі есеге өскен кәсіпорындармен, оқу орындарымен, сондай-ақ, білім алуға ниет білдірген өрендердің санымен байланыстыруға әбден болады.
2014-2015 оқу жылдарында өңіріміздегі арнаулы кәсіптік білім беретін 9 колледж 17 мамандық бойынша 44 кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс атқаруда. 7 колледж бен сонша кәсіпорынның арасында үшжақты келісімге қол қойылса, бұл дуалдық оқуға ниетті жастардың екі есе артқанын көрсетеді. Үстіміздегі оқу жылында 2200 өреннің дуалдық оқыту жүйесі бойынша білім алғандығы да аталмыш жүйенің жастардың таңдауына айналғандығын аңғарамыз. Осылайша, студент теориялық білімді – колледжден, ал тәжірибелік білімді кәсіпорындардан ала отырып, оқытудың бұл түрінің тиімді екенін түсінуге қол жеткізіп келеді.
Бүгінде Петропавлдағы “Мұнаймаш”, “Қазақ теле-радио хабарларын тарату” облыстық филиалы және “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамы кәсіпорындарының ғимараттарында оқу кабинеттері жұмыс істейді. Студенттер арнайы мамандардың, өз салаларының нағыз шеберлерінің жұмыс барысынан тәжірибе ала отырып, теориялық үлгіде де білім алуда.
Алдағы 2015-2016 оқу жылында өңіріміздегі, атап айтқанда, Аққайың аграрлық, Ленинград ауыл шаруашылығы, Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледждері дуалдық білім беру жүйесіне көшіріледі деп күтілуде.
Алма ҚҰСАЙЫНОВА,
облыстық білім басқармасы
кәсіптік білім және кадрларды
даярлау бөлімінің басшысы.