Қыз жатжұрттық. Ерте ме, кеш пе, бармақтай бала бойжетіп, басқа үйдің босағасын аттайды. Келін болып, ұрпақ сабақтастығын жалғап, сәбилі болады. Осының барлығын ескерген ата-анасы қыз бала балиғат жасқа толысымен оны көзден таса қылмай, үнемі назарда ұстаған, үйдің күйбелең тірлігінен бас алғызбай, еңбекке тәрбиелеген. Ел көзіне түсе бастаған қызды анасы үлкенге тура қарамауға, қатты сөйлемеуге, ұятты жерлерін жауып жүруге, ұяң болуға тәрбиелеген. Түнде жалғыз жүрмеуін қадағалап, қызы бір жерге барса, қасына жеңгесін ертіп жіберіп отырған. Бұл да қазақы тәрбиенің бір түрі. Осылайша “қырық үйден – тыйым” арқылы қыз баланың ар-намысы тұмардай сақталған. Осының барлығы ойламай от басып қалмаудың амал-тәсілі екенін бойжеткендер де айтқызбай-ақ түсінген.
Өкінішке қарай, мұның барлығы қазір өткен шақта қалып барады. Шыны керек, қазір қыз баланың тәрбиесі ананың қолынан ақырындап шығып кеткендей. Бұрынғыдай тәртіп те, талап та жоқ. Қазіргі қыздардың кейбірі әжесінің жанына жатпақ түгіл, оның әдемі әңгімесін де тыңдамайды. Жаз келсе болды, алқам-салқам киініп, ұятты жерлерін жабуға емес, керісінше барынша ашып жүруге тырысады. Құлаққа тағатын сырғаны қазіргі қыздар кіндікке, мұрынға, қабаққа, тіпті, ол аздай, тілге дейін тағып алатындарына не дейсің? Бұрынғы кезде келіндер енелері жоқ кезде бір үйде жиналып, бастаңғы жасап, ет асып, өзара әңгіме-дүкен құратын. Ал қазіргі таңда бастаңғының бастапқы мәні кеткен. Бүгінгі заманға сай қыздар мен ұлдар қосылып, бірге бастаңғы жасау сәнге айналып барады. Міне, бәленің басы осындай “жиындардан” басталады. Арада біраз уақыт өткенде манағы бастаңғы біреудің бас қайғысына айналып кетуі әбден мүмкін. Өйткені, бас қосқан жерде жастар “ащы судан” дәм татып, я болмаса басқа да жаман қылықтар жасайды. Ақырында ойнап жүріп, от басады. Үлкендердің сөзін елемей, түнгі өмірдің қызығына бөленіп жүргенде екіқабат болып қалу қыз бала үшін – ұят, ал ата-ана үшін – қасірет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жариялаған мәліметіне қарағанда, әлемде жыл сайын кәмелет жасына жетпеген 16 миллион қыз жүкті болып,15 пен 18 жас аралығындағы 3 миллион бойжеткен жасанды түсік жасататын көрінеді.
Ерте жастан ана атану қазір біздің елімізде де өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бойына бала біткенін сезген бойжеткендердің барлығы бірдей шарананы өмірге әкелмейді. Олар әрқилы жолмен баладан құтылуға асығады. Оған дәлел – елімізде жыл сайын 15-19 жас аралығындағы жеткіншектердің арасында 20 мыңнан аса жүктілік тіркеліп, оның жартысына жуығы аборт жасатумен аяқталады. Бұл дегеніміз тұла бойы тұңғышын өз қолымен тұншықтырып өлтірумен пара-пар.
Тығырыққа тірелгендердің көбі – бойына біткен баланы алдырып тастау арқылы одан оңай құтыла саламын деп ойлайтындар. Бірақ олай емес. Ақ халаттылардың айтуына сүйенер болсақ, түсік тастаған әйелдің екінші рет құрсақ көтеруі екіталай. Жасанды түсік жасатқандардың 30 пайызы онкологиялық, гинекологиялық ауруларға шалдығатын көрінеді.
Жүктілікті сақтап қалуға бел буған жағдайдың өзінде де ерте жастан ана болудың денсаулыққа кері әсер ететінін медицина мамандары әлдеқашан дәлелдеген. Статистикаға сүйенер болсақ, әлем бойынша 70 мыңға жуық жеткіншек босану кезінде бұл дүниемен қош айтысады екен. Тіпті, аман-есен босанды деген күннің өзінде бала денсаулығында ақау болу немесе шарананың күні жетпей туу ықтималдығы жоғары. Барар жері, басар тауы болмағандықтан, “жоспарсыз” туған шаранасын шырылдатып тастап кетіп жатқан аналардың басым бөлігін де ойнап жүріп, от басқандар құрайды. Бұл жердегі екінші мәселе – болашақ жас анаға жұрттың көзқарасы, ата-анасының немесе құрбы-құрдастарының қысымы. Өміріндегі мұндай өзгеріске психологиялық жағынан дайын болмаған жас ананың өзіне қол салу арқылы бақилық болуы да – соңғы кезде қоғамда жиі орын алып жүрген фактілердің бірі. Осылардың барлығы – жастардың ерте есеюге деген қызығушылығынан туындап отырған үлкен проблема. Оған бүгін тұсау салынбаса, күні ертең жастарымыз жүгенсіз кетіп, тастанды балалардың саны одан сайын арта түсуі әбден мүмкін.
Жақында ғаламтор бетіне “Қазақстанның ең жас анасы 13 жаста” деген мақала жарияланды. “Қазақстанда ең жас ана 13-те. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми жауабында айтылады”, – деп хабарлайды “Tengrinews.kz” тілшісі.
Сауалға берілген жауапта медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің өкілдері Қазақстанда 2015 жылдың 1 шілдесінде кәмелетке жасы толмаған 2420 жүкті қыздың тіркелгенін хабарлады. Олар 15-18 жас аралығында. “Елде кәмелетке жасы толмаған жүкті қыздардың үлесі 1,2 пайыз. Олардың басым бөлігі Қостанай (1,9 пайыз), Жамбыл (1,8 пайыз), Солтүстік Қазақстан (1,7 пайыз) облыстарында тіркелді”, – деп хабарлады департамент өкілдері.
“Ең жас ана Солтүстік Қазақстан облысында тұрады” делінген аталмыш ақпаратта. Мұндай тосын жайтты естігенде жағамызды ұтадық. 13 жаста ана атану деген жақсылық емес. Бесіктен белі шықпай жатып, балалы болған жас ананың біздің облыста тіркелгені де масқара емес пе?!
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан алған мәліметтерге сүйенер болсақ, бүгінгі таңда 18 жасқа толмаған екіқабат 52 қыз бала есепке алынған. Олардың ішіндегі ең кішкентайы 13 жаста болып шықты. (Ол 14 жасында босанады деп күтілуде). Жалпы алғанда, соңғы 5 айдың ішінде облыс бойынша балиғат жасына жетпеген 38 қыз бала өмірге сәби әкеліп, ана атанған. Мектепте оқып жүріп, балалы болып жатқан қыздардың қазіргі жағдайы, міне, осындай.
Мұхтар Әуезовтің: «Халқым, ел боламын десең, мешеу болып қалмайын десең, бесігіңді түзе» деген керемет нақыл сөзі бар. Балаға тәрбиені тал бесіктен берсек, ол жер бесікке жеткенше жамандық атаулыға жуымай жүрер еді. Осындай фактілерге қарағанда, бүгінгі қыз баланың тәрбиесі әлдеқашан қолымыздан шығып кеткен бе, қалай? Жалпы ерте жүктілік неге апарып соғады? Осы сауалға оқырмандар не дер екен? Ойларын тыңдап көрейік.
Сара Қасымтаева
56 жаста:
– Қазақта “Қызға – қырық үйден тыйым” деген сөз бекер айтылмаған. Ата-бабаларымыз ұрпақ тазалығын алдымен қыз тәрбиесінен бастаған. Өйткені, бүгінгі бойжеткен ертеңгі күні біреудің жары, келіні, анасы болады. Сол кезде елдің алдында жүзін төмен түсірмей жүру үшін темірдей қатал тәртіп қажет. Ең бастысы, ана мен қыз баланың арасындағы өзара түсінушілік жақсы болу керек. Көп жағдайда қате біздің өзімізден кетіп жатады. Кейбір аналар: “Ұят болады, оған қалай айтамын, уақыты келгенде өзі біліп алар…”, – деген ойға бой алғызып, қызына қажетті ақылды айтпайды. Мұндай жағдай болмау үшін алдын ала істеуге болмайтын нәрселерді қыз балаға басын ашып, айтып отырған жөн. Өйткені, қызына анасынан артық ешкімнің жаны ашымайды.
Гүлхан Тұяқ,
39 жаста:
– Қазіргі қоғамда ондай нәрселерге айтарлықтай ешкім мән бермейді. Жастардың тәрбиесі қолдан әлдеқашан шыққан. Ұлы да, қызы да қазір өзін тым еркін ұстайды. Үлкендердің алдында именіп тұрған ешкім жоқ. 14-15 жастағы қыздар шылым тартып, арақ ішкенді өздерінше бір жетістік санайды. Осының барлығының ақыры қайда апарып соғары, айтпаса да түсінікті. Әрине, барлық қыздарға қара күйе жағудан аулақпын. Бірақ “бір қарын майды бір құмалақ шірітеді” дегендей, ерте есеюге асығып тұратын кейбір қыздардың барлық қазақ аруларына көлеңке түсіріп жүргені де шындық.
Сапар Қазбайқызы,
62 жаста:
– Бұл жерде бар кінәні аналарға арта салған да дұрыс болмайды. Тоғыз ай көтеріп, өмірге әкелген баласының жаман болғанын кім қалайды дейсіз?! Әрбір ана шамасы келгенше қызына жақсы тәрбие беруге тырысады. Тек балаға сана берсін. Ақылды болса, ол бәрін де өзі ұғынып алады. Ненің жақсы, ненің жаман екенін қазіргі балалар бізден жақсы біледі. Ал аналардың көп жағдайда қызымен сөйлесуге уақыты да болмай қалады. Үй, жұмыс деп екі арада жүгіріп жүргенде, оларға қандай кінә артуға болады.
Ақмарал Сағым,
55 жаста:
– 13 жаста ана болу деген сұмдық қой. Әлі өзі қуыршақ ойнайтын бала сәбиіне қандай тәрбие береді? Ондай қыздан дені сау баланың тууы да екіталай. “Қызым – үйде, қылығы – түзде” дегендей, көп аналар бұрымдылардың бос уақытын қалай өткізіп жүргеніне мән бере бермейді. Ғаламтор деген дүние де сананы улап барады. Жастарды жақсылыққа жетелеу үшін имандылық жолына бұру керек. Мүмкін, сол кезде мұндай жаға ұстатар жаңалықтарды естімеспіз.
Мәселені тереңнен қозғап, жан-жақты талқылап қарасақ, мұндай бітеу жараның пайда болуына қоғамның да қосып жатқан “үлесі” аз емес екеніне көз жеткізуге болады. Кейбір ермін деп еліріп жүрген ездер қыздарды алдап кетсе, енді біреулер балиғат жасына жетпеген, әлі оң-солын да танымаған кіп-кішкентай қыздарды зорлық-зомбылықтың құрбаны етуде. Үйіндегі жан-жалдан, ата-анасы ажырасқан кезде өзін ешкімге керегі жоқ сияқты сезімнен “қашып”, бас сауғалап, жаман ортаға түсіп кеткен қыздар да түптің-түбінде ерте жүктілікке тап болған жас аналардың санын толықтырып жүр. Міне, осылай санай берсек, саусақ жетпейді. Мұндай дәйектер арқылы қыздардың кінәсін қоғамның мойнына арта салу емес, біздің ойымыз, керісінше оған біржақты қарауға да болмайтынын айтып, жеткізу. Осындай жағдайларды ескеріп, қызға болашақ ана ретінде қарап, арына дақ түсірмеуге көп болып атсалыссақ, болашақта бүгінгідей тақырыпты талқыламаспыз, мүмкін?..
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.