Айыртау ауданында биыл орақ науқанына алғашқылардың бірі болып “Рамут” корпорациясына қарайтын “Жарқын СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кірісті. Аталмыш агроқұрылым бидайдан басқа арпа, сүрлемдік жүгері, сұлы, бұршақ, зығыр, біржылдық және көпжылдық шөп өсірумен айналысады. Шаруашылық нөлдік технологияларды кеңінен қолдану, егіншілік мәдениетін арттыру нәтижесінде 2010 жылдан бері гектар басы 19,6 центнерден кем өнім алып көрген емес.
Серіктестік директоры Азамат Елмағановтың мәліметі бойынша, күзгі науқанға қолдағы барлық техникалардың 90 пайызы дайын. Науқанға жоғары өнімділікті заманауи “Челенджер”, “Класс” және “Джон Дир” комбайндары жұмылдырылған. Диқандар Бірлестік ауылының маңындағы ерте себілген “Омбы-36” сұрыпты бидайдың әр гектарынан 14-15 центнерден өнім жинауда. Жігіттердің қимылы ширақ. “Егінжайымызда 6 комбайн жүр. Ауыл тұрғындары шөптен тапшылық көрмеу үшін комбайндардың үккіштерін ағыттырып тастадық. Атжал болып түскен сабанды ізінше жинап алып, мал қыстақтарына, тұрғындарға тасып береміз”, – дейді серіктестік басшысы Азамат Елмағанов.
Күзгі орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізуге тәжірибелі комбайншылар, автокөлік жүргізушілерімен қатар, Лобаново ауыл шаруашылығы колледжінің түлектері де өз үлестерін қосуда. Бір айта кетерлігі, шаруашылық басшылығы жұмысқа орналасқан жас отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етіп отыр.
Үстіміздегі жылы орақ науқанына 176 адам жұмылдырылмақ. Жұмысшылардың орташа жалақылары соңғы айда 70 мың теңгенің үстінде. Жұмыстың сапалы атқарылуына серіктестіктің бас инженері Александр Понамарев жетекшілік етеді. Оның айтуынша, ораққа қатысатын барлық техника, жөндеу шеберханасындағы токарьлық, ұста цехтары, қырмандағы таразылар, астық тазалайтын агрегаттар сапалы жөндеуден өткізіліп, іске жауапкершілікпен қарайтын мамандардың қолына табысталыпты.
Бағлан ҚОЖАҚОВ,
журналист.