11-12 тамызда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының жанындағы “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі Айыртау ауданында Ресей Федерациясында тұрып жатқан отандастармен кездесу ұйымдастырды. Биыл екінші рет өткізілген шараға көршілес Омбы, Түмен және Қорған облыстары қазақтарының ұлттық-мәдени автономияларының және жергілікті этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ, ресейлік бірнеше кәсіпкер қатысты.
Шекараның арғы жағында күн кешіп жатқан қандас ағайындармен кездесу орны ретінде “Көкшетау” ұлттық табиғат саябағының құрамына кіргізілген, табиғаты тамылжыған, әрі бірқатар бірегей орындары бар Айыртау ауданының таңдалып алынуы жайдан-жай емес. Өйткені, облысымызда туризмді дамытуда атақты Шалқар және Имантау көлдері маңындағы қарағай-қайыңы сыңсыған, ауасы жұпар жерлерді игерудің маңызы зор. Осы өңірдегі әлемге әйгілі Ботай қонысы, Айғаным қонысы, Шоқан Уәлихановтың мұражайы, Қарасай және Ағынтай батырлар кесенесі сияқты тарихи-мәдени нысандар да туристерді қызықтыратыны сөзсіз. Осыны ескерген облыс басшылығы Айыртауға жазғытұрым Ресей өңірлерінен туристер ағылатын күре жолды жөндеуді қалпына келтіруге, курортты аймақта жаңа демалыс орындарын ашуға айрықша назар аударып отырғандығы мәлім. Осы бағытта атқарылып жатқан істердің нәтижесін өз көзімізбен көріп қайттық: Петропавлдан Корнеевка ауылы арқылы Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөлге баратын автомобиль жолының көлік жүрісін тежеп келген, шұрқ тесік тұстары жөнделіп, жағдайы біршама жақсарып қалыпты. Ал айдыны жарқыраған Имантау көлінің жағасында “Акбар” туристік кешені бой көтеріпті. Оның қазіргі заман үлгісімен салынған шағын қонақүйіне ресейлік меймандар жайғастырылды.
Кешкілік кездесуге қатысушылар дастарқан басында бір-бірімен жақын танысып, әңгіме-дүкен құрып, екі жақтың өнерпаздарының өнерін тамашалады. Атамекенде бастары тоғысқан ағайындар сосын көлдің жағасында жалынын лаулата от жағып, ән шырқасып, би билесіп, бір мәз болып қалысты.
Ертеңіне “Нұр Отан” партиясы Айыртау аудандық филиалының ғимаратында “дөңгелек үстел” басында салиқалы әңгіме өрбіді. Онда құттықтау сөз сөйлеген аталмыш филиал төрағасы, аудан әкімі А.Тастеміров Ресейден келген ағайындарды елімізде биыл болған елеулі оқиғалармен таныстырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайлы да баяндап берді. Ағзам Ахметжанұлы айтқан бір жағымды жаңалық: жуырда облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қызылжар өңіріне қызмет бабындағы сапармен келген Үкімет төрағасының орынбасары Бердібек Сапарбаевқа Айыртау ауданындағы Ботай қонысын көрсеткен болатын. Вице-премьер сол жолы жергілікті ғалымдар жасаған ұсыныстарға құптау білдірген еді. Соған орай болашақ туристік кластердің эскизін жасауға 5 миллион теңге қаржы бөлініпті. Ал “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы осы жобаны жүзеге асыру үшін инвестор іздеп жатқан көрінеді.
“Дөңгелек үстел” басындағы әңгімені жүргізген Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов бұл кездесудің басты мақсаты екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту екендігін атап айтып, шараға қатысушыларды жан-жақты пікір алысуға шақырды. Алғашқы болып сөз алған Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы төрағасының орынбасары Г. Қалиеваның негізгі қызметі “Строитель” Ұлттық мәдениеттер сарайының Орта Азия және Қазақстан халықтары мәдениеті бөлімінің бастығы екен. Гүлбайра Абайқызы Түменде аз ұлттардың мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрлерін өркендетуге Ресей мемлекеті тарапынан қамқорлық жасалып отырғанымен, кейінгі жастардың өз ана тілін білмей өсіп келе жатқандығы қазіргі таңдағы ең көкейкесті мәселеге айналғандығын жасырмай айтты. “Оны шешу үшін қазір арнайы курстар ашып жатырмыз, солардың біреуінде өзім тегін сабақ беріп жүрмін”, – деді ол.
Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы президентінің кеңесшісі, Ресей Журналистер одағының мүшесі Қалил Қабдолуахитов баспаханадан жаңа шыққан “Казахи земли Тюменской” атты кітаптың алғашқы таныстырылымын осы арада өткізіп, “дөңгелек үстелге” қатысушыларға таратып берді. Онда Түмен облысында абыроймен қызмет атқарып жүрген ағайындар туралы қызғылықты мағлұматтар мол екен. Мәселен, өзіндік бір оймен әдейі Ресейдегі аты шулы ЛДПР партиясының мүшелігіне өтіп, Түмен қалалық Думасына сайланған алғашқы қазақ – Мұрат Төлебаевты жергілікті журналистер “Жириновскийдің сұңқары” деп атайтын көрінеді…
Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы басқармасының мүшесі Боранбай қажы Бижігітов өздерінің жылсайынғы құрылтай жиындарын басқа ұлттармен бірге Ресей күні мерекесінде атап өтетіндіктерін, аудандарда қазақ мәдениеті орталықтары құрылып жатқандығын, ал қазақ тілін үйрету курстары мешіттердің жанынан ашыла бастағандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовті солтүстікқазақстандықтар ғана емес, қорғандықтар да “Біздің батырымыз” деп мақтан тұтады екен. Өйткені, ол біздің облыста дүниеге келгенімен, соғысқа дейін Қорғанда қызмет істеген көрінеді. Демек, ол көршілес екі елдегі Батырлар санын да біреуге артық қылып тұрған болып шығады…
“Мөлдір” қазақ мәдениеті Сібір орталығының басшысы Алтынай Жүнісова Омбы қазақтарының басын қосқан 7 қоғамдық бірлестік барлығын, солардың ішінде тек өздері ғана облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік тапсырыс бойынша әртүрлі мәдени шаралар өткізетіндіктерін айтты. Ал омбылықтар делегациясының ішіндегі түрі басқа болғанымен, тілі де, тілегі де бір жас жігіт – қазақ тілінде шығатын «Zамандаs» газетінің бас редакторы Максим Спотскай Қазақстан халқы Ассамблеясының үстіміздегі жылғы сәуір айында өткен мерейтойлық ХХІІ сессиясында қазақша сөз сөйлеп, бәрімізді таңғалдырған еді. Елбасының алдында еш іркілместен, өзінің Павлодар облысындағы Ақсу қаласының тумасы екенін, қазір Омбы техникалық университетінде оқып жатқанын айта келіп: “Нағашым – украин, атажұртым – мордвин, өзім қазақпын деп мақтанамын. Руымды білгісі келгендерге сары қазақпын деп танысамын. Сіздерге Омбы жеріндегі қарға тамырлы қазақтардан жалынды сәлем алып келдім. Бүгінде Омбыда 200 мыңға жуық қазақ тұрады екен. Өздеріңіз білесіздер ғой, кеңпейіл қазақ бар жерде той бар. Бүгінде Омбы қазақтары “қыз ұзату”, “тойбастар”, “беташар” деген салт-дәстүрлерді білуге құштар. Бұл – тек қана той мәселесі емес, алдымен, ой мәселесі. Бұл – ұлттық құндылықтарды сақтайтын мәселе. Сондықтан біз, Қазақстаннан келген студенттер “Мәке мен Жәке” деген қазақ студиясын құрдық. Қазақ тойларының асабасы, сол Мәке – менмін. Біз Омбы ақсақалдарының батасымен қазақ мәдениеті мен тілін қолдау мақсатында “Zamandas” атты қазақ газетін аштық. Біз қазақ студенттерінің клубын да құрдық. Бұл қазақ жастарының басын біріктіріп, оларды Сіздің бастамаларыңызбен және идеяларыңызбен таныстыру үшін қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақ тілінде “проблема” деген сөз жоқ. Ал “сложность” деген сөз – қиындық. Демек, қазіргі қазақ жастарын алаңдататын ешқандай да проблема жоқ, ал қиындықтарды біз Сіздің басшылығыңызбен және бәріміздің күш-жігерімізбен шеше аламыз деп ойлаймын”, – деп, дүйім жұртты риза қылған болатын.
Максим бұл жолғы кездесуге қатысушыларды да қазақ тілінің майын тамызатын шешендігімен тағы бір қайран қалдырды. Ол орыс мектебін тамамдаған екен. Қазақ тілін өз қалауымен үйренген болып шықты.
“Дөңгелек үстел” басында М.Спотскай Ресейде оқып жатқан көптеген қазақстандық студенттердің сол жақта қалып қоймай, елге маман болып оралуын осы бастан ойластыру қажеттігіне назар аударды. Оған Ағзам Тастеміров Айыртау ауданында бір апта тынығып, жергілікті жастармен кездесулер өткізуі жөнінде ұсыныс білдірді.
Тарих ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Зәуре Қартова Ресей еліндегі әлі жете зерттелмеген, Қазақ мемлекеттігіне қатысы бар тарихи орындарға ғылыми экспедициялар ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды. Бұл ұсынысқа ресейлік меймандар да қолдау білдіріп, өздері естіген кейбір тарихи деректерді ортаға салды.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының басшысы С. Салмұрзин бүгінде Ресейде 1,5 миллион қазақ бақуатты ғұмыр кешіп жатқанымен, олардың ішіндегі жастардың көпшілігі өз ана тілдерінен жұрдай екендігіне алаңдаушылық білдірді. Бұл орайда оларға М. Спотскай сынды қазақ тілін өздігінен үйренген жастарды өнеге етіп көрсетіп, ұлттық намыстарын ояту керек деген пікір білдірді Сағындық Досмақұлы.
Жиын аяқталған соң ресейлік кәсіпкер қазақтар аудан әкіміне жолығып, Айыртау ауданының табиғаты көрікті аумағынан жер алып, демалыс орнын ашу мүмкіндігін сұрап білді. Ағзам Тастеміров егер олардың тарапынан нақты ұсыныс жасалатын болса, жергілікті билік қолдау көрсетуге әзір екендігін мәлімдеді. Мұндай бастама көтерушілер қазірдің өзінде бар көрінеді.
Келешек көкжиегіне көз салып қарасақ, Айыртау бұдан былай да алыста жүрген ағайындармен ресми және бейресми кездесулер орны болып қала беретіндігі анық.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Айыртау ауданы.