«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘДІЛДІКТІҢ ЖАРШЫСЫ

Жыл сайын 30 тамыз күні мемлекетімізде Тәуелсіз Қазақстанның Негізгі Заңы – Конституция күні аталып өтіледі. Қазақстан Республикасының Ата Заңы күнін мерекелеу аса маңызды қоғамдық-саяси оқиға болып табылады. Биыл біз Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толуын атап өткелі отырмыз.

Конституция – біздің еліміздің негізгі құқықтық құжаты. Ол – өзін демократиялық зайырлы-құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялаған Қазақстанның айтулы жетістіктерінің бірі. Демократиялық қоғамның биік мұраттарына талпыну, байырғы қазақ жеріне қоныстанған этностардың арасындағы достық пен сыйластық, мәдениеттердің өзара кірігуі, мемлекеттік органдардың үйлесімді жүйесі – мұның барлығы Ата Заңда нақты көрініс тапты.

Қазақстандағы Ата Заңның дамуы көп кезеңді және күрделі үдеріс екенін атап айту керек. 1993 жылдың 28 қаңтарында Жоғарғы Кеңес қабылдаған Конституция республика егемендігінің қалыптасуын қорытындылады. Сөйтіп, Ата Заңымыз Қазақстанды әлемдік қоғамдастыққа тәуелсіз мемлекет ретінде танытты. Дегенмен, бұл үлкен жолдың басы еді. Ол Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған кезде дайындалғандықтан, мемлекеттіліктің сипаты, тілдердің мәртебесі, азаматтық және жер сияқты проблемаларды түбегейлі шеше алмады. Сондықтан да 1993 жылдың қазан айының өзінде Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияны жетілдіру қажеттілігін атап көрсетті.

1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Негізгі Заң мемлекеттіліктің мемлекеттік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық дамуының, демократиялық үдерістерінің одан әрі ойдағыдай жүзеге асырылуының нақты жолдарын айқындап берді. 1995 жылдың 30 тамызындағы референдумда Қазақстан халқы қабылдаған Ата Заң өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Биліктің бөлінуі шындыққа айналды, сот билігі күшейді және азаматтық қоғам қалыптасты.

Қазақстанның жаңартылған Ата Заңы еліміздің дамуының берік іргетасын қалады және ол азаматтардың бостандықтары мен құқықтарына кепілдік беруді күшейтуге бағытталды.

Қазақстан Республикасының Ата Заңының 3-бабына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Қазақстан халқы қабылдаған Ата Заңды құрметтеу Отанды қорғау және салықты уақтылы төлеу, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға қамқорлық жасау, табиғи байлықтарды ұқыпты пайдалану сияқты конституциялық міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырудан көрініс табуы тиіс.

Сот жүйесінің дамуы – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Судья заңдардан және Ата Заңнан тәуелсіз бола алмайды. Қазақстан Республикасының Ата Заңында белгіленген судьялардың сайланбалылығы және тағайындау тәртібі судьялардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз етеді және кадрларды іріктеудің демократиялық ұстанымына жауап береді. Судьяларды сайлау және тағайындау мәселесінде қолданыстағы Конституцияның нормаларын бұзуға ұмтылудың кез келген көрінісіне жол берілмейді.

Бүгінде кәмелетке толмағандардың істері жөнінде мамандандырылған ауданаралық соттар, мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттар, мамандандырылған әкімшілік соттар, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылған.

Басқа соттардағыдай мамандандырылған соттардағы сот төрелігі азаматтық, қылмыстық және заңмен бекітілген басқа да сот ісі ережелерімен жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформаны іске асыруға бағытталған “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын басшылыққа ала отырып, бүкіл сот жүйесін оңтайландыру, төрешілдік кедергілерді азайту, сот төрелігіне азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз болып табылады.

Серікбол САПАРҒАЛИЕВ,

Петропавл қалалық мамандандырылған

 әкімшілік сотының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp