«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРШАНЫҢ МҮДДЕСІ ЕСКЕРІЛГЕН

Үстіміздегі жылдың маусым айында өткен Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының XXIV съезінде 2015-2020 жылдарға арналған “Кәсіподақтардағы реформа және жаңарту – уақыт талабы” жұмыс стратегиясы қабылданды. Аталмыш құжат негізінде кәсіподақтар федерациясы жұмысын жаңа бағытқа бұрды. Яғни, кәсіподақтарды біріктіру мен нығайту, еңбек қатынастарын реттеуде олардың жауапкершілігін арттыру, әлеуметтік серіктестікті, жұмыс істейтін әйелдермен және жастармен жұмысты дамыту, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласу жолын таңдады. Кәсіподақтар жұмысы Қазақстан Республикасының “Кәсіптік одақтар туралы” Заңы бойынша реттеледі. Аталмыш заңда кәсіподақ қозғалысын дамытудың жаңа жолдары белгіленген. Мәселен, қатаң салалық құрылым, кәсіподақтардың құқықтары мен міндеттері нақты белгіленген, салалық, республикалық және аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің арасындағы өкілеттілік бөлінген, барлық деңгейдегі кәсіподақтардың әлеуметтік серіктестікті ұйымдастыруға қатысу тәртібі анықталған.

Саладағы, сондай-ақ, аумақтардағы мүшелік ұйымдардың жұмысы құқықтық нормалармен реттеледі. Заң бойынша кәсіподақтардың бастауыш ұйымдары үш адамнан кем болмауы қажет. Оның жұмысы жергілікті немесе салалық кәсіподақтардың жарғысына сәйкес бастауыш ұйымдар туралы ереже бойынша анықталады. Кәсіподақ құрылымы бастауыш ұйымдардың салаға енгізілуін міндеттеумен ерекшеленеді. Осыдан-ақ “кәсіподақ” ұғымы белгілі мамандық бойынша бірлестік екені түсінікті. Мүшелік ұйым ретінде салалық кәсіподаққа қосылу жергілікті кәсіподақтар үшін де міндетті. Кәсіподақтарға өндірістік-салалық ереже бойынша құруға басымдық беру жаңа заңда бекітілген. Кәсіподақтар мен мүшелік ұйымдарды аталмыш ережелер негізінде реформалау кәсіподақ қозғалысының жаңа үлгісін қалыптастыру, оның қоғамдағы рөлін нығайту және әлеуметтік серіктестік бойынша құқықтарын жүзеге асыру, жалдамалы еңбектегі адамдардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтарын және мүдделерін тиімді қорғауға бағытталған. Кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері өңірлік деңгейде жұмысшылар мен мүшелік ұйымдардың әлеуметтік серіктестіктегі өкілетті өкілі болып табылады, облыстағы барлық кәсіподақтардың жұмысын үйлестіреді.

Үстіміздегі жылы әлеуметтік серіктестік институты аясында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық кәсіподақ орталығы және жұмыс берушілер бірлестігі арасында 2015-2017 жылдарға арналған келісімге қол қойылды. Онда жұмыс берушілердің инфляция деңгейіне қарай жұмысшылардың еңбекақысын міндетті түрде индекстеу ережесі, ауыр, зиянды, қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшылар үшін ең төменгі жалақы стандартын қолдану, қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар және тағы басқалар қарастырылған.

Жергілікті кәсіподақтар мен кәсіподақ филиалдарын сала жұмысшылары құрады. Біздің өңірімізде олар – электр энергетикасы, машина жасау, көлік, ауыл шаруашылығы, байланыс және телекоммуникация, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және ақпарат, білім және ғылым, мемлекеттік мекемелер кәсіподақтары. Олар өз саласындағы ұйымдар деңгейінде жұмысшылардың әлеуметтік серіктестіктегі өкілетті өкілдері болып табылады. Сондай-ақ, өз өкілеттіліктерін әлеуметтік серіктестік бойынша салалық келісім кезінде жүзеге асырады.

Кәсіподақтың бастауыш ұйымдары нақты бір мекемеде жұмысшылар ұжымының тұрақтылығын қамтамасыз етуде, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде маңызды рөл атқарады. Ұжымдық шарт жұмысшылардың құқығын қорғаудағы маңызды құжат және ұжым мен кәсіпорын әкімшілігі арасындағы әлеуметтік диалогтың нәтижесі болып табылады. Қазіргі таңда кәсіподағы бар барлық ұйымдарда ұжымдық шарт жасалған. Ұжымдық шарт жұмысшыларды қорғап, қосымша төлемдер мен кепілдік алу құқығын береді, жұмысшылардың еңбекақысының және әл-ауқатының артуына септігін тигізеді. Мәселен, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамының ұжымдық шарты талаптары негізінде кәсіпорын жұмысшыларына салалық коэффициентті пайдалану арқылы айрықша климаттық жағдайда жұмыс істегені үшін қосымша ақы төленеді. Еңбек пен денсаулықты қорғауға зор көңіл бөлінеді. Денсаулық қосыны жұмыс істейді, жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша спартакиада өткізіледі, әрбір өндірістік бөлімше жанынан спорт алаңдары жарақтандырылып, қызметкерлердің балаларына санаторийлік емделу мен сауықтыруға жеңілдікпен жолдамалар беріледі. Мұндай мысалдар аз емес. Бүгінгі таңда кәсіподақтардың міндеті – әлеуметтік серіктестіктерімен бірлесе отырып, ұжымдық шарттың сапасын арттыру және тараптардың міндеттемелерін толық көлемде орындауын қамтамасыз ету.

Кәсіподақтардың жұмысын қамтамасыз ету және оларға жүктелген міндетті орындауда заң нормалары бойынша кепілдік қарастырылған және атап өтерлігі – жекелеген жағдайларда олар бұрын қолданыста болған 1993 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының “Кәсіптік одақтар туралы” Заңынан жақсырақ. Кәсіподақтарды олардың құқықтарын шектейтін немесе жарғылық жұмысына кедергі келтіретін қандай да бір органға немесе ұйымға бағындыруды көздейтін әрекеттердің барлығына заңда тыйым салынған. Сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелерін тәртіптік жауапкершілікке тарту немесе жұмыс берушінің жұмыстан шығаруы жалпы тәртіппен қоса кәсіподақ органының, ал кәсіподақ төрағалары жоғары тұрған кәсіподақ органының дәлелді пікірін есепке ала отырып жүзеге асырылады. Бұдан басқа 2014 жылдың 27 маусымында Қазақстан Республикасының “Кәсіптік одақтар туралы” Заңы қабылданғаннан кейін кәсіподаққа мүше жұмысшылардың өкілдерінің жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі құқықтық норма күшейтілді. Оның жұмыс істеуі үшін жағдай жасау жөніндегі ереже міндетті болып табылады және ұйымның ұжымдық шартына енгізілді.

Еңбек қатынастарын дамытуды басқару мақсатында Қазақстан Республикасының “Кәсіптік одақтар туралы” Заңы қабылданған кезде 7 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енгізілген өзгерістер әлеуметтік серіктестік қағидатында әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық, салалық және өңірлік комиссияның функциясын айтарлықтай кеңейтті. Кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуде еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторлардың рөлі күшейтілді. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістердің арқасында жұмыс берушілердің ұжымдық шарт талаптары бойынша қабылданған міндеттемелерін орындауға қатысты жауапкершіліктері арттырылды. Тараптардың өкілдері жарты жылда бір рет жұмысшыларды ұжымдық шарттың орындалуы жайында хабардар етіп тұруға міндетті. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жасалған ұжымдық шарттарға мониторинг жүргізеді.

Бүгінгі таңда әр жұмысшының заңнамалық негізде құқығы мен мүддесін қорғауға және кәсіподақтардың жарғылық жұмысын қамтамасыз етуге, еңбек адамының әлеуметтік кепілдігін күшейтуге бағытталған жаңа бағдарламалық құжаттар қабылданды.

Жамал АХМЕТОВА,

облыстық кәсіподақ орталығының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp