Елбасының бес институттық реформасын жүзеге асырудың “100 нақты қадамын” жұртшылыққа жеткізуді көздеген еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков бастаған республикалық ақпарат-насихат тобының мүшелері 13-14 тамызда Қызылжар өңірінде болып, көлік, жол құрылысы саласы қызметкерлерімен кездесті.
Алғашқы кездесу 13 тамыз күні облыстық мәслихаттың шағын залында өтті.
Амангелді Беков Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 6 мамырда Астана қаласында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында белгілеп берген бес институттық реформаны жүзеге асырудың “100 нақты қадамына” назар аудара келіп, Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау мәселелеріне кеңірек тоқталды. Амангелді Әуезханұлының айтуына қарағанда, көлік дәлізін құру екі бағытта жүзеге асырылады, біріншісі – Қазақстан аумағы арқылы Ресей Федерациясына және одан әрі Еуропаға өту, екіншісі – Әзірбайжан мен Грузия арқылы Еуропаға өту. Бұл жобаға Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін тарту көзделген.
“Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша ішкі күре жолдарды қалпына келтіру де қарқынды жүргізілмек. Мысалы, қазіргі уақытта Астана – Петропавл – Ресей шекарасына дейінгі асфальт жол қайта жаңартылуда. 2016 жылы Астана – Петропавл бағытындағы жол құрылысы толығымен аяқталатын болады. Осы мақсатқа биыл 11 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал Петропавл – Ресей шекарасына дейінгі жол құрылысын 2016 жылы екінші жартыжылдықта бастау көзделіп отыр.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов өз сөзінде биыл жергілікті жолдарды жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 5,2 млрд. теңге қаржы бөлінгенін, соның арқасында 250 шақырым жол қалпына келтірілетіндігін тілге тиек етті. Бүгінгі күні облыс орталығындағы басты 10 көшенің жолдары және жүргінші жолдары күрделі жөндеуден өткізілуде, жиектастары ауыстырылуда.
Осы күні Амангелді Беков бастаған республикалық ақпарат-насихат тобы Қызылжар ауданы әкімдігінің аппараты қызметкерлерімен, кеше Тайынша ауданындағы “Казпако” ЖШС-нің мәжіліс залында жол құрылысы саласы қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.