Бұл күні Тимирязев ауданының орталығындағы мешіт ауласына жиналған тұрғындардың қарасы қалың көрінді. Олардың арасында Астанадан, Алматыдан, Қарағандыдан, Арқалықтан, тіпті, көршілес Ресейден келген қонақтар да болды. Мешітке кезінде өңірімізге ғана емес, көршілес Қорған, Түмен, Омбы облыстарына да танымал болған Мұхамеджан молданың есімі берілуіне арналған жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Лесбек Ілебаев, “Қызылжар” орталық мешіті атынан барған Абылай имам Құрсақов, ауыл ақсақалы Түркмен Ерханов және басқалары Мұхамеджан Меңдіхановтың өмір жолына, өңірімізде Ислам дінін таратуға қосқан үлесін, адами қасиеттерін тілге тиек етті.
Қазіргі Жамбыл ауданындағы Есперлі ауылында 1893 жылы дүниеге келген Мұхамеджан Меңдіханұлы ауылда әкесі ашқан медресені жақсы оқып бітірген. Ал артынан Уфа, Қазан қалаларына барып, білімін жетілдіреді. Оқуын тамамдаған соң Қызылжар қаласына келеді. Бірақ басқа молдалар сияқты ол да қуғынға ұшырап, Түменнің қалың орманын паналайды.
Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында Мұхамеджан Меңдіханұлы жасының елуден асқанына қарамастан, еңбек армиясына алынып, майданға құрылыс ағаштарын дайындаушылар қатарына қосылады. Одан аман-есен босағаннан кейін қайта Қызылжарға келіп, осындағы жалғыз көк мешітке есепші болып орналасады. Содан кейін мешіт молдасы, наиб-имамы, бас имамы болып қызмет атқарады.
Қаланың бұрынғы Карл Маркс (қазіргі Абай) көшесінің бойына көпқабатты үйлер салынатын болып, көк мешіт бұзылып тасталады. Қарияларға бас қосып, Құдайға құлшылық етер орын болмай қалады. Сондықтан Мұхамеджан имам қала мен облыс басшыларына қайта-қайта барып, Бензострой шағынауданынан батпақты жерді әрең дегенде сұрап алады. Жұрттан қаржы жинап, алпауыт зауыттардың басшыларынан көмек сұрап, ақыры мешіт салғызады. Сол мешітте 5 жыл бас имам болып қызмет атқарады. Жалпы Қызылжардағы кеңес өкіметі тұсындағы жалғыз мешітте 33 жыл еңбек етеді.
Осыдан 5-6 жыл бұрын қаланың бір топ ақсақалдары Мұхамеджан молданың Ислам дініне сіңірген еңбегін ескере келіп, “Бензострой” мешітіне оның есімін беру жөнінде бастама көтерген болатын. Осы мәселеге байланысты бірнеше рет жиын да өткізілді, көптеген адамдар газеттерге мақалалар да жазды, өз пікірлерін білдірді. Бірақ “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дегендей, тіпті, ол мешітке бармайтын, намаз оқып, ораза ұстамайтын бір адам бірнеше адамның қолын сырттарынан қойып, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына хат түсіріп, бұл мәселе шешілмей қалды.
Енді, міне, Қызылжар қаласы мен Тимирязев ауданы, еліміздің көптеген өңірлері, көршілес Қорған, Түмен, Омбы облыстары тұрғындарының қолдауымен Тимирязев ауданы орталығындағы мешітке Мұхамеджан молданың есімі беріліп отыр. Осы қуанышты оқиғаға орай Мұхамеджан молданың күйеу баласы, Қызылжар және Көкшетау өңірлеріне танымал, кезінде партия, кеңес органдарында басшы қызметтер атқарған, қазір Ислам дінініне бой ұрып қана қоймай, оның құндылықтарын халық арасында насихаттап жүрген азамат – Ғабдессаләм қажы Жоламанов өзінің “Діни қайраткер” деп аталатын кітабын жиналғандарға тегін таратты. Бұл кітапта әр жылдарда мерзімді басылымдарда Мұхамеджан молда туралы жарық көрген мақалалар, мұрағат анықтамалары, фотосуреттер басылған.
Мешітке Мұхамеджан молданың есімін беруге белсене атсалысқан бірнеше азаматтың иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Шара соңында берілген аста “Қызылжар” орталық мешітінен келген қари Мұхамеджан молданың рухына Құран бағыштады.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
журналист.