
Кеше бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың ХХХVІІ сессиясы болып, оның түске дейінгі отырысында дене тәрбиесі мен спортты дамыту жөніндегі жұмыстың жағдайы, шағын қалаларды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағын беру туралы мәселелер талқыланып, облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізілді. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты. Түстен кейін өңір басшысы Ерік Сұлтановтың 2015 жылғы бірінші жартыжылдықтағы Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есебі тыңдалды.
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің айтуына қарағанда, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыс тұрғындарының 27 пайызы дене тәрбиесімен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Өңірде 992 дене тәрбиесі ұжымы бар, оның 572-сі – білім беру орындарында, 279-ы кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы қыздардың “Қуаныш” волейбол, “Барыс” баскетбол, “Құлагер” хоккей кәсіби спорт клубтары ашылды. 2014-2015 жылдары 4 спорт нысаны салынды. Облыста спорттың 67 түрі дамыған. Биылғы бірінші жартыжылдықта солтүстікқазақстандық спортшылар 11 әлем, 13 Азия, 85 Қазақстан Республикасының чемпионаттарына, 31 халықаралық турнирге қатысып, 327 медаль жеңіп алды, оның 126-сы – спорттың олимпиадалық түрлері бойынша. Өткен жылы ашылған “Олимпиада чемпионы А.Винокуров атындағы құрлықтық велосипед клубы” республикалық және халықаралық турнирлерде жоғары нәтиже көрсетуде. “VINO 4-EVER” командасы 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін 342 рейтингтік ұпай жинаса, оның 242-сі біздің клубтың спортшыларына тиесілі.
Депутаттар Светлана Кашенцева мен Айман Асанова Аққайың және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда дене тәрбиесі мен спорттың даму барысы жайына тоқталып, атқарылып жатқан игілікті істерді атап көрсетті. Мысалы, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Нежинка-Ерке” ЖШС-нің директоры Мұрат Жұмабековтің бұқаралық спортты дамытуға, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосып отырған үлесі зор, серіктестік басшысының тікелей ұйымдастыруымен жұмыс істейтін парашют үйірмесі мүшелерінің жетістіктері айтарлықтай.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов те күн тәртібіндегі мәселеге орай өз ойын ортаға салды, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің бассейніне байланысты проблеманы оқу орнының басшысымен бірлесе шешетіндігін жеткізді.
Облыстық экономика басқармасы басшысының орынбасары Зиядден Молдағанапов Булаево, Мамлютка, Сергеевка және Тайынша қалаларын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын, ал облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі Юрий Наумочкин сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын халық қалаулыларының назарына ұсынды. Бұл жоспарлар бірауыздан мақұлданды.
Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Руслан Аңбаев “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағына ұсынылып отырған Қызылжар өңірінің тумасы, еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Фарит Галимовтің өмір жолы жайлы айтып берді. Бұл ұсыныс та депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Депутаттар үйлестіру кеңесі, сараптау, ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамы туралы облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізді.
Түстен кейін облыс әкімдігінің ғимаратында жалғасқан сессияда облыс әкімі Ерік Сұлтанов депутаттарды өңіріміздің 2015 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырды.
Сонымен, жарты жыл ішінде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 54 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда 152,7 пайызды құрайды. Өңірімізде инвестицияның негізгі көзі – кәсіпорындардың, ұйымдар мен тұрғындардың жеке қаржысы, бюджет қаражаты, басқа да қарыз қаражаттары және банк кредиті.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,6 пайыз өсіммен 36,3 млрд. теңгені құрады. Аталмыш салаға 16,1 млрд. теңге инвестиция салынған. Ал егіншілікте бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған дақылдарды өсіруге қайта бағдарлау жұмысы жүргізілді. Облысымыз жыл сайын 2 млн. тоннаға дейін астықты, 250 мың тоннадай ұнды, 200 мың тоннадан астам майлы дақылдардың тұқымын таяу және алыс шетелдерге экспортқа шығарады. Ал өңірдегі мал шаруашылығын дамыту жөнінде зор міндет қойылып, соның нәтижесінде жылқының да, ірі қараның да, қой мен ешкінің де, құстың да басы көбейген. Осының арқасында ет өндіру – 1 пайызға, сүт – 6 пайызға, жұмыртқа 18 пайызға ұлғайған.
Өнеркәсіп саласын дамытуда да зор міндеттер тұр. Үстіміздегі жылы Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы басталып, облыста сомасы 90 млрд. теңгеден асатын 60-тай жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіпкерліктің де өрісі кеңеюде.
Үстіміздегі жылдың өткен алты айында 31,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал сумен жабдықтау нысандарының құрылысын жүргізуге және қайта жаңартуға 5,3 млрд. теңге қаржы жұмсалмақ. Сол сияқты, жергілікті мақсаттағы автомобиль жолдарына сомасы 5,2 млрд. теңге болатын жөндеу жұмыстарын атқару жоспарланған. Облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 4,9 пайызды құрады. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларын дамыту мен орын алған мәселелерді шешу ұдайы назарда болмақ.
Сессия барысында халық қалаулылары өз ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Кәрібай Мұсырман өңір басшысы атқарған игі істерді тілге тиек ете келе, өзі сайланған Шал ақын ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына алаңдаушылық білдірді. Облыс әкімінен аталмыш ауданның қазіргі жағдайын оңалту үшін ерекше назар аударып, барынша қолдау көрсетуін сұрады. Ал оның әріптесі Сергей Тимофеев депутаттардың ұсақ-түйек мәселелерді шешуіне мүмкіндік беретіндей өз бюджеті болса екен деген ұсынысын айтып, Петропавл қаласындағы Юбилейная көшесі, 9 “б” мекенжайы бойынша орналасқан 9 қабатты тұрғын үйдің мәселесін көтерді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов депутаттардың өз бюджеті болса екен деген ұсынысы жан-жақты қарастырылатындығын айтты. Осыдан бірнеше жыл бұрын апаттық жағдайда деп танылған 9 қабатты тұрғын үй тағы бір мәрте мемлекеттік сараптамадан өткізілгеннен кейін ол нысанның тағдыры белгілі болмақ.
Депутаттар тарапынан ұсыныстармен қатар бірқатар мәселелер де көтерілді. Мәселен, 2013 жылы Петропавл қаласы бюджетінің кіріс бөлігін жоспарлау кезінде жіберілген қателіктен бюджеттен алынатын қаражат көбейіп кеткен. Осы мәселе жоғары тұрған бюджеттен трансферт алу арқылы шешілсе деген, сондай-ақ, облыс орталығындағы жолдарға ауқымды жөндеу жұмысын жүргізу үшін де қосымша қаржыландыру болса деген ұсыныстар айтылды. Облыс әкімі қалалық бюджет өзінің кіріс бөлігімен қатар, облыстық бюджетті де орындай алмай отырғандығын айтып, бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетіндігін жеткізді. Ал қазіргі таңда Петропавл қаласының 10 көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ендігі жылға дейін 21 көшені қайта жаңарту жоспарланып отыр.
Нұрсайын ШӘРІП,
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА.
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.