
Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенованың қатысуымен Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған өңіріміздің белгілі спортшылары, жаттықтырушылары мен осы саланың қызметкерлері жиналды.
Өңір спортшыларына облыс әкімі Ерік Сұлтановтың құттықтауын жеткізген Анархан Қалиқызы өз сөзінде дене шынықтыру мен спортты дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы бұл мәселеге “Қазақстан – 2050” ұзақмерзімді стратегиясында ерекше мән берген. Бүгінде 154 мыңнан астам солтүстікқазақстандық спортпен шұғылданады, бұл облыс тұрғындарының 27 пайызын құрап отыр. Өңірімізде спорттық инфрақұрылымдар нығайтылып, жаңа нысандар салынуда. Жыл басынан бері облыста 100 хоккей корты, 9 көпфункционалды спорт алаңы, 213 футбол және шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Облыс аудандарында тағы 2 спорт кешені салынып жатса, Александр Винокуров атындағы Спорт сарайының құрылысы аяқталуға жақын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінде 350 жерлесіміз еліміздің құрама командасының сапында өнер көрсетуде. Жыл басынан бері олар республикалық және халықаралық сайыстарда әртүрлі деңгейдегі 320 медальға ие болды. Бүгінде өңіріміздің үздік спортшылары Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиадаға жолдаманы жеңіп алу жолында тер төгуде, ал үш қарғып секіруші Ирина Эктова бұл мақсатына қол жеткізді.
Шара барысында облыста дене шынықтыру мен спортты дамытуға елеулі үлес қосқан 30-дан астам жаттықтырушы мен спортшы облыс әкімінің, Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Облысымызға белгілі спорт қайраткері, облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушысы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жамбыл Тасеменовке Мәдениет және спорт министрлігінің “Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі табысталды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.