«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІҢ ШЕТІНДЕ, ЖЕЛДІҢ ӨТІНДЕ

Петропавл қалалық Мәдениет үйінде өңіріміздің шекарашыларының кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметкерлері мен ардагерлерін облыс әкімінің атынан оның орынбасары Владимир Бубенко құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің қауіпсіздігінің және тұтастығының кепілі болып табылатын шекара қызметіне ерекше көңіл бөледі. 1992 жылғы 18 тамызда Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының шекара қызметі құрылды, – деген Владимир Степанович шекарашылар қызметінің қиын да қауіпті, сондықтан да ел шекарасын қорғау қашан да зор маңызға ие екендігін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның 1203 километр аумағы Ресей Федерациясының Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен шектеседі. Біздің облыс көрші мемлекеттің шекаралас елді мекендерімен тығыз әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық орнатқан. Үстіміздегі жылдың басынан бері тыныштық сақшылары 33 шекара маңы құқық бұзушылық фактісін анықтаған. Шекараны кесіп өтпек болған – 22 және Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзған 473 адам қолға түскен. Еліміздің қиыр солтүстігіндегі аталмыш аумақтан заңсыз түрде есірткі, қару-жарақ, жарылғыш заттар өткізуге әрекет еткен 79 фактінің жолы кесілген.

“Шекарашыларға есірткі алып өту, жасырын көші-қонды болдырмау, террорлық әрекеттерге жол бермеу сияқты міндеттер жүктелген. Қазіргі таңда Елбасының қамқорлығының арқасында шекара қызметінің материалдық-техникалық жағдайы жақсарды. Біздің қызметке жыл сайын бөлініп жатқан қаражат өзімізге жүктелген міндетті ойдағыдай атқаруға мүмкіндік жасап, оң нәтижесін беріп келеді. Шекарамызда жеті өткізу бекеті мен он шақты застава бар”, – дейді №2032 бөлім командирінің міндетін атқарушы Нұртай Танкаев.

Шекарашылар Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау үшін ыстық-суықта, жауын-шашында күн-түн демей, өздерінің қызметін қырағылықпен атқаруда. Аталмыш қызмет ардагерлерінің кәсіби шеберлігі, ерлігі мен өз қызметіне берілгендігі кейінгі жастарға үлгі. Облыстың шекара қызметі органдарында 810 әскери қызметші борышын өтеуде.

Шекарашылардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада Владимир Бубенко бірнеше қызметкерге облыс әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын тапсырды. Сонымен қатар, ел шетін қорғауда қырағылық танытқан тағы бірнеше сарбаз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің грамоталарын алды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp