Халықаралық жастар күніне орай “Азаматтық бастамаларды дамыту институты” қоғамдық бірлестігі облыстық көше субмәдениеті фестивалін өткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған шараға Петропавл қаласы мен аудандардан 200-ге жуық өкіл қатысты.
“Азаматтық бастамаларды дамыту институты” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсемгүл Есқожаның айтуынша, көше субмәдениеті фестивалі облысымызда осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ондағы мақсат – жастар субмәдениетінің жағымды бағыттағы түрлерінің танымалдығын арттыру, олардың шығармашылық әлеуеттерін көтеру, жасөспірімдер мен жастардың белсенді демалысын жүйелендіру, олардың арасындағы әлеуметтік теріс әсері бар көріністердің алдын алу.
Петропавлдағы Пестрое көлінің жағасындағы “Солтүстік жұлдызы” саябағының аумағы фестивальға қатысуға ниет білдірген 14 пен 29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға толы болды. Олар өздерінің қалаулары бойынша түрлі бағытта ұйымдастырылған конкурсқа белсене қатысты.
Конкурс көше субмәдениетінің бірнеше бағыттары: хип-хоп/брейк-данс баттл, рэп, паркур, граффити, стритворкаут, скейтбординг, роликтерде сырғанау сияқты түрлерімен қатар турникте және жерден ең көп тартылғандар арасында ұйымдастырылды. Оған қатысуға ресми түрде тіркелген жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыс жұмысын ұйымдастыруға еріктілер де атсалысты.
Қатысушылардың бірқатары алаңға айналдыра қойылған үлкен планшеттерде бейнелеу өнерінің “граффити” түрі бойынша өздерінің ішкі ойларын өрнектесе, тағы біреулері рэп айтып, хип-хоп/брейк-данс биледі.
Көше субмәдениетінің ішінде ерекше батылдыққа, ептілікке, төзімділікке, қайраттылыққа баулитын түрлері де болды. Паркур, стритворкаут, скейтбординг субмәдениетінде спорттық элементтер басым. Студент Ильдар Ашировтің сөзіне қарағанда, паркурмен айналысу адамды күнделікті өмірде кездесетін күйзеліске төзімді болуға үйретеді. Бұл өте тәуекелді спорт түрі, оған екінің бірі бара бермейді.
Жазғы демалысын Петропавл қаласындағы туысқандарында өткеріп жүрген Екатеринбург қаласының тұрғыны Артем Шамуратов велосипедпен түрлі жаттығуларды еркін әрі шебер орындады. Артемнің бұл өнеріне қызығушылық танытып, одан үйренуге талпынып жүрген жасөспірімдер де бар екен.
Фестиваль қатысушыларының өнерін қазылар алқасы саралап, оларға бағалы сыйлықтар тапсырды. Жастар үшін би ұйымдастырылды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.