Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауы мен “100 нақты қадам” Ұлт жоспары білім беру саласы қызметкерлеріне зор міндет жүктеп отыр. Аталмыш бағдарламалардағы білім саласына қатысты атап көрсетілген нақты басымдықтарды жүзеге асыру бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында өңір педагогтерінің ортақ мақсат-міндеттері қандай? Осы жайында білмек болып облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованы әңгімеге тартқан едік.
– Біз алдағы міндеттерімізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдаулары және “100 нақты қадам” Ұлт жоспарына негіздеп белгіледік. Биылғы тамыз конференциясы “Жаңа білім беру бағдарламалары, инновациялық және құзыреттілік тәсіл – табысты мектепке қадам” деп аталады. Барлық білім жүйесінің негізін мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру қалайтындықтан, алдымен балабақшалар жайына тоқталып өтейін. Бүгінгі таңда “Балапан” бағдарламасы Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына кіріктіріліп жүзеге асырылуда. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында үстіміздегі жылы облыста мектепке дейінгі мекемелерде 1148 жаңа орын ашу үшін республикалық бюджеттен 299 млн. 203 мың теңге қаражат бөлінді. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік тапсырыс бойынша облыста 233 орын пайдалануға берілді. Алайда, 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемелермен қамту мәселесі Петропавл қаласында әлі де өткір тұр. Бүгінгі күні осы жастағы 4236 бала кезегін күтуде. Бұл мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда Петропавлда 3 жекеменшік балабақшаның құрылысы жүргізілу үстінде. Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен қаламызда 320 орындық балабақшаның құрылысы басталса, Қазақстан Республикасының “Концессия туралы” Заңы аясында тағы 370 орындық үш мекеме ашу үшін концессиялық жобаларды қарастыру жұмысы басталды. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдар жүйесін дамытуда жеке сектордың белсенділігінің артуын ескерген жөн. Жекеменшік балабақшаларға барлық мемлекеттік тапсырыстың 10 пайызы орналастырылды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 95,1 пайызды құрады.
– Мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру және 12 жылдық оқытуға көшу мақсатында Қазақстан Республикасының бастауыш деңгейдегі жалпы білім беретін мемлекеттік стандарты жаңартылуда. Осыған байланысты білім бөлімдеріне қандай талап қойылуда?
– Мектепке дейінгі мекемелерде 2394 педагог жұмыс істейді. Олардың 387-сі – жас мамандар. Сондықтан бірінші кезекте аталмыш буын мамандарының кәсіби біліктілігінің сапасын арттыру міндеті қойылып отыр. Ол үшін үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі базасында балабақшалардың 200-ге жуық педагогін қайта даярлаудан өткізу жоспарланған. Аталмыш білім беру мазмұнында жүйелілік, тұтастықты қамтамасыз ету үшін жаңа әдістемелер мен технологияларды пайдалануда бірыңғай талаптар қойылуы қажет. Балабақшалардың ересек топтарындағы балғындардың мектепке бейімделуі және үздіксіз білім алуы маңызды. Осы мақсатта бастауыш мектептермен ынтымақтастық қажет. Бастауыш білім берудің мемлекеттік жаңа стандартын апробациялау бойынша үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап Петропавлдағы №16 орталау мектебі мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектептері жұмысқа кіріседі. Олардағы шәкірттердің дайындық деңгейлеріне, білім мазмұнына, оқу жүктемесінің көлеміне талаптар айқындалып, сәйкесінше мектеп педагогтерінің, оқушылардың, ата-аналардың, қоғам өкілдерінің, басшылықтың қызметтері реттелетін болады.
– Стратегиялық бағдарламаларда орта білім берудің сапасын арттырып, оқушылардың бәсекеге қабілетті болуы үшін функционалдық сауаттылығын көтеру міндеті қойылған. Біздің оқушылар бәсекеге төтеп бере ала ма?
– Оқушылардың білім сапасының көрсеткішін Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысынан байқауға болады. 2015 жылғы сынақ нәтижесінде Петропавл қаласындағы орта мектептер 6,3 балға өсім көрсетсе, ауылдық балалар 0,3 ұпайға төмендеді. Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейі ең жоғары – 104,4, Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицей 100,3 балл жинады. Ауылдықтардың ішінде Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінен сынақ тапсырған төрт баланың ұпайы – 105,75, Аққайың ауданы 84,3 балды құрады. 2014-2015 оқу жылында 120 оқушы республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстарға қатысты. Олимпиада қорытындысында облыс командасы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша республикада 3-орынға ие болды. Петропавлдағы “БЭСТ” гимназиясы “Үздік олимпиадалық мектеп” аталымы бойынша сертификат алды. Облыс оқушылары 7 алтын, 16 күміс, 27 қола медаль және ІТ-университетінің грантын иеленді. Сондай-ақ, білім жүйесінің бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау үшін TIMSS, PISA, PIRLS сияқты халықаралық зерттеулері жүзеге асырылуда. Халықаралық мониторингтік зерттеуге біздің оқушылар да қатысты. Оның нәтижесі келесі жылы белгілі болады.
– Ұлт жоспарының 76-шы қадамында табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру қарастырылған, ол жөнінде не айтасыз?
– Білім мазмұнының жаңаруы жағдайында Ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткішімен қатар халықаралық мониторингтік зерттеудің қорытындысы да мектеп табыстылығының басты өлшемі болмақ. Табысты мектептерді ынталандыру жүйесі әр білім ошағының алдына айқын мақсат қойып, соған жетуге ұмтылуына мүмкіндік береді. Алайда, бұл жерде әр мектептің, оқушылардың оқу бағдарламасын нақты меңгеру әлеуеттері ескеріледі. Ол үшін жеке тұлғаны терең зерттеу тетіктерін білумен қатар, ғылым негіздерін оқытуға ата-аналар мен педагогтердің ынтымағының болуы маңызды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі орта білім беруді жаңғыртуда басты бағдар болып табылады. Петропавл қаласында аталмыш мектептің ашылуы облыс педагогтеріне жұмыс әдістемесі мен бағдарламасын үйренуге, ұжыммен ынтымақтаса қызмет атқаруға, білім сапасын көтеруге жаңа серпін береді. Білім сапасын көтерудің тағы бір бағыты педагог кадрлардың мәртебесін және олардың кәсіби біліктілік деңгейлерін арттыру болып табылады.
– Меніңше, бүгінгі таңда тәлімгерлік институтын жандандыру мәселесі өте өткір тұрған сияқты. Мектептерде тәлімгерлер бар ма?
– Дұрыс айтасыз, жас маманға шын мәнінде тәжірибелік көмек керек. Сондықтан бұрыннан келе жатқан тәжірибені жаңғыртып, жұмысқа енді тұрған жас маманға тәлімгер мұғалімді жыл бойына бекітіп берген жөн. Білім беру мекемелерінің әрқайсысына инновациялық тәрбиелеу моделін әзірлеп, зерттеушілік қосымша білім беру аясында балалардың демалу, сауығу жүйесін қамтамасыз етуді ұйымдастыру қажет. Бұл ретте мектептерге білікті басшыларды тарту, мақсатты мотивациялау кестесін дайындау мен іріктеу мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Білім беру мекемелерінің әр басшысы педагогикалық ұжымның жұмыс сапасын арттыру үшін өздерінің білім деңгейін үнемі көтеруі тиіс. Сонымен қатар, басшылық етудің жаңа тетіктерін, осызаманғы оқыту әдістемелерін пайдалануы қажет.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз”, – деген болатын. Осы орайда атқарылып жатқан істерге тоқтала кетсеңіз?
– Еліміздің барлық өңірлеріндегідей, біздің облыста да мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың өздерін қоғамның толыққанды мүшелері ретінде сезінулері үшін дендері сау балалармен бірдей жағдай жасалуда. Облыста 7 коррекциялық мектеп-интернат, 3 педагогика-медицина-психологиялық комиссия, 11 педагогика-психологиялық түзету кабинеті, 62 логопед қосыны жұмыс істейді. Облыстың балабақшаларында 7 арнайы және 13 санаторлық топ қызмет көрсетеді. Петропавл қаласындағы №13 орта мектепте он бес жылдан бері инклюзивтік білім беріліп келеді. Онда тірек-қимыл аппараттары зақымданған балғындар сау балалармен бірге оқиды. 2014 жылы Петропавл қаласындағы №44 орта мектеп базасында көздері нашар көретін балалар үшін алғашқы арнайы сынып ашылды. Оларға 11 млн. 600 мың теңгенің арнайы құрал-жабдықтары алынды. Аталмыш мектепте жаңа оқу жылында тоғыз бала екінші сыныпқа көшсе, тағы он бүлдіршін біріншіге қабылданды. Біздің инклюзивтік оқыту бағытындағы жұмыс тәжірибеміз республикадағы арнайы білім беру мекемелеріне үлгі ретінде таратылып, одан әрі басшылыққа алу үшін ұсыныстар жасалды.
– Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ересек өмірге қанат қаққаннан кейін қоғамға бейімделіп кетуі үшін қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– 2014 жылы облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолдауымен отбасылық үлгідегі балалар ауылында жеке инвестиция есебінен 20 балаға шақталған екі үй тұрғызылды. Облыста жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған он екі мекемеде 503 балдырған тәрбиеленуде. Соңғы кезде балаларды отбасы тәрбиесіне алуға құлық танытатындар саны артты. Мәселен, 2011 жылы 30 бала отбасына тәрбиеленуге берілсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 150-ге жетті. Балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында оларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту тәжірибесін жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған облыстық мектеп-интернат пен Айыртау ауданындағы осы санаттағы мекеме де өздеріне енгізуде. Ондағы 59 тәрбиеленуші жалпы білім беретін мектептерде оқып жүр.
– Оқу мен тәрбие егіз. Оқушылардың отансүйгіштік тәрбиесі неге негізделіп жүргізілуде?
– Жалпыұлттық “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асыру оқу-тәрбие жұмыстарының жоспарына енгізілген. Білім басқармасы “Мәңгілік Ел” факультативтік курсының авторлық бағдарламасына конкурс жариялау туралы Ереже әзірледі. Ол Жеңістің 70 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларда қарастырылған. Бұл шаралар оқушылардың төзімділігі мен патриоттық сезімдерін тәрбиелеуге ықпал етеді. Балалар көпэтносты елімізде бірлік, бейбітшілік пен келісім Қазақстан халқының басты байлығы екенін біліп өсуі керек.
– “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру, 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу бағдарламалары аясында апаттық және үш ауысымдық мектептерді жою қарастырылған. Осы мәселеге тоқталсаңыз?
– Биылғы оқу жылында екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Олар: республикалық бюджеттен – Мамлютка қаласындағы 300 және облыстық бюджеттен – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылында 90 баланы қамтитын мектептер. Үстіміздегі жылы “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында Ұлттық қордан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында 400 орындық мектеп-интернат, Тайынша ауданының Тайынша қаласында 300 балаға мектеп құрылысы басталды. 2016 жылы 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған бұл мектептер облыстағы үш ауысымда білім беру мәселесін шешетін болады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында мектеп салуға инвестициялық ұсыныс жолданды.
– Облыстың кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің еңбек нарығы сұранысын қамтамасыз етуге әлеуеті жете ме?
– Облыстағы 27 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында 13,4 мың оқушы оқып жүр. Олардың 8,5 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Студенттер экономика саласының 75 басым мамандығы бойынша оқытылуда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық мамандарды даярлауға сұраныс артып отыр. Сонымен қатар, “Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” жобасы аясында облыстың екі колледжі оңтүстік өңірлердің 73 студентін 3 мамандық бойынша оқытуда. Үстіміздегі оқу жылында жастардың санын 175-ке жеткізіп, төрт колледжде жеті мамандыққа баулу жоспарлануда. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 5 колледжде сексенге жуық адам 7 мамандықты меңгерді. Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінде “Әлеуметтік жұмыс” мамандығы бойынша 21 адам қайта даярлықтан өтті.
Колледждерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестермен ынтымақтастық қарым-қатынас бойынша тұрақты жұмыс жүргізіледі. Облыс кәсіпорындары мен колледждер арасында 1200 келісім жасалған. Жеті мыңнан астам студент өндіріс орындарында кәсіби шеберліктерін шыңдады. Оның 33 пайызы ақылы жұмыс орындары болды.
2015 жылы облыстық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпорындар және колледждер арасында оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктіліктерін арттыру бойынша 25 келісім жасалды. Облыстың 9 колледжінде 17 мамандық бойынша дуалдық оқыту жүзеге асырылады. Жаңа оқу жылында Аққайың ауданындағы аграрлық, Ленинград және Уәлиханов аудандарындағы ауыл шаруашылығы колледждерінде дуалдық оқыту тетіктері енгізіледі. Облыстың кәсіптік білім беру ұйымдарының өңіріміздің экономикасына қажетті білікті мамандар даярлауда әлеуеті зор.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
