«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЗДЕСУ – КӨҢІЛГЕ ШИПА

Өмір сүрген ортасы мен отбасынан ұзақ уақытқа қол үзу сотталушылардың психологиясына теріс әсер етеді. Төрт қабырғаға қамалған жан еркіндікте ол үшін қапа болып жүрген жақындардың бар екенін сезінген кезде бүгінгі өміріне сын көзбен қарап, ойланары сөзсіз. Сондықтан қылмыстық атқару жүйесінде сотталғандардың отбасы мүшелерімен және туған-туыстарымен кездесуге жағдай жасалған. Олар жақындарымен кездескен кезде емен-жарқын әңгімелесіп, бір жасап қалады. Мұндай тәрбие жұмыстары сотталғандардың санасын тезірек сауықтыруға, тіршілігіндегі әртүрлі жағдайларға бейім болуға, сондай-ақ, өздері жасаған заң бұзушылықтардың әрі қарайғы өміріндегі кедергілерін азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 4-бөлімінің 12-ші тарауындағы 84-бапта көрсетілгендей, сотталғандардың кездесулерiнің белгіленген тәртібі мен ережесі бар. Мәселен, сотталғандарға түзеу мекемесiнiң аумағында ұзақтығы екi сағатқа созылған қысқамерзiмдi және ұзақтығы екі тәулiкке дейiн ұзақ кездесулер берiледi. Ал кәмелет жасына толмағандардың мекемесіндегі сотталғандардың туған-туыстарымен ұзақ кездесулері бес тәулікке дейін созылады.  

Туған-туыстарымен немесе өзге адамдармен қысқамерзiмдi кездесулер түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен берiледi. Ұзақ кездесулер жұбайымен (зайыбымен) және жақын туыстарымен (ата-аналар, балалар, асырап алғандар, ағалы-iнiлiлер, апалы-сiңлiлер, атасы, әжесi, немерелері), ерекше жағдайларда түзеу мекемесi бастығының рұқсаты бойынша өзге адамдармен бiрге тұру құқығымен берiледi. Сотталған адамдарға өздерiнiң өтiнiшi бойынша ұзақ кездесудi қысқа мерзiмдiсiмен ауыстыруға рұқсат етiледi. Ауыстыру тәртiбiн қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi. Сотталғандарға заң көмегін алу үшін олардың құпиялылығын қамтамасыз ететін жағдайда білдірген арыздары бойынша адвокаттармен кездесуге рұқсат беріледі.

“ЕС-164/9 мекемесі” РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқандармен кездесуге еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Аталмыш мекемеде биылғы жыл басынан бері сотталғандар үшін 82 – ұзақ, 33 қысқа уақытқа кездесулер ұйымдастырылды. Жалпы әр кездесуден кейін бас бостандығынан айрылған азаматтың алдағы өміріне деген сенімділігі мен мақсат-мүддесі қалыптасары сөзсіз.

Мереке МҰҚАТАЙ,

“ЕС-164/9” мекемесі бастығының

кезекші көмекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp