«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРІ ӨРЛЕГЕН ЕЛ ОЗЫҚ

Біздің өміріміз еліміздің болмысындағы ұлы оқиғаларға, тарихи атаулы күндерге толы. Солардың бірі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік негізін нығайтқан Ата Заңымыз – Конситуциямыздың қабылданғанына 20 жыл толуы. Ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалайтын бір кезеңге айналған осы 20 жылда Негізгі Заңымыз елімізді гүлдендірудің бағыт-бағдарларын белгілеп, дамудың барлық салаларында барша табыстарымыз бен жетістіктеріміздің кілті болды.

Осылардың арасында елімізде мәдениеттің дамуы, мәдениет мекемелерінің арнасы жылдан-жылға кеңейіп отырғаны айқын.

Біздің өңіріміз де еліміздің мәдени дамуына өзінің үлесін қосып отыр. Бүгінгі таңда облыс тұрғындары мәдениет мекемелері мен мұрағаттарды қосқанда 582 нысанның қызметін пайдаланады. Оның ішінде 3 театр, 1 филармония, 237 клуб, 312 кітапхана, 12 мұражай, 15 мұрағат, киноқондырғы және кинобейне қорды сақтап, пайдалану орталығы бар.  

Біз, әрине, қолда барды місе тұтуға тиіс емеспіз. Сондықтан мүмкіндігінше мәдениет және мұрағат нысандарының қатарын кеңейтуге ұмтыламыз. Осы айтқанымдай, үстіміздегі жылда Мағжан Жұмабаев, Тайынша және Мамлют аудандарында 3 мәдениет мекемесі, сонымен бірге, облыстың ұйымдары мен кәсіпорындарында 17 ведомстволық мұрағат шаңырақ көтерді.

Қандай жағдайда да істі өрге бастырып, ойлағанды жүзеге асыруға қаржылай негізсіз қол жетпейтіні белгілі. Сондықтан мен биылғы жылға бекітілген бюджетті тілге тиек етпей кете алмаймын. Осы орайда саланың дамуына 2 миллиард 821 миллион теңге бөлінгенін айтуыма болады.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша Мамлют ауданындағы Новомихайловка, Ақжар ауданындағы Байтүс және Аққайың ауданындағы Полтавка ауылының мәдениет мекемелерін жөндеуге 41 миллион 700 мың теңге жұмсалды.

Қашаннан да мәдениет мекемелерінің қатарында кітапханалардың алатын орны ерекше екені белгілі. Оқырмандары көптеп саналатын кітапханалардың қорын байытып, тұрғындарға мәдени-эстетикалық толыққанды қызмет көрсету – заман талабы. Осы себепті біз бұл мәселені үнемі назарда ұстауымыз керек. Соған орай жыл басынан бері 33175 дана әдебиеттер алынып, мемлекеттік кітапханалардың қорына қосылды. Ал Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың жетістігі баршамызды қуантып отырғанын баса атап көрсеткім келеді. Бұл оқырмандар шаңырағы “Қазақстанның ХХІ ғасырдағы үздік кітапханасы” республикалық конкурсында топ жарып, 1 миллион теңгенің грантын жеңіп алды.

Мәдени-тарихи ескерткіштерді күтіп ұстау, қайтадан қалпына келтіру, тұғыры бөлек тұлғалардың жаңадан бой көтеретін ескерткіштерін орнату – біздің саланың міндеті. Ал бүгінгі таңда өңірімізде 600 тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік қорғауға алынған. Бұлардың өскелең ұрпаққа дарытатын тағылымын қайталап айтудың қажеті де жоқ деп ойлаймын. Өйткені, біздің жас азаматтарымыздың тарихи орындарды, зор тұлғаларды білуі – заман мен өркениет талабы.

Адамдарға толыққанды мәдениет және өнер қызметін көрсету қоғамдық маңызы зор іс екені айтпаса да түсінікті. Елдің абыройын, жеткен жетістіктерін мәдени өрлеумен де паш етуге болады. Тұрғындарға әрбір шарада осындай тарту жасау – ұлттарды ұйыстырудың, рухани келісімге жетісудің түп қазығы емес пе? Мысалы, біздің сала қызметкерлерінің 17500-ден аса іс-шара өткізгенін айтуға болады. Олар өңіріміздің алуан ұлттарының өнерін паш етіп, осы шаралар Қазақстанның өркендеуін, азаматтардың бейбіт-тату тұрмысын, береке мен бірлікті арқау етті.

Биылғы жыл біздің өңірдің өнер иелері үшін игілікті кезең болды. Мамыр айында облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары облыс және ел намысын қорғап, Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында сахнаға шықты. Бұдан басқа да халықаралық өнер сапарлары жүзеге асырылды.

Жыл аяғына дейін көзделіп отырған бірнеше айтуға тұрарлық шаралар қамтылмақ. Осы орайда біз Ресеймен арадағы тату-тәтті қарым-қатынастарды жалғастырамыз. Атап айтқанда, алдағы жылы Омбы қаласының іргетасы қалануының 300 жылдығына облыс атынан үлкен өнер тартуын жасауды ұйғарып отырмыз.

Ал биыл ең ұлық мерекеміздің бірі – Конституциямыздың қабылданғанына 20 жыл толуына мәдениет қызметкерлері өздерінің сүбелі үлесін қосады. Өнері өрлеген ел озық. Біздің өңіріміз де Қазақстан Республикасының абыройының артуына атсалысады.

Рустам БИКЕНЕВ, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp