Облыстық мәслихаттың ХХХVІІ сессиясының шешімімен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Фарит Хабибрахманович Галимовке «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ол 1940 жылғы 11 желтоқсанда Петропавл қаласында дүниеге келген. 1968 жылы Орал политехникалық институтын, 1982 жылы КСРО Халық шаруашылығы академиясының жанындағы басқару институтын бітірген. Еңбек жолын 1959 жылы Петропавл қаласындағы «Құрылыс материалдары» тресінде бетоншы болып бастаған. 1960 жылдан бастап «Петропавлқұрылыс» тресінде сылақшы, шебер, прораб, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, бас инженер, құрылыс-монтаж басқармасының бастығы болып, біртіндеп өсіп, облыс орталығының көптеген ғимараттарында өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырған.
Фарит Хабибрахманович 1975 жылы қызмет бабымен көршілес Көкшетау қаласына ауыстырылып, сондағы «Көкшетауқұрылыс» өндірістік-құрылыс бірлестігінің бас инженері, трест басқарушысы, бастығы болып он бес жыл абыроймен қызмет етті. Ол көкшетаулықтарға дарынды ұйымдастырушы, іскер де парасатты басшы ретінде танылып, үлкен құрметке ие болды. Кейін оған «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы берілуі – соның айғағы.
Көкшетау қаласын өркендетуге елеулі еңбек сіңіріп, ерекше көзге түскен Фарит Галимов 1990 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Содан кейін «Қазақстанқұрылыс» мемлекеттік-акционерлік концернінің президенті, Қазақстан Республикасы Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарға құрылыс салу министрінің орынбасары, бірінші орынбасары болды.
Еліміздің құрылыс саласының беделді де білікті маманы Фарит Галимовке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы зор сенім артып, оны Жоғары және орталық органдарды Ақмола қаласына көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы – Қазақстан Республикасының министрі етіп тағайындады. Бұл мерейлі міндетті ойдағыдай орындаған жерлесіміз 1998 жылдан 2002 жылға дейін Ақмола (Астана) қаласы әкімінің бірінші орынбасары болып, елорданың одан әрі өркендеуіне аянбай атсалысты. Кейін оның «Астана қаласының құрметті азаматы» атанғандығы – елорданы дамытып, көркейтуге сіңірген қажырлы еңбегінің жемісі.
2002-2008 жылдары Фарит Галимов Республика Парламенті Сенатына екі мәрте депутат болып сайланды. Ал 2009 жылдан бері «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ президентінің кеңесшісі болып еңбек етуде.
Фарит Хабибрахманович 2004 жылдан бері Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті ретінде белсенді қоғамдық қызметпен де айналысып келеді. Сондай-ақ, ол – Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі. Кеңестік заманда кеудесіне «Құрмет белгісі» ордені тағылса, еліміздің Тәуелсіздігі жылдарындағы ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Бұған қоса, 10 медальдың және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы» атақтарының иесі.
(Өз тілшіміз).