Өткен аптаның соңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Антон Федяев Петропавл қаласындағы Ғ.Мүсірепов және Жамбыл көшелерінің қиылысында жылу құбырлары жаңғыртылып жатқан учаскеде БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Антон Владимировичтің айтуына қарағанда, облыс орталығындағы жылу желілерінің ұзындығы 233,347 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні жылу желілерінің 72,8 пайызы тозған, оның ішінде жылу торабына тиесілісі 88 пайыз болып отыр. Соңғы жылдары оларды ауыстырудан тозу қарқыны арта түсуде. Желілердегі жылу шығыны 30,6 пайызға жетсе, оның 12,5 пайызы нормадан артық шығынға жатады. Соңғысына тұтынушылар тарапынан төлемақы төленбейді.
Кәсіпорынның негізгі қорларына жүргізілген техникалық сараптама жылу желілерінің жекелеген учаскелерін ауыстыру бойынша жедел жұмыс жүргізуді қажет ететінін көрсетті. Соған орай “Петропавл жылу желілері” ЖШС өзіндік және қарыз қаражаттарын пайдалана отырып, кәсіпорынның негізгі қорын жұмыс жағдайында ұстау және тұтынушыларды сапалы жылумен жабдықтау үшін 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама әзірледі. Инвестициялық бағдарлама жобасына сәйкес жылу желілерін жөндеуге және жаңғыртуға 12,25 млрд. теңге көлемінде қаржы салу көзделуде. Жоба шараларын жүзеге асыру нормадан артық шығындарды азайтуға, жылу желілерінің тозуын 2020 жылға қарай 72,8 пайыздан 60,8 пайызға дейін кемітуге мүмкіндік бермек. Бағдарлама аясында 31,4 шақырым жылу желілерін салу, 19,3 шақырым жылу құбырларын оқшаулау, жылу бекеттері мен сорғы станцияларын қайта жабдықтау көзделуде.
Жылумен жабдықтау жүйелері нысандарын жаңғыртуға және жаңартуға инвестицияның жетпеуіне байланысты “Петропавл жылу желілері” ЖШС сомасы 4,625 млрд. теңгеге Петропавл қаласының жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және дамытуға бағытталған бағдарламаны кредиттік қаржыландыруға Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) көмек сұраған болатын. Мұндай сома коммуналдық шаруашылық саласының инфрақұрылымын дамыту бойынша әлеуметтік мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік қолдау ретінде өтеусіз және қайтарымсыз негізде республикалық бюджеттен демеуқаржы түрінде беріледі.
Инвестициялық бағдарлама аясында жоспарланған шараларды орындау, ЕҚДБ-нің қарызы мен күрделі жөндеу Петропавл қаласы тұрғындарын жылумен жабдықтау сапасын арттыруға, тозу дәрежесін азайтуға, пайдалану мерзімін ұзартуға және жылу желілері құрал-жабдықтарының тиімділігін көбейтуге мүмкіндік беретін болады. Осы мәселелерді тілге тиек ете келе Антон Федяев:
– Облыс орталығында үш жылу торабы бар. “Береке” шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер санының көбеюіне байланысты үшінші жылу торабының 1 шақырым құбыры жаздың басында ауыстырылған болатын. Өйткені, жаңадан салынып жатқан нысандар қосымша жылу қуатын қажет етеді. Бүгінгі күні республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген 2 млрд. теңге қаржыға Ғ.Мүсірепов пен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы бірінші жылу торабының 700 мм.-лік құбырлары 1000 мм.-лікке ауыстырылып жатыр. Сөйтіп, бұл учаскенің жылу өткізу қуаты 30 пайызға арттырылуда. Бұл жұмыс жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады, – деді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.