2015 жылғы қаңтар-шілдеде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 68,2 млрд. теңгені құрады, бұл 2014 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 1,4 есе артық.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншікті қаражаты негізгі капиталға салынған инвестицияларды қаржыландырудың (71,7%) басым көзі болып табылды, оның көлемі 48,9 млрд. теңге болды.
Көлік және қоймалау – 37,8%-ды, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 30,5%-ды, өнеркәсіп – 19%-ды иеленеді, олар инвестицияларды игеру бойынша негізгі капиталға салынған басым салалар болып табылады.
Үстіміздегі жылғы 7 айда ауыл шаруашылығына тиісті жалпы өнімнің көлемі 50,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2014 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 4,8%-ға артық. Мал мен құстың барлық түрлері тірідей салмақта союға 42,8 мың тонна өткізілді (2014 жылғы қаңтар-шілдеге 100,5%), 297,2 мың тонна сиыр сүті сауылды (106,4%), 372 млн. тауық жұмыртқасы (117,1%) алынды.
2015 жылғы қаңтар-шілдеде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары (шағын кәсіпорындарды, қосалқы өндірістерді, үй шаруашылықтары секторын қоса есептегенде) қолданыстағы бағамен 89,5 млрд. теңгенің өнімін өндірді.
Өнеркәсіп өндірісі құрылымында 70%-ды алатын өңдеу өнеркәсібі 62,6 млрд. теңгенің өнімін шығарды.
2015 жылғы қаңтар-шілдеде өңделген, кептірілген нан және печенье, ұзақ сақталатын кондитерлік өнімдер мен тәтті тоқаш – 26,7%, үй құсының еті – 23,9%, ет және тағамдық қосымша өнімдер 2,8% артық өндірілді.
Машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын жасау – 2,1, тоқыма бұйымдары өндірісі 1,8 есе, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 13,7% өсті. Ыстық су немесе төмен қысымды бу өндіруге арналған бір орталықтан жылыту қазандары 1,7, пластмасса құбырлар, түтіктер, жеңдер мен құбыршектер мен олардың фитингтері 1,5 есе, құрылыс мақсатында бетоннан жасалған бұйымдар 42,4% артық өндірілді.
Барлық меншік нысанындағы құрылыс-жинақтау ұйымдарының өз күшімен 21,3 млрд. теңгенің мердігерлік жұмыстары атқарылды, ол 2014 жылғы қаңтар-шілдеден 1,4 есе артық. 2015 жылғы қаңтар-шілдеде жаңа 243 ғимараттың құрылысы аяқталды, оның 228-і – тұрғын үй, 15-і тұрғын үй мақсатындағы емес. Негізгі құрал-жабдықтар 40,8 млрд. теңге сомасында іске қосылды, оның 50%-ы – ауыл, орман және балық шаруашылығына, 31,1%-ы – көлік және қоймалауға тиесілі.
Облыс аумағында тұрғындардың және кәсіпорындардың күшімен жалпы аумағы 34186 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйдің жалпы ауданының 1 шаршы метрінің орташа құны 42 мың теңгені құрады (2014 жылғы қаңтар-шілдеде – 44 мың теңге).
Облыстық статистика департаменті.