«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Деген екен …

Айтыскер ақын, драматург, қаламгер, манасшы, айта берсе, өнердің әр саласында су жорғадай жүйрік атанған көкшетаулық Баянғали Әлімжановтың әсімі бүкіл елімізге белгілі. Ол осындай сан қырлы дарынын ұлттық әдебиеттің түрлі жанрларында танытып, кесек туындыларын да, шағын бірқақпай әңгі-мелерін де оқырмандарға тарту етіп келеді. Осылардың ішінде Баянғалидың “Деген екен” аталған тақырыптағы шағын әңгімелері, хикаялары ел-жұрттың назарында. Біз бүгін жазушының осы тақырыптағы бірнеше хикаяларын жариялауды бастап, газет оқырмандарына ұсынып отырмыз.

ҚАРА ШАЛДАР

Баянғалидың әкесi Тақан ақсақал – Ұлы Отан соғысының екiншi топтағы мүгедегi, соғыстың басынан аяғына дейiн қатысып, Берлинге дейiн барып қайтқан. Екi рет ауыр, бір рет жеңіл жараланған. Бір жолы танк снарядының жарық-шағы шекеден тиіп, әрең аман қалған екен.

1996 жылдың жазында соғыс мүгедектерiне жеңiл автомобиль берiлетiндiгiн естiп, ауырып жатқан ақсақал Баянғалиға: “Менi комиссияға апар”, – дептi. Аудан мен облыстағылар әрлi-берлi қарап, ақынға: “Анда барып өйтiп жiберсеңiз, мында барып бүйтiп жiберсеңiз, бiреу-мiреулер көмектесiп жiберсе, атай машина алуы мүмкiн”, – деп ақыл берiптi. Сонда ақын: “Менiң әкем қанын блатпен төккен жоқ, машинаны да блатпен алмайды!” – деп, дәрiгердiң әдiл шешiмiне жүгiнiптi. Дәрiгерлер дұрыстап қарап: “Әкеңiздiң сырқаты бiр емес, бес кiсiге жетерлiк екен, он машиналық еңбегi бар екен! Мұндай ардагерлер қазiр өте аз қалды ғой, бәрiне де машина берсе артық емес”, – деп жылы сөзбен шығарып салыпты. Сөйтсе, заң бойынша аяғынан ауыр жараланған кiсiге машина берiледi екен де, Тахаңның жарақаттары ол заңға жатпайды екен. Ақсақалды үйiне әкеле жатып, Баянғали: “Ал, ендi мазаны алмай, тыныш жат үйде. Осының бәрін әуелде ойламаған өзіңнен көр! Оққа басыңды тосқанша, аяғыңды тоса қоймадың ба?!”– деген екен.

Әкесіне арнап айтқан өлеңі:

Менің әкем Тақанның

Ерлігі көп айтатын,

Жауған оқтың астында

Жау тылынан “тіл” іздеп,

Түнде талмай жортатын,

Тоғыз танкі талқандап,

Таң атқанда қайтатын,

Бейбітшілік заманда

Бір телешке шөп сұрап,

Қолтықтап ап шалдарды

Канторға қарай тартатын,

Барлығын жеңген батырың

Қайран анам Бәтима

Марқұмнан жаман қорқатын!

Менің әкем Тақан шал

Фашистке ойран салыпты,

Берлинге дейін барыпты,

Қиратушы еді оны да

Қырық шақырым қалғанда

Соғыс бітіп қалыпты,

Гитлер менен Геббельс:

“Тақан келсе болмайт, деп,

Жағдай енді оңбайт!” – деп,

Атылып өліп қалыпты!

Менің әкем секілді

Қара шалдар жасасын

Халық қылған халықты!!!

ҮКІМЕТ ПЕН АППАРАТ

1995 жылдың жазында Көкшетауда идеология қызметкерлерiнiң аймақтық жиналысы болып, оның жұмысына Қазақстан Премьер-Министрiнiң орынбасарлары Иманғали Тасмағамбетов пен Нағашыбай Шайкенов бастаған бiр топ басшылар қатысады. Алматылық қонақтардың самолетi кешiгiп келiп, жерге қона алмай, көкте бiраз жүрiп қалып, көкшетаулықтар қонағасыны түн ортасында бередi. Бiраз отырған соң кезек қонақтардың әңгiмесiн тыңдап, үндемей отырған Баянғалиға келедi. Сонда ақын өлеңмен қонақтарды құттықтай келiп, Иманғалиға бұрылып, былай дептi:

Ассаламуғалейкүм, Иманғали,

Көкшеге идеолог жиған Ғали,

Аспаннан самолетi түспей қойып,

Бензиндi бұлт iшiнде құйған Ғали,

Иманғали келген соң Көкшетауға

Қарсы алды өлеңдетiп Баянғали.

Қорқып едiк, Имеке,

Бұл жиналыс Көкшеде

Болмай кетер ме екен деп,

Самолетiң бiржола

Қонбай кетер ме екен деп,

Иманды екен атың да,

Иманды болсын затың да,

Қызметiңiз құтты боп

Пайдасы тисiн халқыңа!

Одан кейiн Вице-премьер әрi әдiлет министрi Нағашыбай Шайкеновке бұрылып:

Ассаламуғалейкүм, Нағашыбай,

Еңбегiң сiңе берсiн Алашыңа-ай,

Тұрасың экраннан закон соғып,

Қоясың шалдармен де таласып-ай,

Қайтесiң сол шалдармен көп таласып,

Жүрсеңшi Алашыңмен жарасып-ай! – деген екен.

Содан кейiн сол жерде көрген, естiген жағдайларды әзiл өлеңге айналдырып, жырлап келiп, Жас-тар iсi, туризм және спорт министрi Бiрғаным Әйтiмоваға:

Айналайын, Бiрғаным,

Арналсын сiзге жырларым,

Спортсмен министр

Келген кезде, қарашы,

Менiң дағы рекордсмен

Болғым келiп тұрғанын,

Жастарына қазақтың

Таныта бер әлемнiң

Ойы менен қырларын,

Спорттың сансыз сырларын,

Елiңе еңбек етуден

Қажымағын, тынбағын,

Тоқталайын осымен,

Әйтпесе, менiң, байқаймын,

Бiрғанымды келiп тұр,

Күндiз-түнi жырлағым! –

дептi әзiлдеп.

Президент аппаратының жауап-ты қызметкері Оралбай Әбдiкә-рiмовке арнап:

Айтайын жақсы тiлектi,

Орекеңдей ағаға,

Қолындағы билiгiн

Жұмсасын iзгi шараға,

Пана болсын Орекең,

Мына қиын заманда

Қысылып тұрған далаға,

Жүдеген ата-анаға,

Қамқор болсын балаға,

Iзгiлiк құйсын санаға,

Айтпасақ оны бола ма?

Өкпелеп қалса аппарат

Үкiмет қалар далада! –

деген екен. Ақынның өнерiне риза болған басшылар қол соғып, алғыс айтыпты.

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.

(Жалғасы бар).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp