Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңыңда И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың оқырмандар залында «Ұлы дала жолымен» атты «дөңгелек үстел» өтті. Оған облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлерімен бірге облыстық тарихи-өлкетану мұражайының этнография бөлімінің маманы Ғалия Балтабаева, «Абылай хан резиденциясы» мұражайының бұқаралық бөлімінің меңгерушісі Әсемгүл Қыдыбекова қатысты.
Әсемгүл Қыдыбекова қазақстандық қоғамның тарихында маңызды да үлкен рөл атқарған Керей мен Жәнібек хандардың өмірбаяндары мен ерліктері жайлы танымды да қызықты етіп айтып берді. Білікті маман Қазақ хандығының шежіресіне саяхат жасап, тарихсыз бірде-бір мемлекет, бірде-бір халық болмайтынын ерекше атап көрсетіп, әрбір халықтың жоғары даму формасы мемлекет екендігін әңгіме өзегіне айналдырды.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының маманы Ғалия Балтабаева жиналғандарды ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың жәдігерлерімен таныстырды. Осы көнеден жеткен заттарды көріп, Қазақ хандығының тарихына бойлауға болады.
Шараға қатысушылардың барлығы қазақ хандығы тарихына байланысты «Ұлы дала жолымен» өтіп, көне дәуірдегі салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайлы құнды деректер, қызғылықты ақпарат алды.
Татьяна БЕРЕЖНАЯ,
төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
кадр жұмысы бөлімінің бас маманы,
өртке қарсы қызмет подполковнигі.