Облыс әкімі Ерік Сұлтанов сәрсенбі күні жұмыс сапарымен Мамлют және Жамбыл аудандарында болған кезінде екінші жартыжылдықта атқарылар жұмыстың бағыт-бағдарын айқындады.
– Мамлют ауданының бюджетіне 53,7 млн. теңге түспеген. Жыл аяғына дейін аудан бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру қажет. Жалпы барлық аудандар жоспарды орындау үшін қыркүйек айында кестеге енуге тиіс. Жыл аяғына дейін Мамлют ауданы жергілікті қазынаға 118,9 млн. теңге жинауы керек, – деді өңір басшысы Мамлют ауданында болған кездесу барысында.
Жиында ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану жайы да сөз болды. Облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, жер иелері егістік алқабын, жайылымдық жерлерді тиісті мақсатта пайдаланулары қажет. Оған қоса шабындықтар 2 жыл бойы жай жатса, жер телімдері заң тәртібінде кері қайтарылады. Ал жер салығына тоқталған облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Төлеген Қабдөшевтің мәліметіне сүйенсек, Мамлют ауданындағы жердің бір гектарына төленетін салық – 359 теңге. Бұл бағаны көтеру қажет. Мәселен, Қызылжар ауданындағы агроқұрылым басшылары бір гектарға 1300-1500 теңге салық төлейді. Бұған қоса, бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың тиісті деңгейде орындалмай отырғандығы белгілі болды.
– “Сыбаға” бағдарламасы 31 пайызға ғана орындалған. Аталмыш бағдарламаға ауданның екі ауылдық округі ғана қатысуда. “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламасында да дәл осындай жағдай, тек үш ауылдық округ қатысуға ниет танытты, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев.
Бүгінде ауданның ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүргендердің еңбекақысы облыстың орташа көрсеткішінен 25 мың теңгеге төмен екен.
Кездесуден соң өңір жетекшісі “БарСик”, “Новомихайловское – 2003” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің егістік алқабын аралады. “БарСик” жауапкершілігі шектеулі серіктестік иелігіндегі 1086 гектар алқаптың 704 гектарына бидай сеуіпті. Аталмыш компанияда жұмыс істейтін 6 адамның орташа еңбекақы көлемі – 94 мың теңге. Ал “Новомихайловское – 2003” серіктестігі аумағы 120 шаршы метр болатын 5 үй салып, пайдалануға беріпті. Баспаналардың бағасы 6-7 миллион теңге шамасында. Үйдің жалпы құнының жартысын тұрғындар бірден төлесе, қалғанын ешқандай пайызсыз 15 жылдың ішінде қайтарады екен.
Жалпы, Мамлют ауданының аграршылары 1912 тонна дизельдік отынға тапсырыс берген. Бүгінде олардың сұранысы 86 пайызға қанағаттандырылды. Ауа райы оң қабақ танытса, күзгі жиын-терімде гектар берекелілігі 20 центнерден айналады деген болжам бар.
Жұмыс сапары кезінде Жамбыл ауданында да болған өңір басшысы аудан активімен және аграршылармен кездесті. Кездесу барысында облыс әкімі бидай мен майлы дақылдарды шашау шығармай мерзімінде жинап алу керектігін айтты. Алайда, аудандағы ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңалауды қажет етеді. Тракторлар мен комбайндардың тозуы облыстың орташа көрсеткішінен 71 пайызға жоғары. Бүгінде тракторлардың 69 пайызы, комбайндардың 57 пайызы тозған. Ауданда мал шаруашылығын да дамыту қажет. Жергілікті бюджетке көлік салығы, түрлі деңгейдегі әкімшілік айыппұлдар өндіріліп алынбаған. Сондай-ақ, Жамбыл ауданының тұрғындары мен кәсіпкерлері мүлікті жария ету науқанына да салғырттық танытып отыр.
Кездесуден кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Шатило және К” ЖШС-нің базасында құрылған асылтұқымды репродукторды көрді. Серіктестік басшысы Виталий Шатило қолындағы 1500 бас герефорд-ангус сиырының санын қысқа дейін екі мыңға жеткізбек. Сондай-ақ, аталмыш серіктестікте астық тазалайтын және оны кептіретін кешен бар. Ол сағатына 50 тонна бидайды кептіре алады.
Берік ҚАСЕН,
журналист.
Суретті түсірген В.ВЛАСЕНКО.
