Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы қыркүйек айының басында, Қызылжар өңіріне қызмет бабындағы сапары кезінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанына үш айдан асқан Ерік Сұлтановтың қолға алып жатқан істері жайлы есебін тыңдап, құптау білдірген соң жергілікті азаматтарға қарап: «Сіздерге жақсы, тәжірибелі әкім тауып бердік, әрі өздеріңіздің жерлестеріңіз. Оның қолынан бәрі келеді деп ойлаймын», – деген еді. Елбасының өңірдің жаңа басшысы жайлы айтқан бірауыз сөзіне жиналған қауым қол соғып, қуанысып қалған. Өйткені, Мемлекет басшысының билік басында жүрген азаматтар жайлы мұндай жылы лебізді бекерден-бекер айтпайтыны аян. Содан бергі арада өткен бір жылдан астам уақыт Ерік Хамзаұлының өзіне Мемлекет басшысы көрсеткен жоғары сенімді ақтауға деген зор ұмтылысын аңғартқандай.
Ол өз қызметін бір иманды істен бастады: Халықаралық балаларды қорғау күні Петропавл қаласындағы отбасылық үлгідегі Балалар ауылына ат басын тіреп, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бейкүнә бүлдіршіндердің жағдайымен танысты. 4 үйде бір-бір отбасы болып тұрып жатқан 6 жастан 18 жасқа дейінгі 36 бала мен жасөспірімге мерекелік сыйлықтар ұсынып қана қоймай, Балалар ауылының жанында бос жатқан жер телімін көріп, мұнда тағы 2 үй салғызуға уәде етті. Сөзінде тұрып, жалпы аумағы 170 шаршы метрді құрайтын үйлердің құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлгізбей-ақ, демеушілер іздестіріп тауып, оларды бір айдың ішінде салғызып берді. Қазақстан Конституциясы күні іске қосылған жаңа да жайлы қоныстарға қала іргесіндегі Архангелка ауылындағы Балалар баспанасында тұрып жатқан 18 қамкөңіл жеткіншек ауыстырылып әкелініп, екі отбасыға бөлініп орналастырылды. Олар өздерінің бұдан былай облыс орталығында өмір сүріп, қаланың озық мектептерінде оқитындықтарына қуаныштарын жасырған жоқ.
Петропавлдағы Балалар ауылын аралап көргеннен кейін екі аптадай уақыт өткенде өңір басшысы облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың бастарын қосқан ұйымдарда болып, зағип жандардың хал-жағдайларын білді.
Ойламаған жерден облыс әкімінің өзі келіп, жанашырлық танытып тұрғанына алғыс білдірген қалалық мүгедектер қоғамының төрайымы Валентина Заборовская оңтайлы сәтті пайдаланып, өздерінің жергілікті биліктің қолдауымен «Әлеуметтік такси» қызметін ашқанын, алайда, ондағы 6 көлік қаладағы жүріп-тұруы қиын 4,5 мың мүгедекке қызмет көрсетуге кейде үлгермей жататындығын жасырмай жеткізіп, тағы бір көлік қажеттігін құлаққағыс етті. Сол арада Ерік Хамзаұлы: «Көлік мәселесін шешеміз», – деп сөз берді. «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» демекші, сосын мүгедектер қоғамы орналасқан ғимараттың маңайын сын көзбен шолып өтіп, оның алдындағы алаңға бір аптаның ішінде асфальт төсететіндігін де айтты. Арада бірнеше күн өткенде қоғам кеңсесінің алды тегістеліп, асфальт төселді, ал Валентина Заборовскаяға су жаңа «темір тұлпардың» кілті тапсырылды.
Облыс әкімінің айтқан сөзін жерге тастамайтындығына шалғайдағы Тимирязев ауданындағы жалғыз қазақ ауылы – Жарқынның тұрғындары да көз жеткізді. Аталмыш аудан әкімінің сол елді мекен қарайтын ауылдық округте болған есепті кездесуіне қатысқан өңір басшысы жарқындықтардың: «Ауылымызда клуб та, спорт алаңы да жоқ. Жастарымыз кешке қайда барарларын білмейді…» – деген ренішті сөздерін естіген соң: «Жарқынның болашағы бар. Сондықтан биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салдырып беремін», – деп уәде берген. Көп ұзамай, қазан айының басында ауылға құрылысшылар келіп, жергілікті орта мектеп жанындағы бос жерге жалпы аумағы 800 шаршы метр, екіқабатты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға кірісіп кетті. Оның құрылысын бес айдың ішінде бітіріп, биылғы наурыз айының басында пайдалануға берді. «Бұл кешенді салуға бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ. Ерік Хамзаұлы демеушілердің қаржысына салдырыпты. Қазір ауыл жастары бос уақыттарын сонда өткізеді. Баскетбол, волейбол, шағын футбол, күрес, теннис, шахмат-дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерімен айналысқысы келетіндердің бәріне қолайлы мүмкіндік бар. Тіпті, ауылдағы көп кісі жиналатын той-томалақтар да сол кешенде өткізіліп жүр», – деді Жарқын ауылы қарайтын Дмитриевка ауылдық округінің әкімі Талғат Есләмов бізбен кездескенде.
Ойлап қарасақ, ұзақ жылдар Астана қаласында әртүрлі жоғары лауазымды қызметтер атқарған Ерік Сұлтановтың облыс әкімі болып тағайындалуы Елбасының кадр саясатына енгізген «Орталықтан – өңірге, өңірден – орталыққа» қағидатына сәйкес қолданылып отырған ротация әдісінің өміршеңдігін айғақтай түскендей. Өйткені, облысымыздың бұрынғы кейбір әкімдері орталықта қызмет істеп көрмеген, аудандық және облыстық деңгейдегі саяси мемлекеттік қызметшілердің арасынан іріктеліп алынғандықтан, министрліктер мен ұлттық компаниялардың «азулы» басшыларына тікелей шығып, тілдесуге дәттері бармай, ірілі-ұсақты мәселелерді шешу үшін оларға хат жазып немесе өз орынбасарларын Астанаға «елшілікке» жұмсап, уақыт оздырып жүретіндігінен құлағдармыз. Ал Ерік Хамзаұлы республикалық деңгейдегі басшылардың көбімен бұрынғы атқарған қызметтері арқылы істес, біліс болғандықтан, олармен телефон байланысы арқылы жедел хабарласып, туындаған мәселені кейде лезде шешіп тастайтындығын жұрт сүйіне айтып жүр. Мәселен, өңір басшысы былтырғы шілде айының ортасында шалғайдағы Уәлиханов ауданы әкімінің Кішкенекөл ауылында болған халық алдында есеп беру кездесуіне қатысқан. Сол жиында жергілікті тұрғындар облыс әкіміне «Астана – Қызылту станциясы» бағытындағы пойыздың екі вагоны жолаушыларға аздық қылып жүргендіктен, оған үшінші вагон қосуды сұраған өтініштеріне ешкім құлақ аспағандығын айтып, шағымданған еді. Осыған орай Ерік Сұлтанов дереу бұрын өзі қызмет істеген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшыларымен телефон арқылы хабарласып, уәлихановтықтардың мұқтаждығын сол күні-ақ шешіп берді. Сөйтіп, тамыз айынан бастап, аталмыш пойызға үшінші вагон қосылып, бұған уәлихановтықтар ғана емес, темір жол бойындағы Ақжар және Тайынша аудандарының жолаушылары да қуанып қалды. Сондай-ақ, облыс әкімі үстіміздегі жылы өңір тұрғындарының өтініштеріне орай Астана – Қостанай бағытында қатынайтын жүрдек «Тұлпар – Тальго» пойызының Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың орталықтары – Саумалкөл мен Новоишимка ауылдарындағы темір жол станцияларына тоқтап, жергілікті жолаушыларға қызмет көрсетуі мәселесін де оңынан шешкізді.
Ерік Сұлтанов облысты қабылдап алған кезде өңірдегі машина жасау өнеркәсібінің өндірісі өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 24 пайызға кеміп кеткен болатын. Әсіресе, «ЗИКСТО» зауытында қиын жағдай қалыптасқан еді. Себебі – бұл кәсіпорын 2013 жылы 411 вагон шығарып, өткізген болса, 2014 жылға ешқандай тапсырыс түспеген. Соның салдарынан жұмыс орындарын қысқарту қаупі туындап, ұжымдағы ахуал да күрделеніп кеткен. Ал «Мұнаймаш» зауытында еліміздің газ-мұнай саласына қажетті ұңғымалық штангілі сорғыштарға тапсырыс беру кешеуілдетілген. Мән-жайға қаныққан облыс әкімі тиісті ұлттық компаниялардың басшыларымен сөйлесіп, олардың Петропавлдағы зауыттарға қосымша қыруар тапсырыс беруіне қол жеткізді. Соның арқасында облыс өнеркәсібіндегі артта қалушылық біртіндеп жойылып, былтырғы жыл 3,5 пайыздық өсіммен қорытындыланды. Ең бастысы – кәсіпорындардағы жұмыс орындары сақталып, еңбеккерлер ешқандай қысқартуға ілінген жоқ.
«Ақ қайыңдар өлкесі» атанған Солтүстік Қазақстан облысының табиғаты тамаша жерінде қазба байлықтар мол болғанымен, қолда бар әлеуеті әлі толық пайдаланылмай, ел қазынасына қарап жаутаңдап, алақанын жайып отырған субвенциялық өңірлердің бірі болып саналады. Оның үстіне қысы ұзақ та қатал, жазы қысқа да салқын болып келетіндіктен, сырттан инвестиция тарту үшін онша тартымды емес деген теріс түсінік те қалыптасқан. Туып-өскен өлкесінің осындай, жылдар бойы онша өзгере қоймаған, жұпынылау жағдайымен келіскісі келмейтінін ашық мәлімдемегенімен, оны өңір басшысының қазіргі іс-әрекетіне қарап-ақ ұғынуға болады. Былтыр күзде облыс тарихында тұңғыш рет Петропавл қаласында өткізілген «Қызылжаринвест – 2014» Халықарлық инвестициялық форумы – соның айғағы. Оған 800-ден астам мейман қатысты, олардың 300-і – 15 шетелдің өкілдері. Қызылжар өңіріне көршілес Ресей мен Қытайға қоса, әлемдегі ең мықты дамыған отыз мемлекеттің қатарына енген Жапония, Сингапур, Австралия, Германия, Бельгия, Финляндия, Израиль сияқты шалғайдағы дәулеті шалқыған елдер де қызығушылық танытты. Форум кезінде жалпы сомасы 70 миллиард теңгеден асатын 50 меморандум мен келісімге қол қойылды. Бұл облыс басшылығының сырттан инвестиция тартуға айрықша көңіл бөліп отырғандығын көрсетеді. Осы бағыттағы талпыныс нәтижесіз де емес: биыл Петропавлдағы бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар зауытының негізінде өз еліміздің «Самұрық-Қазына Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және Финляндия мен Польшаның беделді компанияларының қатысуымен «ҚазТехМаш» машина жасау зауыты ашылып, жоғары сыныпты астық жинау комбайны, шөп шабатын машина, тырнауыш, тіркеме мен жемшөп таратқыш сияқты ауыл шаруашылығы техникалары шығарыла бастады. Еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығының Индустриялық картасына енгізілген осы инвестициялық жобаның құны – 1,9 миллиард теңге.
Ал Есіл ауданының Бұлақ ауылының маңындағы Әулие деген жердегі алтын кенішін игеру үшін былтыр ресейлік инвестор Павел Джулай «Әулие Голд Майнинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, кен байыту кешенін салды. Жергілікті тұрғындарға 250 жаңа жұмыс орнын ұсынған бұл кәсіпорын былтырғы жылғы 25 желтоқсанда Елбасының қатысуымен өткен Индустрияландыру күніне арналған жалпыұлттық телекөпір барысында салтанатты түрде іске қосылды. Бұл инвестициялық жобаның құны – 2,7 миллиард теңге. Бұған қоса, Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылы маңындағы – қалайы, Тайынша ауданындағы Обухов титан-цирконий кен орындарын да кешеуілдетпей игеріп, ел игілігіне айналдыру мақсатында қажетті шаралар қолданылып жатыр.
Қызылжар өңірінде туризмді өркендету де келешекте жергілікті бюджетке қомақты кіріс түсіруі мүмкін. Бұл бағытта облыс әкімі, әсіресе, «Көкшетау» ұлттық мемлекеттік табиғат саябағының аумағына кіретін, көрікті Айыртау өңірінің әлеуетін пайдалануға ерекше назар аударып отыр. Сол табиғаты сұлу аймақтағы суы мөлдір Шалқар және Имантау көлдеріне жаз сайын көршілес Ресейден ағылатын туристер санын көбейту үшін, ең алдымен, Айыртау ауданына баратын тозығы жеткен, кедір-бұдыр көлік жолдарын жөндеуге қыруар қаржы бөлгізді. Бұған қоса, Имантау туристік аймағында орналасқан «Солнечный VIP» демалыс базасында тынығушыларды бұғының мүйізінен жасалған дәрімен емдейтін шағын пантаорталық ашылды. Онда әзірше күніне 45 адам ем қабылдай алады. Бұл қызмет аясын кеңейту мақсатымен қазір пантамен емдеу кешенінің құрылысы басталды. Ол аяқталған соң күніне 240 адам пантамен емделетін болады. Осы маңдағы «Акбар» демалыс орнында Венеция, Англия стиліндегі жайлы үйлер мен мейрамхана салынып, пайдалануға берілді. Мұнда қазір бір мезгілде 200 турист жайғаса алады. Айыртауға келіп, тынығушылар санын көбейту мақсатымен алдағы уақытта «Астана – Володаровка станциясы» бағытында электр пойыз қатынасын ашу мәселесі көтеріліп отыр.
Туризмді дамыту мақсатында Айыртау ауданындағы дүниежүзіне мәшһүр Ботай археологиялық қонысын да ұтымды пайдалануға болатындығы айқын. Онда археолог ғалымдар «Ботай мәдениеті» деген атау берген, біздің заманымызға дейінгі Энеолит дәуіріндегі өркениет жәдігерлері жеткілікті. Ғалымдар осы маңда жылқы малының алғаш рет қолға үйретілгендігін де айғақтап берген. Қазір әлемге әйгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт бастаған археологтар бұл бірегей көне қоныста ашық аспан астындағы мұражай салуды ұсынып отыр. Олар жасаған жобада Ботай қонысына инфрақұрылым тарту, этнографиялық ауыл, емдеусауықтыру, мәдени-ойын-сауық орталықтарын және ипподром салу қарастырылған. Осыған орай Ерік Сұлтанов Қызылжар өңіріне қызмет бабындағы сапармен келген Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевқа Ботай қонысын көрсетіп, жергілікті ғалымдар дайындаған жобамен таныстырды. Вице-премьер оған алдағы уақытта мүмкіндігінше қолдау білдіруге уәде берді.
Облыс әкімі өңірдің білім саласында қордаланып қалған көкейкесті мәселелерді де қолға алып, табандылықпен шешу үстінде. Әуелі ол іргетасы 2011 жылы қаланғанымен, құрылысы тым ұзаққа созылып, «сақалды нысанға» айналған Назарбаев Зияткерлік мектебінің ғимаратында қалыптасқан төзгісіз жағдайды әдейілеп барып көрді. Ондағы жұмыстың әлі де сылбырлығын аңғарып, астаналық бас мердігерге орынды талап та қойып, өз тарапынан барынша көмек те көрсете отырып, маңызды әлеуметтік нысандағы жұмысты жандандырды. Нәтижесінде өңір жұртшылығы көптен күткен химия-биологиялық бағыттағы, озық үлгідегі білім ордасы үстіміздегі жылы Астана күні қарсаңында салтанатты түрде ашылды. Ал бұған дейінгі облыс басшылары республикалық «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тапсырысымен елордалық құрылысшылар салып жатқан үлкен нысандағы істің жағдайы мәз еместігін білсе де, «Ол ұйым бізге бағынбайды» деген желеумен оған араласуға батпай, әліптің аяғын бағып келген болатын.
Өңірдің білім саласындағы басқа да көптен шешуін күткен көкейкесті мәселелердің қиын түйіндері де тарқатыла бастады. Мысалы, облыстық мәслихат депутаттары биік мінберлерден қайта-қайта айтып жүрген Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарының орталықтары – Новоишимка ауылы мен Тайынша қаласындағы 1991 жылы таратылған аудандық партия комитеттерінің шағын үйлерінде ашылған, кейінірек шәкірттерді үш ауысымда оқытуға мәжбүр болған қазақ орта мектептері үшін жаңа ғимараттар салу проблемасы биыл Президенттің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауына сәйкес шешілді. Қазір Ұлттық қордан бөлінген мақсатты қаражат есебінен аталмыш елді мекендерде әрқайсысы 400 оқушыға арналған екі жаңа мектеп-интернаттың ғимараттары салына бастады. Ал Қызылжар ауданындағы оралман ағайындар қоныстанған Бәйтерек ауылында орта мектеп ашу үшін облыс әкімі Үкіметтен қаржы бөлуді сұрағанымен, әлемдік экономикада болып жатқан келеңсіз жағдайлардың салқыны біздің елге де тиіп тұрғандығына байланысты бұл көкейкесті мәселені шешу кейінге қалдырылғанды. Ал бәйтеректік 339 оқушы қысы-жазы көршілес Бескөл ауылындағы мектептерге күн сайын арнайы бөлінген үш автобуспен қатынап оқуға мәжбүр. Бұл, әсіресе, климаты жылы Өзбекстаннан қауымдаса көшіп келген бауырлардың балаларына қиын соғып жүр. Осыған орай өңір басшысы вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа Бәйтерек ауылын көрсетіп, алыстан келген ағайындардың мұқтаждығын олардың өз ауыздарынан тыңдатты.
Үкімет басшысының орынбасары Бәйтерек ауылында келесі жылы 300 орындық орта мектеп салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлгізуге күш салатындығын айтып, аттанды.
Жалпы, Қызылжар өңіріндегі болашағы жоқ деп танылып, саусақпен санарлықтай-ақ үй қалған кейбір шағын ауылдар болмаса, қалалар мен көптеген елді мекендер жылдан-жылға көркейіп келеді. Облыс диқандары жыл сайын Қазақстанда өндірілетін мол астықтың ширегінен астамын қамбаға құятындықтарын мақтан тұтады. Төскейде өрген төрт түлік мал басы да көбейе түсті. Қаржылай жәрдемі мол мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне сүйеніп, өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер қатары да қалыңдады. Бірақ, артта қалған ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезеңде басталған теріс үрдіс – облыс халқы санының азаюы әлі де тыйылмағандығы алаңдатпай қоймайды. Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан өңір тұрғындарының қатары соңғы 10 жыл ішінде 100 мыңға кеміп, бүгінде 571 мың адам ғана қалған. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі халқы ең аз өңір болып табылады. «Бәрін білетін» статистика деректері мұның себебі дүниеге келіп жатқан сәбилер саны өмірден озғандардың орнын толтыра алмай жатқандығында ғана емес, басқа жаққа көшіп кетушілер легі үзілмей тұрғандығында да екендігін көзге шұқығандай қылып көрсетіп тұр. Мұндайда «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» – дейді қазекем. Өйткені, кімнің болсын үйреншікті жылы орнынан қозғалып, өзінің кіндік қаны тамған туған жерін – кіші Отанын көзі қиып тастап кетуі оңай еместігі белгілі. Ақиқатын айтсақ, арқары емес, адамы ауып жатқан Қызылжардың қақаған қысы ғана емес, тұрмыс жағдайы да аса жайлы деу қиын. Орташа еңбекақы көрсеткіші жөнінен облыс соңғы жылдары көштің соңында шаң жұтып келеді. Республикалық маңыздағы жолдар түзетіліп жатқанымен, өңірдің ішкі жолдарының жағдайы көңіл көншітпейді. Оларды қысқы борандарда қар басып, ал жазғы қалың нөсер жаңбырлар мидай езіп, көлік жүре алмай қалатындықтан, тұрғындар машақат шегіп, өкпе-реніш білдіріп жатады.
Міне, осы ең өзекті екі мәселені барынша жеделдете шешуді Ерік Сұлтанов облыс әкімі болып тағайындалысымен өзінің алдағы қызметінің басым бағыттары етіп ұстанатындығын айтқан болатын. Бірақ, өткен күздегі ауа райы өте қолайсыз болғандықтан, астық сапасы төмендеп, егіннің едәуір бөлігі қар астында қалғандығы ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің еңбекақысын елеулі мөлшерде көтеруге мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан, өңірдегі орташа еңбекақы бұрнағы жылғымен салыстырғанда 7,5 пайызға өсіріліп, 79,7 мың теңгені құрады. Ал биылғы жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 85,3 мың теңгеге жетті.
Жол саласының тәжірибелі маманы болып саналатын облыс әкімі Қызылжардың жергілікті маңыдағы шұрқ тесік жолдарын жөндеуге құны арзан, сапасы жоғары жаңа технологияларды енгізді. Соның нәтижесінде былтыр 290 шақырымдай жол қалпына келтірілді. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сөйтіп, өткен жылы 250 мыңнан астам тұрғыны бар 300-ден астам елді мекенді жалғастыратын жолдардың жағдайы біршама жақсартылды. Облысішілік жолдарды қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарының қарқыны биыл үдетіле түсті.
Ерік Хамзаұлының спортқа бүйрегі бұрып тұратындығын өткен ғасырдың аяғында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жүрген кезінде байқағанбыз. Сол әдетінен жаңылмаған екен – өңірдің басшылық тізгінін қолына алысымен кейінгі жылдары Премьер-лигадан шығып қалған жергілікті футбол клубының мүшкіл халін білді. Сосын оның бір кездегі ел чемпионы бола жаздап, екінші орынды еншілеген тұсында дүрілдеген даңқын қайтару амалдарын қарастырды. Нәтижесі айтарлықтай: биылғы футбол маусымының бірінші кезеңін «Қызыл-Жар СҚ» командасы өте сәтті аяқтап, топ жарды. Демек, келесі жылы қызылжарлық футболшылардың Премьер-лигаға қайтып оралулары ғажап емес.
Петропавлда жергілікті спорт-сүйгіш қауым бірнеше жылдан бері сұрап жүрген мұз айдыны бар Спорт сарайын салу ісі де былтыр облыс әкімінің тегеурінімен тиянақты қолға алынып, екпінді құрылыс ретінде жедел бой көтерді. Ол биыл күзде толық аяқталып, пайдалануға берілуге тиісті. Жас ұрпақтың көзайымына айналатын маңызды нысанға еліміздің Лондон Олимпиадасындағы жарқын жеңісінің ақ-жолтайы бола білген атақты велошабандоз жерлесіміз Александр Винокуровтың есімін беру ұйғарылып отыр. Облыс әкімінің бастамасымен Петропавлда хоккей командасы да құрылды. Ал спорт мамандарын даярлау мақсатымен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде «Спорт жаттықтырушысы» мамандығы енгізіліп, оған түскен 50 студент тегін білім алып жүр. Олардың арасындағы үздік нәтижелерге жеткен 20 студентке облыс әкімінің қосымша шәкіртақысы тағайындалды. Бұған қоса, өңір басшысының бұқаралық спортты кеңінен өрістетуге көмектесу қажеттігі жөніндегі үндеуіне үн қосқан облыстағы екінші деңгейлі банктердің филиалдары Петропавл қаласындағы көпқабатты үйлердің аулаларында 15 шағын футбол алаңын салып берді.
Қазір облыс орталығының қай тұсында болсын мойындары керіктей қылқиған құрылыс крандары «мен мұндалап» тұр. Жаңа тұрғын үйлер мен қонақүйлерге қоса, 200 мыңдай ғана тұрғыны бар шағын шаһарда 6 балабақша жарыса бой көтеру үстінде. Мұншама мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері Петропавлда бұған дейін ешқашан бір жыл ішінде салынып көрген емес. Қаладағы балабақшаға орналасу кезегінде 11 мыңнан астам бүлдіршін тұрғанын, мұның өзі қалалықтардың «бас ауруына» айналғанын анықтап білген облыс әкімі бұл проблеманы шешуге өзі тікелей ұйытқы болды. Өңір басшысы биылғы жылға белгілеген меже – жаңадан жалпы көлемі 1500 орындық балабақшалар ашу. Бұл осынша отбасы өз сәбилерін балалық шақтың думанды ордасына жайғастырып, олармен бірге өздері де шаттыққа бөленеді деген сөз. Осы игі іске мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік бойынша жергілікті кәсіпкерлер тартылып, олардың өз бизнестерінің аясын кеңейте түсулеріне барынша мүмкіндік туғызылды.
Облысымыздың мәдени-рухани өмірінде де соны леп пайда болғаны сезіледі. «Бәрін кадрлар шешетіндігін» ескерсек, бұл орайдағы ең басты жаңалық ретінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасын басқарып жүргенімен, шынын айтқанда, осы саланың иісі мұрнына онша бара қоймайтын агроном азамат қызметінен босатылып, өзіне лайықты басқа жұмысқа ауыстырылғанын айтқан жөн. Оның орнына мәдениет саласының майталман маманы тағайындалды. Тағы бір айта кетерлік жайт – биыл ІІІ «Мағжан көктемі» республикалық өнер фестивалі бұрынғы жылдардағыдай кешеуілдетілмей, «Жыр пайғамбары» атанған жерлес ақынның нақ туған күні – 25 маусымда өткізілді. Сондай-ақ, Петропавлдың орталық көшесі – Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында орналасқан Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры мен облыстық қуыршақ театрының іші-сырты тозған ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге қыруар қаржы бөлінді. Ал осыдан он бес жыл бұрын Петропавлдың шет жағындағы бұрынғы энергетиктердің Мәдениет үйінің негізінде ашылған Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына барып-келу көрермендерге оңайға соқпай тұр. Оны қаланың орталығына көшіру керек-ақ. Жуырда қызмет бабымен облыс әкімімен жолығып, осы мәселе туралы да сөз қозғағанымызда Ерік Хамзаұлы: «Алдағы уақытта бұл мәселені де шешеміз», – деп қысқа қайырып, кесіп айтты. Сөзі мен ісінде алшақтық жоқ өңір басшысының оңтайы келген кезде Қызылжар қазақтарының көкейлерінде жүрген бұл арманды да жүзеге асыратынына еш күмәнданған жоқпыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: облысымыздың қай саласын болсын ілгері бастыратын талай құтты қадамдар жасалу үстінде. Олар біртіндеп, Қызылжар өңірінің өміріндегі игі өзгерістерге ұласып, жұрт көңілін жадыратып, шаттандыра түскендей.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
(«Қазақстан Заман» халықаралық қоғамдық-саяси газеті. 2015 жылғы 13 тамыз).
